Жаңалықтар

Дезинфекция дерттің алдын алады

Көптің көңілін күпті қылған COVID-19 вирусы түшкіру, жөтелу арқылы жұғып қана қоймайды. Жұқтырған адамнан тараған инфекция ауада қалықтап тұрмай жерге қонады. Ашық алаңдағы орындықтарда, ағаштарда бірнеше күн тұрақтап, жүздеген адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Бұл індеттің еліміздің барлық өңіріне таралуы денсаулық сақтау саласы мамандарын, әскери бөлімше қызметкерлерімен қатар санитарларды да сергелдеңге түсірді.

Төтенше жағдай жарияланғаннан бастап санитарлық мекемелердің жұмыс екпіні күшейе  бастады. Біздің өңірде де тұрғындардың қауіпсіздігі үшін дезинфекторлар бекітілгені белгілі және облыс әкімінің тапсырмасымен 16 наурыздан бастап дереу іске кірісті. Сол кезден бастап қала ішіндегі орталық көшелер, саябақтар, жаяу жүргіншілер жолы үздіксіз дезинфекцияланып келеді. Кейін қаланың әр шетінде блок-бекеттерден өтетін көліктер, аялдамалар мен автобустардағы сақтық шаралары күшейтілді.

Төтенше жағдай кезінде дезинфекция жұмыстарын жүргізетін мамандар 7 магистралдық блок-бекеттерде жұмыс атқарып жатыр. Әр блок-бекет, ондағы әскери, полиция, медицина және санитарлық қызметкерлерінің жеке құрамы коронавирусқа қарсы препараттармен, қорғаныш және дезинфекция құралдарымен жабдықталған. Оның ішінде ранцтік-моторлық, аэрозольдік бүріккіштер, гидропульттер, ДУК автокөліктері бар. Көліктерге дезбарьер жасауға 2 адам жауапты. Қала аумағына кіріп шығатын транзиттік көліктердің, рейстік автобустардың және жеке көліктердің құжаттары тексеріліп,  дезинфекция жүргізіледі. Күніне екі рет қала ішіндегі аялдамаларға, әр рейс сайын автобустарға тазалық жасау назардан тыс қалған жоқ.

Күндізгі уақытта бекітілген кесте бойынша санитарлар залалсыздандыру аппараттарымен қызмет атқарса, түнгі уақытта дезинфекция жасау техниканың күшін қажет етеді. Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, автобустар қала аумағында белгіленген картаға сәйкес тұрғындарға 424 аялдама бойынша қызмет көрсетеді. Сонымен қатар санитарлық мамандар көпқабатты тұрғын үйден вирус жұқтырған адам анықталса, сол нысанға жақын орналасқан тұрғын үйлерді, ал  облыстағы ұлттық экспертиза орталығы мекемесінің қызметкерлері подъездерді залалсыздандырады. Негізі жеке және көпқабатты тұрғын үйлерге дезинфекция жасау санитарлардың міндетіне кірмейді. Аталмыш нысандарда коммуналдық қызметтерге жауапты пәтер иелері кооперативтері тұрғындардың келісімімен ғана тазалық жұмыстарын жүргізе алады.

Облыстың әр шетіне орнатылған блок-бекеттерде көлік қатынасы толастамайтындықтан, қазір дезинфекция жұмыстарымен айналысатындардың саны артқан. Бастапқы уақытта 48 адам болса, қазір тұрғын үйлер, аялдамалар, автобустар, жаяу жүргіншілер жолымен қоса ашық алаңдарға, саябақтарға дезинфекция жасауға 100-ден аса қызметкер тартылған. Олардың қатарына дезинфекторлар, эпидемиолог-дәрігерлер, жұмысшылар кіреді.

Облыстадезинфекция шараларына қажетті препараттармен отандық өнім шығаратын «Сплендор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Фарзокорп» шағын цехы қамтып отыр.  «Сплендор» компаниясы тауар нарығына шығаратын «Септолиз Универсалдың» көмегімен инфекциялық ауруға қарсы профилактикалық  емдеу нысандары, теміржол пункттері мен транспорт түрлері, білім беру мекемелері, қоғамдық тамақтану орталықтары, қоқыс орындары дезинфецияланады. Тазалық бұйымы қазіргі уақытта санитарлық мамандардың сұранысына ие. Аталмыш мердігер ұжымдар «Здоровое поколение» жеке медициналық мекемесі, облыстық «Дезинфекция» бірлестігі, «Теміржол дезинфекция» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Дезинфекция» медициналық мекемелерімен келісімшарт жасаған.

Қала аумағында «ПАТП» және «Автопарк» компанияларына тиесілі 374 қоғамдық көлікке дезинфекция жүргізіледі. Ашық алаңдардағы дезинфекциялау шаралары Әбілқайыр хан даңғылы, Абай және Әлия Молдағұлова даңғылы, Тургенев, ағайынды Жұбановтар көшелеріндегі скверлер мен жаяу жүргіншілер жолына жасалып басталған.

Дезинфекторлардың жұмысына ауа райының қолайсыздығы да кедергі келтіретінін айта кеткен жөн. Жаңбырлы күндері көшелерді залалсыздандыру жұмыстары тоқтатылады.  Облыстағы дезинфекция саласы мамандарының айтуынша, Самара-Шымкент тасжолы, Қурайлы, Белогорка, Маржанбұлақ елдімекендері бағыттарында транзиттік жүк көліктері мен рейстік автобустардың блок-бекеттен өтуі басымырақ. Мұнда полиция қызметкерлері дезинфекциялаудан өткен жүк көліктерін топтастырып, қала сыртындағы айналма жолдар арқылы өтуін қадағалап отырады. Аталмыш блок-бекеттерде қала аумағына кіретін азаматтардың дене қызуын өлшеуге арналған құрылғылар мен залалсыздандыру құралдары жеткілікті түрде жұмыс жасап жатыр. Ерекше тәртіп режиміне байланысты блок-бекеттерге бекітілген қызметкерлер тәулік бойы тұрғындар қауіпсіздігі үшін жұмыс жасауда. 6 сәуірден бастап халықтың өмір сүруінің ерекше жағдайлары бар карантин енгізілгені мәлім. Бұдан кейін блок-бекеттерде дезинфекциялық тосқауылдар қойылады. Тиісінше санитарларға артылған жауапкершілік жүгі ауырлай түсті.

Қазір өңірде дезинфекция жұмыстарының қарқынды жүргізілуіне үлес қосып жүрген азаматтар барын айта кетейік. «Грант Адал» компаниясының директоры Арыстанбек Жұмабаев дезинфекция жұмыстарымен айналысатын мекемелерге демеушілік көрсетіп отыр. Серіктестік басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы департаментіне 1000 литр көлемінде «Хлоросепт» өнімін тегін ұсынды. Бұл сұйықтықпен аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолдары, автобустар дезинфекцияланды. Сонымен қатар жеке кәсіпкердің бастамасымен жаңа идея жүзеге асты. Хайдар Ильясов түркиялық тәжірибені негізге ала отырып, елімізде алғаш рет залалсыздандыру туннельдерін жасап шығарған болатын. Металл мен пластмассадан жасалған үйшік іспеттес туннель алдымен Ақтөбе қаласындағы гипермаркеттің алдына орнатылып, пилотты режимде іске қосылған-ды. Жаңа бастаманы көріп, қолдау көрсеткен өңір басшысы дереу қала әкімі Асхат Шахаровқа мұны халық көп шоғырланатын әлеуметтік нысандардың маңына орнатуды тапсырды. Бүгінгі күнізалалсыздандыру жүйесі қосылған туннельдерді «Анвар» гипермаркеті мен «Қоныс» спорт кешенінің алдынан, Қобдадағы тасжолда орналасқан блок-бекеттен, теміржол вокзалы мен 41-разьезд маңынан көруге болады. Сондай-ақ Мәртөк, Қобда аудандарынан, еліміздің басқа өңірлерінен тапсырыс берушілер де табылып жатыр. Вирус жұқтырғандармен күресіп жатқан жедел жәрдем мекемелеріне, қаладағы басқа бағыттағы блок-бекеттерге де туннельдер қойылмақ. Аталған дезинфекция құралын жасап шығару қаражатын кәсіпкер өз қалтасынан төлеген. Ал тапсырыс берушілер тек туннельді жасап шығаруға жұмсалатын шикізаттың құнын өтейді.

Қорыта айтсақ, өңірдегі дезинфекция мамандары міндеттерін тиісті деңгейде атқарып жатыр. Дертке шалдыққан науқастармен күресіп жатқан дәрігерлерден, блок-бекеттердегі қауіпсіздікті қадағалайтын МАИ және әскери қызметкерлерден кем түсіп жатқан жоқ. Сырт көз қашан да сыншы. Санитарлар өңірдегі жағдайға бейқамдық танытпай, тұрғындар қауіпсіздігі үшін қолдан келер көмектерін аянып қалмақ емес.

 Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button