Басты жаңалықтар

Қашықтан қызмет көрсету: кім? қайда? қалай?

Елімізде төтенше жағдай жарияланып, өңірлерде карантин ережелері күшейген сайын көптеген мекемелер өз қызметтерін тұтынушыларына онлайн ұсынуға мәжбүр болып отыр. Халыққа қызмет көрсету орындары қызметкерлері қазір тұтынушыларына телефонмен де кеңес беруге дайын. Қай мекеме қалай қызмет көрсетіп отыр? Қай мекемеге қалай хабарласуға болады? Мархабат…

Онлайн қызмет: «Қазақтелеком»

Халық көп жүгінетін мекемелердің бірі — «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы карантин кезінде өз абоненттерін қолдауға бағытталған бірқатар шаралар  қабылдады. Аталған мекеменің Батыс аймақтық телекоммуникация дирекциясы  берген ақпараттарға сүйенсек, 7 сәуірден бастап (13 сәуірге дейін) бірқатар қалада, соның ішінде Ақтөбе қаласында да «Қазақтелекомның» қызмет көрсету бекеттері тоқтатылды.

Абоненттердің қауіпсіздігі мен ыңғайлылығы үшін «Қазақтелеком» АҚ кейбір қашықтағы байланыс арналарының жұмыс уақытын ұзартты.

— Енді telecom.kz сайтындағы онлайн-кеңесші таңғы 8.00-ден 23.00-ге дейін күн сайын қызмет ететін болды. Осындай режимде компанияның WhatsApp және Telegram мессенджерлердегі кеңесшілері де онлайн қызмет көрсетіп жатыр.  Сонымен абоненттер 160, 165 нөмірлері бойынша, telecom.kz сайтындағы онлайн-кеңесші, 7 (708) 000 01 60 нөміріндегі WhatsApp және Telegram арналары, инстаграмм желісіндегі @telecomkz, фейсбуктегі «Ваш Казахтелеком», VK  —  Казахтелеком, сондай-ақ telecom.kz сайтындағы жеке кабинеті арқылы қызметтер ала алады, — делінген дирекцияның берген мәліметінде.

Айта кетейік,«Қазақтелеком» 20 наурыздан бастап «Базалық», «Элитный» және «Премиум» iD TV топтамаларының абоненттері үшін қосымша төлемсіз барлық телеарналарға қолжетімділікті ашу туралы шешім қабылдаған. Яғни тұтынушылар төтенше жағдай кезінде 170-ке жуық арнаны тегін қарауға мүмкіндік алды.  Акцияның әрекет ету мерзімі әлі шектелмеген.

Тұрғындардың өз жұмыстарын онлайн жалғастыруына байланысты үйге интернет қондыру қызметіне де сұранысы артқан.

— Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері «Қазақтелеком» ұсынатын үйдегі интернетті қосуға ниеттілер көбейіп отыр. Төтенше жағдай басталғалы бері Ақтөбеде абоненттік бөлім арқылы өтініш бергендер 50 пайызға, өтінішті онлайн бергендер саны 80 пайызға артты. Қазіргі уақытта мың жарымға жуық азамат үйіне интернет қондыруға берген өтініштері бойынша кезекте тұр. Біздің бөлімде 25 қызметкер онлайн өтініш қабылдап жатыр. Аязби Ильяс, Аслан Қойшығарин, Азамат Жексенбаев, басқа да менеджерлер тынбай еңбек етіп жүр, — дейді  «Қазақтелеком» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы сату бөлімінің менеджері Темірлан Атлашов.

Онлайн қызмет: «Даму» қоры

Шағын және орта бизнес өкілдері үшін кәсіпкерлікті қолдау мекемелерінің онлайн қызмет көрсетуі де аса маңызды. Бүгінде жұмыстан босап қалып, кәсіп бастауға ниет еткендер де осындай мекемелердің электронды платформаларын пайдалана алады.

— Қазіргі кезде ең маңыздысы — халқымыздың денсаулығының, тұрмыс-тіршілігінің жақсы болуы. Сондықтан «Даму» қорының облыстық филиалы да қашықтан қызмет көрсетуге толықтай көшірілді. «Даму» қоры кәсіпкерлерге электронды түрде қызмет көрсетуге қажетті барлық инфрақұрылыммен қамтылған, сондықтан қашықтан қызмет ету ешқандай қиындық туғызып отырған жоқ, — дейді облыстық филиал директоры Берік Нұрғалиев.
Берік Нұрғалиевтің айтуынша, кәсіпкерлер үйден шықпай-ақ мынадай қызметтер ала алады:

  1. Кеңес алу. Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына қатысты кеңестер телефон арқылы беріледі. Егер сіз төтенше жағдай аяқталғасын кәсіп бастауға ниет етсеңіз, 87055367781 (Жәнібек Құдашев), 87021820220 (Гаухар Матаева) нөмірлері арқылы тегін кеңес ала аласыз.
  2. Сыйақы ставкаларын субсидиялау және кепілдендіру тетіктері бойынша электронды үкімет және «Даму» қорының «OnlineDamu» интернет-порталы арқылы өтініш қалдыруға болады. «Егер өтініш қалдыру кезінде, құжаттарды жүктеу кезінде сұрақтар туындаса, жоғарыда аталған біздің қызметкерлер телефон арқылы көмектесе алады», — дейді Б.Нұрғалиев.
  3. Субсидиялау келісімшарттарына Documentolog платформасы арқылы электронды қолтаңбамен қол қоюға болады. Төтенше жағдай кезінде бұл өте ыңғайлы екені айтпаса да түсінікті.
  4. Кәсіпкерлердің несие талаптарын өзгерту, яғни несиелерді реструктуризациялау бойынша да «Даму» қоры жеңілдіктер енгізді. «Қазіргі уақытта кәсіпкерлердің несиелерін реструктуризациялау бойынша жұмыстар жүргізіп жатқандықтан, біздің қор келісімшарттарға субсидиялау және кепілдендіру тетіктеріне қатысты өзгерістер енгізу тәртібін жеңілдетті. Қазіргі кезде осы мәселе бойынша шешім бұрынғыдай 5 күнде емес, 1 күнде қабылданатын болды», — дейді Б.Нұрғалиев.

Онлайн қызмет: «Атамекен»

Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасының жанында кәсіпкерлерге көмек көрсету бойынша жедел штаб жұмыс істейді. 6 сәуірден бастап қала аумағында карантиннің енгізілуіне байланысты аталған штаб жұмысы күшейтілген.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Альмира Бисекенованың айтуынша, қазіргі уақытта палата қызметкерлері қашықтан және тікелей режимде бизнес-қауымдастыққа консультативтік және ақпараттық көмек көрсетуді жалғастырып отыр.

—   Палата мамандары салалық топтарға және жүйелік мәселелер бойынша бөлінді. Әртүрлі мәселе бойынша сарапшылар күніне кемінде 50-ден астам қоңырауға жауап беріп отыр. Сұрақтар негізінен жалдау, форс-мажор, төтенше жағдай кезеңіндегі салық жеңілдіктері, жұмыс берушілердің жұмысшыларының жұмыстан босатуы және әлеуметтік төлемдер алу, екінші деңгейлі банктерге, лизингтік компанияларға, қаржы институттарына несие мерзімін кейінге қалдыруға қатысты болып отыр. Қазіргі жағдай кәсіпкерлер үшін оңайға соғып отырған жоқ. Сондықтан осындай сұрақтар туындаса, 1432 қысқа нөмірі немесе облыстық Кәсіпкерлер палатасының +7 (7132) 744-607 нөмірі бойынша хабарласуға болады. Сондай-ақ төтенше жағдайға байланысты туындаған мәселелерге қатысты палата қызметкерлерінің ұялы телефондарына хабарласуларына болады. 16-31 наурыз аралығында ақтөбелік кәсіпкерлерге онлайн арқылы сервистік қолдау бойынша 27 қызмет көрсетіліп, мемлекеттік бағдарламалар бойынша 30-ға жуық кәсіпкерге кеңес берілді, — дейді А.Бисекенова.

А.Бисекенованың айтуынша, бизнес-қауымдастық туындаған мәселелер бойынша жедел байланыс орнату үшін телеграм-боттар да жасақталған. Кәсіпкерлердің сұрақтарына жауаптар  https://atameken.kz/kk/pages/1012-biznesvrezhimechs, төтенше жағдай кезіндегі форс-мажор мәселелері бойынша https://t.me/atameken_certificate_bot, қаржылық қызметтер бойынша https://t.me/Atamekencallcentre_bot боттары жауап береді.

Онлайн қызмет: халыққа қызмет көрсету орталықтары

Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және оқшаулау шараларын күшейту мақсатында Ақтөбе облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары да басқа мекемелер секілді 26 наурыздан бастап 16 сәуірге дейін жұмыстарын уақытша тоқтатқан болатын.

— Ақтөбеліктерге бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80%-ы электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді, сондай-ақ қажетті анықтамаларды eGov Mobile мобильді қосымшасы және телеграмдағы egovkzbot2.0 боты арқылы алуға болады. Сонымен қатар әлеуметтік сала бойынша зейнетақы, жәрдемақы, бір жасқа дейінгі жәрдемақы сияқты құжаттарды қазіргі таңда онлайн тапсыру да  қолжетімді. Жеке куәлік және төлқұжатты да онлайн рәсімдеуге болады. Сондай-ақ азаматтар электрондық цифрлық қолтаңбаны онлайн ала алады, — дейді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Ақтөбе облысы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Әсел Мұстафина.

Ә.Мұстафина 1414 байланыс орталығының кеңес берушілерімен бірге азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу бойынша көмек көрсетіліп жатқанын айтады. Байланыс орталықтары дүйсенбіден сенбіге дейін таңғы 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін байланыс орталығына ақтөбеліктерден 11 800-ден аса қоңырау түскен. 3500-ден астам тұрғын бейнеқоңырау арқылы қызмет алса, 1200-ден астам адам мобильдік базаға тіркелген.

— 30 наурыздан бастап қаладағы Тургенев көшесінде орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында дайын құжаттарды беру үшін бірыңғай терезе жұмыс істейді.

Себебі eGov порталында қызмет нәтижесі қағаз түрінде берілетін 23 түрлі мемлекеттік қызмет бар, ақтөбеліктер онлайн түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің дайын нәтижесін осы терезе арқылы ала алады.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында да дайын құжаттарды беру терезелері ғана жұмыс істейді, онда автокөлігін қайта тіркеуге қойған немесе жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырғандар дайын құжаттары мен мемлекеттік тіркеу нөмірін ала алады. Олар жұмыс күндері 9.00-ден 15.00-ге дейін, сенбі күні 14.00-ге дейін жұмыс істейді, — дейді Ә.Мұстафина.

Қызмет алушылардың дайын құжаттарын беру жұмысына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының  барлық  қызметкерлері тартылған. Олардың барлығы қорғаныс және дезинфекция құралдарымен жабдықталған.

— Тұрғындардан түсіп жатқан сұрақтарда есеп жоқ. Телефон арқылы кеңес беріп жатырмыз. Таң атқаннан күн батқанша телефон қолымыздан түспейді. Дәл осындай сын сағатта уақытпен санаспай жұмыс істеу әркімнің парызы. Менің телефоныма күні-түні түрлі сұрақпен хабарласады тұрғындар. «Шаршадым» демеймін, себебі бұл бәріміз үшін де маңызды, — дейді Әсел Мұстафина.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button