Білім

Жаңа формат. Алғашқы күндер

Тікелей эфир

Қашықтан білім берудің жай-күйі қалай? Жаңа форматтағы білім беру жүйесіне көшуге мектептеріміз қаншалықты дайын болды? Бұл туралы  облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Бұлбұл Күзембаева, облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменовтің қатысуымен «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында өткен «Індет пен міндет» бағдарламасында айтылды. Тікелей эфирде көрсетілген бағдарлама әлеуметтік желілер арқылы да таратылып, @Aqtobe_press әлеуметтік парақшасынан да қойылған сауалдарға жауап берілді.

Министрлік тарапынан қашықтан оқытудың 4 әдісі ұсынылған болатын. Біздің облыстың мектептері соның екі тәсілін қолға алып, қазір сол бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біріншісі — сабақты интернет платформалары арқылы өткізу болса, екіншісі — Балапан» мен «Еларна» телеарналары арқылы берілетін бейнесабақтардың көмегімен өткізу.

Оқу тоқсаны басталған бірінші күні қиындықтар болды. Мәселелердің дені балалардың телеарналардағы сабақ кестесін шатастыруына байланысты болған-ды. Сабақ басталғанына, міне, бүгін үшінші күн. Күрделі мәселелер туындап жатқан жоқ.Облыста 402 мектеп бар. Осы мектептің басшыларымен тығыз байланыста жұмыс жасап жатырмыз. Педагогтердің жұмысы бірнеше есеге көбейіп отыр. Олар әр баламен жеке-жеке жұмыс жасайды.125 ауылдық мектеп дәстүрлі оқу процесіне көшуі жоспарланған-ды. Дегенмен олар да қашықтан оқуға көшті. Бұл мектептерде кері байланыс үшін курьерлік қызмет пайдаланылып жатыр. Облыстық білім басқармасының жанынан ютуб каналын аштық. Онда осы аптадағы барлық негізгі пәндер бойынша бейнесабақтар бар, — деді Ләззат Оразбаева.

Тікелей эфир барысында Бұлбұл Күзембаева да қашықтан оқу процесін ұйымдастырудағы жұмыстар туралы өз ойын айтты.

Ең бастысы, министрлік тарапынан осы жұмысты ұйымдастыру мақсатында нақты нормативтік құжаттар жасалып, бекітіліп берілді. Бұйрықтар, әдістемелік нұсқаулықтар барлық мектептерге таратылды.

Біздің облыста дәстүрлі оқу процесімен жұмыс жасайтын мектептер жоқ. Бұл оқушыларымыздың өмір қауіпсіздігі толық сақталғандығын білдіреді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтеріміздің өз қызметтерін жақсы білетіндігін айтып, олардың жұмысты адал атқаратынына үлкен сенім білдіріп отыр. Министрліктің №135 бұйрығы шықты. Соған сәйкес қашықтан оқу процесін ұйымдастыру кезінде құзырлы мекемелерге мектептерден, мұғалімдерден есептер сұрап, тексеру жұмыстарын жүргізуге тыйым салынып отыр. Бұл тыйым неге қажет? Жаңа форматта жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері, қиындықтары бар. Сол себепті педагогтерге жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың алаңсыз жұмыс жасауына жағдай жасауымыз керек. Талап бұзылған жағдайда тиісті шаралар қолданылады. Мұғалімдерден есеп сұрап, жұмыстарын тексерген жағдайлар болса, 8-747-250-38-50 нөмірлі Whatsapp әлеуметтік желісіне хабарласуларыңызға болады.

Дегенмен мұғалімдеріміз «бақылау жоқ екен» деп жұмысқа салғырт қарауларына болмайды. Әр педагог ең бірінші бақылаушы — бала екенін естен шығармағаны дұрыс. Бастауыш сыныптағы баладан бастап барлық оқушы мұғалім өзін қалай ұстағанын, жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін қадағалап, сарапқа салып отырады. Олармен бірге жұмыс жасап отырған ата-аналар бар. Сол себепті педагогтеріміз өздерінің иммиджін сақтап, сабақтарын жоғары деңгейде жүргізетіндеріне сенім білдіреміз, — деді Бұлбұл Күзембаева.

Министрлік, мектеп тарапынан бекітілген арнайы оқу кестесі жоқ. Әр мектеп мұны өздері ыңғайлап жасайды. Бұл да министр тапсырмасы. Оқушыны тапсырмаларды берілген сәтте, болмаса сол күні орындауға ата-ана да, педагог те мәжбүрлемеуі керек. Тапсырманы орындау үшін бала психологиялық қысымға ұшырамауы тиіс.

Жалпы облыс бойынша 926 педагогке және 7 мыңға жуық балаға мектептердегі компьютерлер таратылып берілген. Қосымша тағы да компьютерлер алынады. Курьерлік қызмет аудан мен облыс орталықтарынан шалғай жатқан, интернет желісі жоқ ауылдардағы 80-100 баласы бар кейбір мектептердің ғана басындағы жағдай емес екен. Ақтөбе қаласындағы кейбір мектептерде де курьерлік қызмет ұйымдастырылыпты.

Наурыз  айының аяғында жүргізілген есеп бойынша 1700 оқушыда компьютер де, смартфон да, планшет те жоқ екені анықталды. Содан балаларға мектептегі компьютерлерді таратып бердік. Қазіргі уақытта мектептердегі 3800 компьютер педагогтер мен оқушыларға таратылды. Сол себепті компьютерге қатысты мәселе жоқ. Үйлерінде интернеті жоқ балалар үшін курьерлік қызмет ұйымдастырылып отыр. Мұндай мектептердің саны — 15. Үй тапсырмаларын курьерлер тасымалдайды, —деді Саян Сүлейменов.

Тікелей эфир барысында Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданының тұрғыны хабарласып, ондағы біраз үйде интернет желісі жүргізілмегенін, соның салдарынан кейбір балалардың туыстарының үйінде сабаққа әзірленулеріне тура келгенін айтты. Облыстық білім басқармасының басшысы сауал қойған ата-ананың балалары аталған шағын аудандағы №63 және №64 мектептерде оқитын болса, онда олар үшін курьерлік қызмет ұйымдастырылатынын жеткізді.

Көктемгі каникул кезінде ауыл, аудан, қалаларға кетіп қалған 1000-нан астам бала бар екен. Сондай-ақ көршілес Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан Ақтөбеге қыдырып келіп, төтенше жағдайдағы шектеу режиміне байланысты осында қалып қойған оқушылар да жетерлік. Ләззат Оразбаева бұл балалардың барлығы да назардан тыс қалмайтынына, оларға білім берілетініне сендірді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button