Денсаулық

Екпенің сапасын кім тексереді?

Қазір балаларға салынатын екпеге қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Жұртшылықтың бірі қолдаса, екіншісі сапасына күмән келтіреді. Жалпы біздің еліміз екпені қайдан алады? Сапасын кім тексереді? Екпеден кейін бала неге ауырады? Осы сұрақтарды облыстың бас инфекционист дәрігері, гепатолог, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Мейрамбек Құрманғазинге қойдық. Білікті дәрігер екпеге қатысты біраз жайды айтып берді.

Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – екпе. Бірақ қазір екпенің  сапасына қатысты күмән көп. Былтыр туберкулезге қарсы екпе кейін қайтарылып алынды.

— Рас. Былтыр «Japan BCG Laboratory» өндіруші зауыты туберкулезге қарсы вакцинаны 35 елден кері қайтарды. Вакцина шығарушы ел — Жапония компьютерлік тексерулер, яғни екпені әзірлеу кезінде белгілі бір сериясынан ақауды байқайды. Дереу екпе жіберген елдерге хабарлап, сол серияны тоқтатуды сұрайды. Оның ішінде біздің елімізде бар. Осыдан соң жапондықтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшыларын шақырды. Вакцинаны тексеруден өткізді. Нәтижесінде сарапшылар ақаудың техникалық кемшілік екенін анықтады. Жапония екпе салынып кеткен балалардың жағдайын, қандай жағымсыз әсері болғанын сұрады. Біз оларға есеп бердік. Екпе алған балалардың барлығын бақыладық. Ешқандай кері әсері байқалмады. Жапон елінің бұл іске асқан жауапкершілікпен қарап, бірден хабар беруі бізді қуантты. Егер олар ақауды жасырып қалса, бүкіл ел зардап шегер еді.

Осыдан кейін екпеге қатысты күдік көбейгені белгілі. Бұл жағдай тағы бір өзге елде де қайталануы мүмкін ғой. Ал олар жасырып қалса қайтеміз? Жалпы елімізге келетін екпенің сапасы қалай тексеріледі?

— Осыдан жиырма жыл бұрын елімізде сапасы нашар вакцинаны пайдаланған уақыттар болды. Себебі мемлекеттің экономикалық жағдайы мәз емес еді. Қай салада да бір ізге түсе алмай, қиындықтарды бастан кешіп жатқан кезең болатын. Оның ішінде медицина саласында атқарылатын жұмыстар көп болды. Дәрі-дәрмекті қай елден аламыз, баға мен сапа мәселесі қандай? Осы шаруалардың барлығы бір ретке келу үшін біраз уақыт керек еді. Қиын кезеңдерді бастан өткердік. Кемшіліктер болды. Бұл вакцина мәселесіне де қатысты еді. Кейін мемлекет осы салаға ерекше назар аударды. Қазір Үкіметте сырттан келетін дәрі-дәрмектердің сапасын қадағалайтын комиссия жұмыс істейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабына сай келетін зертхана, яғни референс лаборатория бар. Өзге елден келетін дәрі-дәрмектердің барлығы тексеруден өтеді. Мәселен, қазір Ақтөбеде коронавирус инфекциясының сынамасы  зертханада тексеріледі. Біз оның нәтижесін біле тұра қайта тексеруден өткізу үшін Нұр-Сұлтанға жібереміз. Бұл да сол секілді, біз екпені қайта тексереміз.

Ал әлгі Жапониядан алынған вакцина да тексеруден өтті. Зауыт ақауды өздерінен байқаған, яғни белгілі бір сериясынан күдіктенген. Бұл техникалық ақау вакцинаның құтысына қатысты немесе сыртындағы ақау болуы мүмкін. Бұл кемшілік оның сапасына қатысты емес.

— Қазір кез келген мекеме талап бойынша қажетті дүниені тендер жүйесі арқылы сатып алады. Бұл сапасы нашар, арзан екпені қолдануға әкеліп соқпай ма?

— Осыдан бес-алты жыл бұрын облыстық денсаулық сақтау басқармасы бір фирмамен екі жыл соттасты. Тендер жүйесі бойынша арзан бағаны көрсеткен фирманың өнімін алуымыз керек еді. Бірақ әлгі фирманың ұсынған екпесінің сапасы көңілімізден шықпады. Ал біз алмақ болған екпе қымбат, бірақ сапасы жақсы еді. Өндіруші фирма өнім сапасы бойынша барлық жауапкершілікті мойнына алатын болды. Бұлардың бұл салада отыз жылдық тәжірибесі бар екені және мәлім. Алайда арзан өнім ұсынушы фирма өнімінен бас тартқан соң, заңға жүгінді, қулық жасады. Бірақ басқарма жеңіп шықты. Дамыған отыз елдің қатарына кіретін ел, ең алдымен, сапалы дүниені тұтынуға тырысады. Бұл медицина саласына тікелей қатысты. Тендер жүйесі бойынша өзге дәрі-дәрмектер алынуы мүмкін. Бірақ бұның вакцинаға қатысы жоқ. Қазір еліміз екпені  Жапония, Франция секілді сапалы өнім шығаратын елдерден сатып алады. Бұған мемлекеттің күші жетеді.

«Екпе алғаннан кейін баламыз ауырып қалды» деп шағым айтатындар көп. Себеп неде?

— Екпе салуға  әрбір ата-ана мен медбике үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Мәселен, екпенің салатын күні болады. Сол уақытта медбике өзіне келген науқастардың ішінде тұмау немесе жұқпалы вирустық инфекциямен ауырып отырғандардың бар екенін білсе, ата-анаға хабарлап, екпені кейінге шегергені дұрыс, адам аз келетін уақытқа жоспарлағаны абзал. Себебі екпе алған бала ауру жұқтырып, кейін баланың науқастануына әкеліп соғуы мүмкін. Медицинада латентті кезең, яғни «жасырын кезең» деген термин бар. Мәселен, бір адам жұқпалы гепатитпен ауыратын науқаспен кездесіп, вирус жұқтырды делік. Бірақ ол бірден ауырмайды. Бір апта немесе екі аптадан кейін науқастануы мүмкін. Осы уақытты медицинада латентті кезең деп атайды, яғни инфекция «ұйқыда» жатады. Балаларына екпе салдыратын ата-аналар осы жағдайды ескеруі керек. Екпеге дейін бала ауырмауы тиіс. Оның отбасы мүшелері де тұмау немесе өзге жұқпалы аурулармен ауырмауы керек. Ата-ана осы жағдайды мықтап ескеруі қажет. Себебі бала инфекция жұқтырса, ол екпемен қабаттасып, өршіп кетуі мүмкін. Қарапайым тілмен түсіндірер болсам, екпе баланың организміндегі иммундық жүйені қайнатады, яғни оның ауруға қарсы тұру күшін көтереді. Осы кезде «ұйқыдағы» аурулар «оянып» кетуі мүмкін. Бұндай жағдайлар кездесті. Кейбір ата-аналар баласының қызуы көтеріліп ауырғаннан кейін, екі-үш күн өтпей екпеге әкеледі. Бұлай етуге мүлде болмайды. Екпені тек дені сау балаға салады. Ауырып тұрған балаға екпе салдыруға болмайды.

Екпеден кейін балада әртүрлі реакция болады. Ине салған жер қышып, ісініп кетуі мүмкін. Сондықтан екпеден соң баланы екі-үш күнге дейін жуындырмау керек. Сонымен бірге қызу көтерілуі мүмкін. Бұл қалыпты құбылыс, бұдан қорқудың қажеті жоқ. Температура тым жоғарылап бара жатса, қызу басатын дәрілерді беруге болады.

Жалпы баланың дені сау болып өмірге келуі ата-анасына байланысты. Егер анасында қаназдық ауруы болса, жұқпалы жыныстық аурумен ауырған болса, ол баласына беріледі. Әрине, бала жұқпалы аурумен ауырмауы мүмкін. Бірақ оның денесінде «ұйқыдағы» инфекция бар. Сондықтан әрбір ата-ана жүктілікті жоспарлауы тиіс.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button