Әлеумет

Мейірімді аналар шын мұқтажға көмектесіп жүр

Әлеуметтік желілерде қазір түрлі топтар бар. Солардың бірі — watsapp мессенджеріндегі ақтөбелік 250 ананың басы құралған «Ана мен бала» тобы.

Бұл топқа осы Ақтөбе қаласында тұратын, бірін-бірі мүлде танымайтын көпбалалы аналар жиналған. Олар осы желіде біріне бірі жағдайларын айтып, мұңын шағады, кеңес сұрайды, пікірлеседі. Кейде белсенділері бас көтеріп бастама жасаса, қалғандары қоштап, қолпаштайды, сөйтіп, соңғы кезде көбіне өздері секілді бала тәрбиелеп отырған халі мүшкіл аналарға көмектесуді әдетке айналдырып жүр.

Көпбалалы аналардың бірі Миуа Бекбосынова топ ішінде «Біздің жағдайымыз шүкір ғой, бізден де жағдайы мүшкіл аналар бар, соларға өзіміз әліміз келгенше жиналып, көмектесейікші» деп бастама көтерді. Төтенше жағдайда қысылғанға қол ұшын беруді азаматтық парызы санаған бір топ белсенді ана бастаманы іліп әкетіп, қаражат жинап, азық-түлік алып, таратуды жөн көреді. Осылайша осы топтың мүшесі, өзі де бес баланың анасы Гүлмира Бимағамбетованың картасына кім қанша бере алады, сонша теңгелерін аударып, бір күннің ішінде 53 мың теңге жиналады.

—  Қазір көпбалалы аналар әр балаға шаққанда 10 мың теңгеден астам мемлекеттік жәрдемақы алады. Кейбірі әлеуметтік атаулы көмек алып отыр. Шүкір. Алайда, жүре берсең, көре бересің. Арамызда жағдайы тым нашар да отбасылар бар екен. Көмек береміз деп талаптанғанымызда, мұқтаж жандардың тізімі әкімдіктен емес, өз арамыздан-ақ табылды. Бірі бұрынғы көршісінің жағдайын, енді бірі танысының тұрмысын айтып берді. Елдегі төтенше жағдай кезеңінде осындай отбасылармен бірге екенімізді, әрқашан да оларға кеңес беріп, қолдайтынымызды білдірейік деген ниетте бас қостық. 14 отбасының үйіне барып, жағдайларын өз көзімізбен көріп, медициналық маска, кір сабын, иіс сабын, сұйық май, кәмпит-печенье, макарон, ұн, томат, тартылған ет салынған пакеттерді тараттық. Тағы бір отбасының жағдайын естіп, оған осы топтағы аналардың атынан аз да болса бес мың теңге аударып жібердік, — дейді көпбалалы аналардың бірі Гүлмира Бимағамбетова. Топ белсенділері тұрмыс тауқыметін тартқан аналарды үйлеріне іздеп барды, біразының саяжайда тұрып жатқандарын көрді.

— Мысалы, бұрынғы көршімнің жағдайын айтайын. Жасы елуге жақындаған Әлия Алтыбаеваның үш қызы бар. Өзі жиырмадан асқан мүгедек қызын бағып, үйде отыр. Күйеуі құрылыста еңбек етеді. Қазір олар «Ғалым» мейрамханасы маңындағы саяжайда тұрып жатыр. Кеше бұл отбасына да барып келдік. Осы отбасыға жалдамалы пәтер болса да, берілсе екен деп тілейміз. Әйтпесе, қыздарды жуындыру да қиын ғой, — дейді жаны ашыған Гүлмира.

Жақсылыққа жаны үйір, қайырымды аналар 14 үйге барып, біраз жайды көрді, бір отбасының өртеніп кеткендіктен үйі жоқ болса, енді бір отбасында бес баланың күйі жоқ, тағы бір үйде табыс тауып отырған отағасы еңбекке жарамсыз болып қалыпты. Талпынған адамға бәрі ыңғайлана кетеді емес пе. Әсіресе, ізгілік іздеп, мұқтаж жандарға мейірім төккісі келген кезде аналардың тілегі қабыл болып, карта шотына қаражат та жинала қойыпты. Анығы, топтағы 250 ананың бауырлары, таныстары, басқа да кең жүректі азаматтар қолындағы барын аударып, атсалысыпты. Кешегіде бір ананың Қарағандыда тұратын әпкесі, сондай-ақ, ақ халатты абзал жандар да ақша аударыпты. Сонымен қатар Қызылжардағы мектептің мұғалімдері, 1-сыныпта балалары оқитын ата-аналар да ақшалай көмектесіпті.

Көпбалалы аналардың да бар тілегі — «Ана мен бала жыламасын!».

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button