Жаңалықтар

12 мыңнан астам ақтөбелік несие төлеуді тоқтатуға өтініш берді

Қазір облыстағы несиелік қарыздың көлемі  — 422,9 миллиард теңге. Оның ішінде заңды тұлғалардың қарызы 92,8 миллиард теңге болса, қалғаны — екінші деңгейлі банктер арқылы несие алған жеке тұлғалардың берешегі. Бүгінгі күні Ақтөбе облысы бойынша екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдары төлемдерді тоқтата тұруға жеке тұлғалардан 12 278 өтінім қабылдаған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде дағдарыстан зардап шеккен халықтың несиесін өтеуін тоқтата тұруды тапсырғаны белгілі. «Шағын және орта бизнеске айыппұлдар мен өсімпұлдар төлемей, салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің барлық түрін төлеуді 3 айға кейінге қалдыруды ұсыну қажет деп санаймын», — деді Президент.

Бүгінде бұл іс аймақта қалай жүзеге асырылып жатыр? Осы және өзге де мәселелер төңірегінде құзырлы органдарға хабарласып, жағдайды білуге тырысқан едік.

Елдегі төтенше жағдайға байланысты Президент шағын және орта бизнесті үш ай мерзімге салық және өзге де міндетті төлемдерден босату керек екенін айтты. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Мен банктер жағдайға түсіністік танытады деп ойлаймын», — деді. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қаржылық жағдайы нашарлағанда, олар кепілсіз несиелер үшін банктік емес сектордың көмегіне жүгінетінін, атап айтқанда, ломбардтарға барып, интернет-несие берушілер мен микроқаржылық компаниялардан ақша алуға мәжбүр болатынын айтты. Сондықтан ол: «Бұл ретте халықты алаяқтықтан сақтандырып, салада тәртіп орнатудың маңызы зор», — деді.

Біз «күшті дауылдың» куәсі болып отырмыз. Пандемия, мұнай супердержаваларының шайқасы және қор индекстерінің рекордтық төмендеуі соңғы жылдары жаһандық экономикалық жүйе теңгерімінің бұзылуына әкеп соқты, — деді Мемлекет басшысы.

Президент мұндай жағдайда бәсекеге қабілетті кәсіпкерлікке көмектесудің маңыздылығына да тоқталған еді.

Несиелік берешек мөлшері — 422,9 миллиард теңге

«Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі» республикалық мемлекеттік мекемесі Ақтөбе қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Жанар Айтбайдың айтуынша, бүгінде облыста екінші деңгейдегі банктердің 17 филиалы, олардың 81 бөлімшесі жұмыс жасайды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1 наурыздағы жағдай бойынша қазіргі таңда екінші деңгейдегі банктерде Ақтөбе облысындағы несиелік қарыздың мөлшері —  422,9 миллиард теңге. Оның ішінде заңды тұлғалардың қарызы 92,8 миллиард теңге болса, жеке тұлғалардың қарызы — 330,1 миллиард теңге.  Биыл қаңтар-ақпан айларында берілген несиелердің сомасы 59,2 миллиард теңгені құрады. Бұл қаражаттың 20,9 миллиард теңгесі заңды тұлғаларға, қалғаны жеке тұлғаларға несие қаражаты ретінде  берілген, — дейді Жанар Айтбай.

Басқарма басшысының айтуынша, ақтөбеліктердің басым бөлігі несие қаражатын ұлттық валютамен алған.

Қаулы мен қарыз

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін төтенше жағдайды енгізу кезеңінде халық пен кәсіпкерлікті қолдау бойынша бірқатар шаралар қабылдады. Президенттің 2020 жылғы 13 наурыздағы тапсырмасын орындау үшін агенттік басқармасы «Төтенше жағдай кезінде халыққа және кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету шаралары туралы» қаулы қабылдады. Аталған қаулыда халық пен кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жағдайының нашарлауына жол бермеуге бағытталған шаралар көзделген. Атап айтқанда, төтенше жағдайдың қолданылу кезеңінде екінші деңгейдегі банктердің, микроқаржы ұйымдарының, ломбардтардың, онлайн-кредиттеу компанияларының жеке және заңды тұлғаларға банктік қарыз немесе микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш және сыйақы бойынша төлемдерді кешіктіргені бойынша айыппұлдар мен өсімпұл есептемейтіні көрсетілген. Сол сияқты бұл құжатта несие алғандарға негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемді кешіктіру күнтізбелік 90 күннен астам уақыт өткен мерзімде кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша сыйақы есептемейтіні белгіленген. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында агенттік төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта бизнестің қарыздары бойынша негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру тәртібін бекітті, — дейді Жанар Айтбай.

Бүгінгі күні Президенттің тапсырмасы әрі аталған қаулыға сәйкес ағымдағы жылдың 16 наурызы мен 15 маусым аралығында төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен қарыз алушыларға негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеу тоқтатылды. Бұл — екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, онлайн-кредиттеу компаниялары, кредиттік серіктестіктер берген қарыздар.

Өтінішті кімдер жазады?

Жанар Айтбай несиелік қарызды кейінге қалдыру бойынша жеке тұлғалардың арасында кімдердің өтініш жазатынын айтты.

Бұл орайда халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 68-бабына сәйкес өтініш бермей, растайтын құжаттарды ұсынбай және қосымша келісімдерге қол қоймай-ақ,  негізгі борыш пен пайыздар сомасын төлеу мерзімін кейінге қалдыра алады. Мұндай жеңілдік  мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатындарға да тиесілі. Азаматтардың үшінші санатына халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыздар жатады. Көрсетілген жеке тұлғалардың тізімдері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және кредиттік бюролардың ақпараты негізінде берілетін болады. Ал карантиннің енгізілуіне байланысты уақытша жұмысқа жарамсыз, ақы төленбей еңбек демалысында жүрген, жұмыстан шыққан, еңбек шартын бұзған және өзге еңбек шартын тоқтатқан, жалақысы, болмаса өзге де кірістері төмендетілген немесе тоқтатылған сияқты басқа да  қарыз алушылар қаржылық жай-күйінің нашарлау себептерін көрсетіп, өтініш жазуға тиіс, — дейді ол.

Қарыз төлеуді «қашықтан» тоқтат

Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты ел аумағында төтенше жағдай режимінің енгізілуі бүгінде жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің де қаржылық жағдайына жағымсыз әсер етуде. Әсіресе, тауарлар мен шикізатты жеткізудегі іркілістер, өндірілетін және сатылатын өнімге деген сұраныстың төмендеуі, ақша ағынының қысқаруы — бизнес иелерінің жұмысын қиындатқан жағдайлардың бір бөлігі ғана.

Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты біз бизнеске, жалпы алғанда, еліміздің экономикасына қолдау көрсету қажет екенін толық түсінеміз. Сондықтан да біз бизнес үшін кредит бойынша негізгі борыш пен пайыздық сыйақыларды, талаптардың бірі сақталған жағдайда, төлеуді тоқтата тұру үшін нормалар бекіттік. Бұл орайда қарыз алушының өтініші еркін нысанда жасалатындығын, яғни кредиттік ұйымның электрондық поштасы, «банк-клиент» онлайн-жүйесі, интернет ресурсы, мобильдік қосымшасы немесе басқа да байланыс құралдары арқылы қашықтан жіберілетіндігін ерекше атап өткен жөн, — дейді «Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі» РММ Ақтөбе қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы  Жанар Айтбай.

Басқарма басшысының айтуынша, жеке және заңды тұлғалар өтінішті кез келген уақытта, яғни 16 наурыз бен 15 маусымға дейінгі аралықтағы кезеңде бере алады. Өтінішті қарау үшін қаржы ұйымына 10 жұмыс күні беріледі. Бір ескеретін жайт,

аталған мерзімге дейін қаржы ұйымдары төлемдерді тоқтата тұру және тиісті шарттарды өзгерту туралы өтінішті қарағаны үшін қарыз алушыдан комиссиялық ақы және өзге де төлемдер алмайды.

Несие алуда кедергі болмайды

Биыл 6 сәуірдегі жағдайға сәйкес, Ақтөбе облысы бойынша екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарындағылар төлемдерді тоқтата тұруға жеке тұлғалардан 12 278, ал  жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілерінен 356 өтінім қабылдаған. Жанар Айтбайдың айтуынша, бұл сандар жеке және заңды тұлғалардан өтінімдердің түсуіне байланысты әлі де толықтырылатын болады.

Несиені кейінге қалдырған клиентіне кейін бірнеше ай мерзімге дейін несие алуға рұқсат берілмейтіні жайында ел арасында ақпарат тарап жүр. Басқарма басшысының айтуынша, осындай нақты жағдай болғанда және азаматтардың борыш жүктемесінің өсуін болдырмау мақсатында төтенше жағдай кезеңінде екінші деңгейдегі банктердің, микроқаржы ұйымдарының, ломбардтардың және онлайн-кредиторлардың қарыз алушыларына қолдау көрсету шаралары бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде жедел желі телефоны жұмыс жасайды. Ол үшін қарыз алушылар

+7 (727) 2788 144 және +7 (727) 2788 122 бойынша хабарласуына болады.

Қаржы нарығы субъектілерінің мұндай іс-қимылдарына байланысты өтініштерді http://www.finreg.kz сайтындағы кері байланыс арқылы немесе TAL@finreg.kz, Fingramota@finreg.kz электрондық поштасына жіберуге болады.

Сонымен қатар Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласында +7 (7132) 70-39-10, ішкі 2534, 2551 және 2558 телефондары бойынша байланысып, кеңес алуға толық мүмкіндік бар.

Төлемдердің жаңа кестесі жасалды

Төтенше жағдайға байланысты «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалына негізгі қарыз және сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мәселесі бойынша өтінішпен 70 қарыз алушы жүгініпті. Қор басшысы Гүлжанат Ерғазинаның айтуынша, барлық көрсетілген жобалар филиалдың несие комитетінде оң шешімін тауып, қосымша келісімдер дайындалып, төлемдерді өтеудің жаңа кестелері жасалған.

Бізге қарыз алушылардан өтініштер күн сайын электрондық пошта, интернет ресурсы, мобильді қосымша және басқа да байланыс құралдары арқылы түседі. Өтінішті қабылдаудан бас тартып жатқан жоқпыз. Алайда барлық өтініштер тіркеледі және олар бойынша тиісті шешімдер қабылданады, — дейді филиал директоры Г.Ерғазина.

Өтініш бергендердің қатарында хромтаулық кәсіпкер Нұрлан Өмірзақов та бар. Ол 2017 жылы 12 бие мен жемшөп сатып алу үшін қор арқылы несие қаражатын рәсімдеген. «Қарыздың нысаналы мақсаты толық расталды. Кәсіпкер Нұрлан Өмірзақовтың қолданыстағы шарттар бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ. Үш айдан  соң негізгі борыш пен сыйақы бойынша мерзімі өткен төлемдер төленбек. Ол үшін үстіміздегі жылдың маусымынан бастап жыл соңына дейін ай сайынғы төлейтін төлемақы жаңа кестеге сай тең бөлінді», — деді филиал басшысы.

Президент тапсырмасына сәйкес, төтенше жағдай кезінде шағын және орта бизнестегілерді қолдау шарасына мұғалжарлық шебер Айнұр Елеусізова да ие болды. Ол өткен жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалы арқылы несие қаражатына қол жеткізіп, тігін цехын ашқан. Енді Айнұр ай сайынғы несие төлемінің қалғанын биыл маусымнан бастап өтеуге мүмкіндік алды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button