Экономика

Облыста екі айға жететін азық-түлік қоры бар

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин мәлімдеді.

Әлеуметтік желінің тікелей эфирі арқылы өткен брифинг кезінде А.Бердалин:

Биыл 3 сәуірде Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бөлшек бағаларын бекіту туралы бірлескен бұйрығы бекітілді. Осы құжатта 9 ұстаным белгіленген. Оның ішінде бірінші сұрыптағы бидай ұны, бидайдың осы түрінен пісірілген нан, қарақұмық, күріш, өсімдік майы, сиыр еті, бірінші және екінші санаттағы тауық жұмыртқасы бар. Қазіргі күні азық-түлік тауарларын бөлшек саудада  сатушылардың назарына бұл құжат таныстырылып жатыр. Егер олар аталған тауарларды бекітілген бағадан көтеріп сататын болса, онда 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 265 мың теңге шамасында айыппұл төлейтін болады. Мұндай жағдай тағы да қайталанатын болса, онда 200 айлық есептік көлемінде айыппұл салынады, — деді ол.

Өз сөзінде ол кейбір тауарлардың қаптамасына байланысты оның бағасында айырмашылық болатынын түсіндірді. Мәселен, Ақтөбедегі «Айс» ЖШС өндіретін сүт өнімдері тетрақорапта және полипропилен құтыда сатылады. Қораптағы сүтке қарағанда полипропилен ыдыстағы  өнімнің бағасында сәл айырмашылық болады. — Полипропилен — биржалық материал. Мұндай материал Ресейден сатып алынады. Осы тауардың қымбаттауына байланысты 6 наурыздан бастап осындай материалдан жасалған ыдыстағы сүттің бағасы 20 теңгеге өсті. Қазір бұл ыдыстағы сүттің құны — 325 теңге. Әлеуметтік маңыздағы тауарлардың ішінде біз финпакеттегі сүтті айтамыз. Бүгінде оның бағасы — 245 теңге. Бұл өнімнің бағасы былтыр маусымнан бері өзгерген жоқ. Қазір дүкендерде финпакетте сатылатын айранның бағасы — 265 теңге.  Қандай ыдыста болмасын, өнімнің құрамы бірдей болады, тек оның бағасындағы өзгерістер осындай жағдайларға байланысты туындайды. Жұмыртқаның бағасы да солай. Қазір Ақтөбеде өндірілетін бұл тауардың бағасы 326 теңгеге саудаланып жатыр. Бұл — оның сыртындағы ыдысына байланысты қойылған баға. Алайда 263 теңгенің жұмыртқасы да бар. Ол үшін бұл тауарды өзіңіз бір реттік пайдаланатын пакеттерге салуға тура келеді, — деді Аманғали Бердалин.

Қазіргі күні жергілікті биліктегілер аймақта әлеуметтік маңыздағы азық-түлік бағасына күн сайын мониторинг жасап, бақылау жүргізеді. Егер бағаның өсуіне негізсіз жол берілсе, онда облыстық бәсекелестікті дамыту және қорғау департаментінің 71-02-53 телефонына хабарласуға болады.

Брифингте А.Бердалин қазіргі таңда облыстың тұрақтандыру қорында екі айға жететін азық-түлік қоры барын айтты. Сондай-ақ ол 15 сәуірден бастап аймаққа Түркістан өңірінен жаңа көкөніс өнімдерін жеткізуге жағдай жасалатынын, соған сәйкес қазіргі күні 41-разъездегі көтерме базарды санитарлық талапқа сәйкестендіру шаралары қолға алынып жатқанын тілге тиек етті.

Тікелей эфир барысында «Анвар» және «Дина» супермаркеттерінің басшылары да төтенше жағдай кезінде сауда орындарындағы іс-шараларға байланысты оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button