Басты жаңалықтарДенсаулық

Дәрігерлер індет аяқталған соң ғана үйіне қайтады

Коронавирус жұқтырған науқастарды емдеп және олармен қарым-қатынаста болған, оқшауланған азаматтарға медициналық көмек көрсетіп жатқан дәрігерлердің өз үйлеріне бармағандарына жиырма күнге жуықтады. Олар індет аяқталып және 14 күн карантинге жатқан соң ғана өз отбасы мүшелерімен қауыша алады. Ал қазір дәрігерлердің жағдайы қалай? Науқастармен қалай жұмыс жасап жатыр?  Бұл туралы облыстың бас инфекционист дәрігері, гепатолог, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Мейрамбек Құрманғазиннен сұрап білдік.

«15 күн ауруханадан шықпадық»

Ақтөбеде індет жұқтырған алғашқы науқас тіркелгеннен бері отбасын көрмеген дәрігерлердің бірі —Мейрамбек Құрманғазин. Дәрігер отбасы мүшелерімен тек телефон арқылы сөйлеседі. Немерелерімен бейнебайланысқа шығады.

  • Алғашқы науқас тіркелгеннен кейін оны емдеуші дәрігерлердің барлығы ауруханадан шыққан жоқ. Он бес күн өткеннен кейін ғана олар сыртқа шықты. Онда да үйлеріне барған жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы орын бөлді. Сол жерде екі күн тынығады. Кейін кезекпен жұмыс жасай береді. Облыста індет аяқталып, соңғы науқасты ауруханадан шығарғаннан кейін, дәрігерлер он төрт күн карантинде болады. Содан соң ғана отбасымен қауышады. Ал індеттің қанша уақытқа созылатынын білмейміз. Қазір коронавирус жұқтырғандарды отызға жуық дәрігер емдеп жатыр. Жалпы науқастар мен оқшауланған азаматтарға медициналық қызмет көрсетушілердің ішінде тәжірибелі мамандардан бөлек, жастар да бар. Бұл — олар үшін сынақ. Жақында бір жас маман хабарласты. Үйіне бармай, жалғыз өзі пәтер жалдап тұрған. Үй иесі дәрігер екенін біліп, шығарып жіберіпті. Қайда барарын білмей, менен көмек сұрады. Аурухананың ішіндегі оқшауланған бөлмеге орналастырдық. Қазір осы мәселені облыстық денсаулық сақтау басқармасы шешті. Жалғыз өзі тұратындар үйлеріне барады, ал өзгелері басқарма бөлген арнайы орында жатады, — дейді Мейрамбек Құрманғазин.

Дәрігерлер науқасқа обаға қарсы киетін арнайы киіммен көмек көрсетеді. Санитарлық талаптар қатаң сақталған.

Жатақхана жайы түсіндірілді

Мейрамбек Құрманғазин оқшауланған азаматтарға көмек көрсетуде түрлі қиындықтардың болғанын айтады. Әсіресе, екі қабатты коттеджде тұрып, шетелде демалып келгендер оқу орындарының жатақханаларын менсінбей, сын айтады екен. Мәселен, қазір карантинде жатқандар М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен М.Мәметова атындағы Ақтөбе медициналық колледжінің жатақханаларында жатыр. Оларға үш мезгіл тамақ беріледі.

  • Медициналық колледждің жатақханасының іші көкпен сырланған. Сырт елде демалып келгендердің «неге көкпен бояғансыңдар, ақпен боямайсыңдар ма?», «неге бір адамға бір бөлме емес, дәретхана неге ортақ?», «мына тамақтың майы көп, ішпеймін» деген секілді түрлі шағым айтқандары болды. Оларға,ортамызда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев бар, барлығымыз  түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, — дейді бас инфекционист.

Науқаспен тығыз байланыста болған бір әйел «Айгерім» емханасына барып УДЗ аппаратына түседі. Дәрігерлер клиниканың мамандарын түгел оқшаулайды. Ал науқасты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жаңа жатақханасына орналастырады. Іші мұнтаздай таза, заманауи үлгіде салынған жатақхананың соңғы қабатында ыстық су тоқтап қалады. Наразылық пайда болады.

  • Мына жайды сараптайық. УДЗ аппаратына түскен әйел кезекті тексерілу үшін барған, яғни шұғыл жағдай емес. Осыны біле тұра, клиника науқастарды қабылдаған. Ал қазір қалада емханалардың қандай режимде жұмыс жасап жатқанын олар жақсы біледі. Соған қарамастан, қабылдау жүргізген. Кім кінәлі? Ал ыстық су мәселесіне келсек, әрине, техникалық ақаулар болады. Бірақ бұндай жағдайда сабырлық керек. Осындай қарапайым дүниелерді түсіндіріп айтуға тура келді. Бұның барлығы уақытша қиындық. Сондықтан оқшауланған азаматтар шыдауы  керек. Басты мақсат — індеттің алдын алу. Тәртіп болмаса, ешкім бақыламаса, жағдайдың қалай боларын бәріміз жақсы түсінеміз, — дейді дәрігер.

Дәм мен иісті сезбеген, асқазаны ауырған…

Облыстық жұқпалы аурулар  аурухансында індет жұқтырған науқастарды дәрігерлер күні-түні бақылап отыр. Оның ішінде екі адам пневмонияға шалдыққан. Індеттің белгілері қарапайым тұмауға ұқсас болғандықтан, көпшілігі мән бермейді. Алайда  кейбір науқастарда тұмаудың белгілерінен бөлек ауырсынулар байқалған. Бірінің іші өтсе, бірінің асқазаны ауырған. Кейбірі дәм, иіс сезбейтінін айтқан.

—Облыста індет жеңіл өтіп жатыр. Егер ауыр түрде өтсе, адамдардың тыныс алуы қиындайды, бронх демікпесіне шалдығады. Бұндай кезде аппарат арқылы ғана тыныс алады. Қазір аппаратқа таңылған науқас жоқ. Бірақ сақтық шараларын жасап қойдық. Жалпы науқастардың жағдайы қалыпты. Тағы бір айта кететін нәрсе, коронавирустың инкубациялық кезеңі екі күннен бастап он төрт күнге дейінгі аралықта болады. Сынама нәтижесі вирусты бірден көрсетпеуі мүмкін. Кейбір адамдар «сынама тапсырдым, неге шығармайсыздар?» деп ашуланады,—дейді Мейрамбек Құрманғазин.

P.S. Бұл — уақытша қиындық. Сынақта сабыр сақтап, шыдамдылық танытсақ қана індетті жеңеміз. Облыстың бас инфекционисі тұрғындарға үйден шықпай, барлық санитарлық талаптарды орындау қажеттігін тағы бір мәрте ескертті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button