Басты жаңалықтар

Қор жисаң, қор болмайсың…

Үнем

Тіршілікте киімге, тойға тоқтау бар, бірақ күнделікті тамаққа тоқтау жоқ. Адам бір жыл немесе бес жыл тойсыз жүре алуы мүмкін. Киімді де күтіп кисе, екі-үш жылға созары анық. Ал азық-түліксіз екі күн отыра алмайсың. Оның үстіне артында бір қап ұны, бір-екі жілік еті артық тұрмаса, біздің қазаққа бір нәрсе жетпейтіндей көрінеді.

Бұрындары ауыл тұрғындары қысқа мол азық-түлік алып алатын.Күзден бастап көктем шыққанға дейін жетуге лайықтап есептелген басты ауқаты ұн мен соғым еті артылып, жаз ортасына дейін баратын. Қазір заман өзгеріп, қоғам қалтаға ғана бағынды. Облыста дүкенсіз ауыл жоқ. Ең шалғай деген елді мекендердің өзінде екі азық-түлік дүкені үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұған аудан орталығына күн сайын келетін көліктерді қосыңыз. Тіпті жылдам техника жүйткіген дәуірде облыс орталығына келу де сөз емес. Екі аттасаң, дүкен. Әр көше сайын супермаркет,  базарларда азық-түліктің неше «атасы» тұр. Басқасын айтпағанда, Ақтөбе қаласының өзінде 24 «Анвар» мен 17 «Дина» бар. Тек ақшаң болса болғаны. Осыған үйренген жұртшылық қазір үйіне қыстық қор жинамайтын болды. Көп үйдің ұрасы — мұздатқыштар. Қысы-жазы тамақ сақтайтын ондай мұздатқыштар екінің бірінде бар. Ондағы азық азайып бара жатса, базардан еселеп әкеліп қояды. Бұл, әрі кетсе, бір-екі айға ғана жететін тірлік.

Міне, коронавирусқа байланысты бүкіл еліміз бойынша шектеу қойылғалы айға жуықтады. Облыстың кебежесінде азық-түлік қоры жеткілікті дегенімен, қымбатшылығы байқалады. Ертең бұдан да көтеріледі деген желеумен қала тұрғындары мол алып қалып жатыр. Дәл қазіргі маусымда сұранысқа ие болатын бақша өнімдерінің күзгі бағамен салыстырғанда көктемгі құны едәуір қымбат. Бір шүкір етері, бізде ірі жылыжайлар бар. Солардың қияр-қызанақтары алдымен өзіміздің дүкендерге түседі. Осындай кезеңде Өзбекстан, оңтүстік өңірден ағылатын көкөністердің де қарасы сиреді. Тәртіп қатаң, бақылау күшті.

Біздің облыс өз тұрғындарын 24 азық-түлік түрімен қамтамасыз ете алады екен. Әрине, ең негізгілері – ұн, ұн өнімдері, ет, картоп, макарон және сүт өнімдері. Облыстың өз өндірісі есебінен қамтамасыз етілетін тұтынушысы көп азық түрлері – осылар. Ал 8 азық түрінен импортқа тәуелдіміз. Яғнижарманың 4 түрі, күріш, қант, тұз, шай өзге өңірлер есебінен өндіріледі.

Бәрін қосқанда 32 тамақ түрі бізде үзілген жоқ. Жоғарыда айтылған 24 тағам түрі өзімізден шығады. Жер алып егін, бақша  салғандардың  қарасы жыл санап көбейіп келеді. Бұл жағынан мәселе жоқ. Әңгіме қыстық қордың жиналуында. Ең бастысы — өзімізден шығатын негізгі тамақ түрлері бітпесе,  мұртымызды балта шаппайды. Азық-түліктің мол қоры бағаны да тұрақтандырып, келесі маусымға дейін ұстап тұра алады. Ішкі нарықтағы бағаны осылай реттеуге мүмкіндік бар.

Қазіргі қараөзек шақта қызылсыраған қала жұртының талғамы — төрт түліктің еті. Базарлардың жабылып, ауыл, аудандардағы шектеулерге байланысты еттің бағасы өсіп тұр. Сиыр етінің құны жылқы етімен бірдей болып, кей жерлерде асып түсті. Айталық, жылқы етінің келісі 1850-1900 теңге болса, Зеңгі баба тұқымының еті 2000 теңгеден түспей тұр. Мұны мал базарындағы сатушылар ауылдардан сиыр келмей тұрғанымен түсіндіреді.

Облыстық ауылшаруашылық басқармасының маркетинг және инвестиция бөлімінің басшысы Снежанна Құрмантаеваның айтуынша, қазіргі таңда бордақы алаңдарында союға дайын тұрған қойдың еті — 412 тонна. Ал ірі қараның еті 863 тоннаны құрайды. Дегенмен көпшіліктің талғамы бордақыдағы мал емес, өрістегі мал етіне шабатыны аңғарылады.

Тұрғындардың мына азық-түліктерді  таусылып қалады деп алаңдауына негіз жоқ. Өйткені бұдан бес күн бұрынғы мәлімет бойынша,  қолда 3,599 тонна картоп, 1,159.3 тонна макарон өнімдері, 721 тонна пияз, 1,483 тонна сүт, 1,341 тонна күнбағыс майы, 5,512 тонна ұн, 881,9 тонна қант, 515 тонна күріш бар.  Қордағы өзге де өнім түрлері мен көкөністермен облыс тұрғындары  биылғы бақшаның алғашқы өніміне ілігеді деген ойдамыз.

Жылына 100 келі картоп тұтынсаңыз…

Бұл – облысбойынша жиналған қордың деректері. Ал жеке адамдардың қысқа қор сақтауына не кедергі? Қаладағы көп қабатты үйдің тұрғындарын айтпағанда, аудан, ауыл тұрғындарының өзі дайын нәрсеге ұмтылады. Рас, ауылдағы ағайын еттен таршылық көрмейді. Өйткені дәстүр бойынша бір ірі қараны бүтіндей жығып алады. Бірақ бау-бақша салып, ең ақыры, картоп егіп, оны ұрасына сақтап, осы кездері рахатын көріп отыруды көп отбасыға жазбаған. Қымбат болса да сатып алып, онысы қалтасына біраз салмақ боларын сезсе де, амалсыздан нарықтың бағасына бағынады. Алайда бес саусақ бірдей емес. Көкөніс түрлерін өсіріп, оны сатумен көптеген жеке адамдар да, шаруа қожалықтары да айналысады. Табысын ақшаға айналдырғанды тәуір көретіндер қолдағының бәрін сатып жіберіп, кейін тұқымсыз қалатын жайлары да кездеседі. Немесе бір-екі жылдан кейін бейнетінен қашып, қол үзіп кетеді.

Алдағыны ешкім болжап болмайды. Дүкендегі тауарға сенбеген дұрыс. Өйткені әр заттың бағасы қалай құбыларын білмейсің. Былтыр күздегі бір келі картобың қазір екі есе қымбат. Күздің арзандау маусымында мол жинап, ұраға тығып тастасаң, көктемгі шығының екі есе азаяды.

Орта есеппен бір адам жылына кемінде 42 келі ұн өнімдерін, 20 келі ет, 45 литр қапталған сүт, 265 жұмыртқа, 46 литр айран, 17 келі қант тұтынса, 12 айда 100 келіге дейін картоп жейді. Бұл – ең аз тұтынған жағдайдағы көрсеткіш. Сонда алты айдағы көрсеткіш бойынша облыстың 881 тұрғыны 43 мың тонна картоптың қабығын аршиды екен. Көп астың дәмі картопсыз кірмейтін болғандықтан, қазір өнімнің бұл түрі бас мәзірге ие. Сонымен, талайдың қалтасын қаққан картопты егіп немесе қысқа сақтау қиын ба?

Мәденбайдың мәзірі

Аудан орталығында тұратын Мәденбай Тумышовты ойылдықтар жақсы біледі. Еңбекқор, ертеден кешке дейін тыным таппайтын оның шеберлігіне жүгінетіндер баршылық. Пайғамбар жасынан асып кетсе де әлі шаруадан қалмаған ол дені сау адамның бос жүргенін қаламайды. Балаларын да ерте тұрып, кеш жатуға үйретті. 4-5 сауын сиыры бар. Бірақ бұзауының бірде-бір жамырап жатқанын ешкім көрмепті. Сиыр уақытында сауылады. Тәртіп солай. Оның сүті айран, құрт, май-қаймаққа айналып жатады. Көршілерінің айтуынша, ол үйдің келіндері нан, сүт алуға дүкенге бармайды.

Мәденбай үшін, сиыры бола тұра, дүкеннен сүт алу – жалқаулықтың белгісі.

Кейде ауылдарға барамын. Өрістен жамырап сиырлар келіп жатады. Ешкім саумайды. Талай он сиыры бұзаулаған үйден дүкеннің сүті мен нанын жеп қайттық. Еріксіз таңғаласың. Бәрі бірдей емес, әрине. Бірақ сиыр сауып, оның өнімін ұқсатпайтындар бар. Бәрі дүкендегі дайын нәрсеге сеніп алған. Бақша салу сирек. Аздап бейнеті болғанымен, бұрынғыдай қауғалап су тартпайсың. Әр ауылға, әр үйге су келіп тұр. Бірақ көкөністерді сатып алуға құмар. Менің ұлты орыс бір танысым бақша  өскіндерін сатып, жылына 5 миллион теңгеге дейін табатынын айтады, — дейді ол.

Қазір Мәденбайдың үйінде картоп, сәбіз, қызылша секілді көкөністер жетіп артылады. Күзде қамдап алған. Жылда солай. Ешқайда сатпайды. Ауласына өз отбасына ғана жетерлік бақша салып, оны баптап, күзде жинап алады. Екі сотық жерге картоп егу – жыл сайынғы айнымас дәстүрі. Онысы келесі жылдың жазына дейін жетеді. Ал қияры мен қызанағы қысы-жазы үзілген емес. Тұздалған бақша өнімдері әлі бір маусымға жетеді. Нәтижесінде үй іші таза, сапалы тағамдарды жейді. Қазіргі кезде мол өнім алу үшін бақшаға селитра жіберіп, мерзімінен бұрын сату белең алған. Ал Мәденбайдың айтуынша, малдың қыстай жиналған тезегінен артық тыңайтқыш жоқ. Оны бір жерге жинап, жыл сайын бақшасына пайдаланады. Міне, оның біз айтып отырған отбасылық қоры жеткілікті. Ол жұрт «қымбаттап кетті» деп шулап жатқан көкөністердің бағасын білмейді де. Білгісі де келмейді. Өйткені оның бәрі өзінің ұрасынан табылады. Мәзірі маңызды тағамдармен ерекшеленетін ол үйдің дастарқаны табиғи дәрумендерге бай.

Темір ауданына қарасты Саркөл ауылдық округіндегі «Тұлпар» шаруа қожалығының атакәсібі мал шаруашылығы болатын. Бірақ өткен жылы тың жерге түрен салып, бақша дақылдарын егіп еді, қауын-қарбыз бен қиярға қарық болды. Шаруашылық иесі Ерлан Алмағанбетов биыл бақша салуға құлшынып отыр.

Сиырды сауып, жердің несібесін еміп, май-құртыңды қайнатып, бақша өнімдерін мол жинап алған болсаңыз, дастарқаныңыз жыл-он екі ай жайнап тұрары сөзсіз. Сол кезде дүкендегі азық-түліктің де қымбатшылығы біліне қоймайды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button