Денсаулық

Коронавирус қандай сырқат?

С.ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты.

Коронавирус дерті адам баласында алғаш рет 1965 жылы байқалады. Ол 2002 жылға дейін адам мен жануарлардың өткір респираторлық сырқаттарын қоздырушы ретінде белгілі болғанымен, айрықша қауіпті вирустық инфекциялар қатарына жата қойған жоқ.

Коронавирустар Coronaviridae тұқымдастары ретіндегі топқа кіреді. Олардың өзі ғылым тілінде Orthocoronavirinae және Torovirinae болып бөлінеді.

Коронавирус атауы латынша «corona» сөзінен алынған, яғни бұл вирустың электронды микроскоппен зерттеу барысында король тәжіне ұқсастығын білдіреді.

Коронавирустың тасымалдаушылары — құстар мен сүтқоректілер, үй жануарлары, иттер, жарқанат, т.б. Бірақ зерттеулерге сүйенетін болсақ, ауру жұқтырған адамдардың көпшілігі жануарлармен байланыс болмағанын айтады. Яғни тұмаудың жұғу жолы тәрізді ауа арқылы адамнан адамға берілуі мүмкін. Инкубациялық кезең 2 күннен 14 күнге дейін созылады деп болжамдалуда.

Коронавирустар адамға жұққан кезде оның жоғарғы тыныс жолдарын тарылтып, жасы егде адамдар мен нәрестелердің, денсаулығы нашар сырқат жандардың жағдайын қиындата түседі, өкпенің қабынуына соқтырады.

Коронавирустар тудыратын инфекциялар маусымдық сипатқа ие, көбінесе қоңыржай климаты бар аймақтарда қысқы уақыттарда туындайды.

2019 жылдың желтоқсан айында Қытай Халық республикасының Ухань қаласында ауыр вирустық өкпе қабынуы жағдайы тіркелді. Осындай сырқаттарды тексеру барысында жаңа вирус табылды. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирусқа SARS-CoV2 (2019-nCoV) деген атау берді. Осы вирус нәтижесінде пайда болған ауру  COVID-19 деп аталды.

Инфекцияның алғашқы таратушысы жарқанат деп есептеледі, одан кейін адамға жұққан. Одан кейінгі кезеңдерде адамдар арасында бір-біріне жұғып, тарала бастады. Инкубациялық кезең 95 пайыз жағдайында әрі кеткенде 14 күн құрайды, сондықтан да 14 күндік карантин сақталады.

SARS-CoV2 вирусы негізінде сырқат адам түшкіргенде 1 метр радиус ауқымында ауа арқылы таралады. Бұл дерттің көп таралған белгілері дене температурасының көтерілуі, шаршағандық және құрғақ жөтел болып табылады. Кей адамдарда аталған белгілер байқалмауы да мүмкін. Адамдар көпшілігінде, шамамен 80 пайызында сырқаттан жазылып кетеді, бұл ретте арнаулы медициналық шаралар жасау талап етілмейді. Алты жағдайдың біреуінде тыныс алу жолдарында қиындықтар туындайды. Әсіресе, егде адамдар, қан қысымы жоғары, жүрек және сусақ аурулары бар жандар асқыну қаупіне шалдығады. Дене температурасы көтеріліп, жөтел пайда болғанда және тыныс алу қиындағанда дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.

Қолыңызды сабынмен немесе сумен жиі жуып тұрыңыз, спирт негізіндегі қолға арналған дезинфекция құралын қолданыңыз. Жуылмаған қолды көзіңізге, мұрныңызға және аузыңызға жақындатпаңыз. Науқас адамдармен байланыстан қашыңыз. Жөтелген немесе түшкірген кезде бетіңізді майлықпен жауып, содан кейін оны қоқысқа тастаңыз. Сіз үнемі байланыста болатын құралдар мен үстіңгі қабатты тазартып, дезинфекция жасап тұрыңыз.

Қазіргі уақытта бұл инфекцияның алдын алатын екпе жоқ. Қажетті дәрі-дәрмектер енді сынақтан өткізіле бастады.

Сол себепті аурудың алдын алудың ең тиімді жолы — оның әсер етуін болдырмау. Басқа қауіпсіздік шаралары өзге де респираторлық аурулардыкімен бірдей.

Ең бастысы, адамдармен қарым-қатынаста қашықтықты сақтаңыз. Дұрысы, қазіргідей жағдайда үйден шықпау. Сонда ғана аурудың алдын алуға, таралымын шектеуге мүмкіндік туады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button