Басты жаңалықтар

Ақтөбе  карантинге жабылды

6 сәуір күні сағат 21.00-ден бастап Ақтөбе қаласында карантин жарияланды. Эпидемиологиялық жағынан қолайсыз аймақ ретінде Ақтөбе қаласы жан-жағынан түгелдей оқшауланып, қала төңірегіне қойылған 28 блок-бекет одан әрі күшейтілетін болды. Ал, аудандарда бұрынғысынша шектеу шаралары одан әрі жалғаса береді.

Бұл жөнінде «Ақтөбе» телекомпаниясында өткен тікелей эфирде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров және облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева тікелей эфирде тұрғындар сауалдарына жауап берді.

Нұржауған Қалауов сөзінде: «Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бақылауда. Облыс бойынша коронавирус ифекциясын жұқтырған 11 адам арнайы госпиталь мен тиісті станционарда ем қабылдап жатыр. 31 наурыз бен 5 сәуір аралығында тұрғындар мен көлік қозғалысы шектеліп, халықаралық әуежай, теміржол, автобус қозғалысы тоқтатылды. Өңірдегі халыққа тіршілік етуді қамтамасыз ететін нысандардан басқаларының жұмысы да тоқтатылды. Облыста 28 блок-бекет қойылды, адамдар онда арнайы рұқсатнамамен өтіп жүр. 6 сәуірден бастап  қалада карантин енгізіледі. Карантиннің айырмашылығы — Ақтөбе эпидемиологиялық қолайсыз  аймақ ретінде толық  оқшауланады. Ал аудандарда ерекше шектеу шаралары жалғаса береді. Сәуірдің 6-сы күні кешкі сағат 21.00-ден төтенше карантин режимінде  барлық мекемелер жұмысы тоқтатылады» — деді.

Қала әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, қала ішіндегі қоғамдық көліктер таңертеңгілік сағат 7.00-9.00 және күндіз 12.00-14.00, кешкі 17.00-21.00 уақыт аралығында жүреді. Карантин  күшіне енген уақыттан бастап Ақтөбе қаласына кіруге және шығуға тыйым салынады. Тұрғындардың қоғамдық саябақтарға, балалар алаңшаларына баруына болмайды, жаяу жүргіншілердің де жүріп-тұруына шектеу қойылады. Медицина, құқық қорғау органдары, коммуналдық мекемелер қызметкерлерінің ғана қала ішінде жүріп-тұруларына рұқсат етіледі. Адамдар үйлерінен азық-түлік, дәрі-дәрмек, дәрігерлік көмек, пошта, банк қызметтерін алу үшін ғана шығады. Ірі азық-түлік дүкендері сағат 10.00 — 20.00 аралығында жұмыс істейді. Тұрғындардың қала ішінде жеке көліктерімен жүруіне де тыйым салынады.

7 сәуір күні таңертеңгілік уақыттан бастап қаладағы карантинді бақылауға  арнаулы патрульдік қызмет шығады. Айта кету керек, 31 наурыздан бері қалада қатаң шектеу шараларын бұзған 133 ақтөбелік азаматқа түрлі көлемде айыппұлдар салынды. Соның ішінде  пандемияның таралуына қатысты жалған ақпарат таратқандар да бар.

Бұдан соң жедел эфирге қатысушылар сұрақтарға жауап берді.

Карантин уақыты өткенше отбасыммен ауылға барып тұрғым келеді. Қаладан шығып кету үшін  қандай анықтама керек?

Н.Қалауов:

Карантин 6 сәуірде кешкі сағат 21.00-ден енгізіледі. Блок-бекеттен рұқсатнамамен өтесіз, бірақ 15 сәуірге дейін кері қайта алмайсыз.

Соңғы бір-екі күнде  көпшілік 42 500 теңгені алу үшін «Қазпошта» мекемелері мен банктерге келді. Оқшаулау шарасын жасау жөнінде осы мекемелерге тапсырма  берілді. Енді полиция кезекшілікте тұрады. Кезекке тұрғандар 1 метр қашықтықта,  арнайы қойылған белгілерден аспай тұруы керек. Қатаң шектеу шаралары тәртібі бойынша кезекте  5 адамнан артық тұрмайды,  Көшеде 3 адамнан артық жиналмау керек. Өкінішке қарай, осы талаптарға әлі де немқұрайлы қарайтындар бар.

— Сағат 20.00-ден кейін шыққан азаматтарға айыппұл салына ма және қандай мөлшерде?

Н.Қалауов:

Ертеңнен бастап қатаң шаралар қолданылады. Адамдардың қолында жұмыс орындары берген  анықтамасы болуы тиіс.  Көп мекемелер  қызметкерлерін қашықтан жұмыс жасауға  жіберді. Қалада 144 арнайы патрульдік қызметкерлер  шығады. Көшеде бейберекетсіз жүргендерге 26 000 теңгеден бастап айыппұлдар салынады.

— Хромтау қаласынанбыз. Асқазанынан химиялық күйік алған 7 жастағы немерем екі апта сайын Ақтөбеге барып ем қабылдауы керек. Аудан дәрігерлері жолдама бермейді, аудан әкімшілігі онсыз рұқсат бермей отыр.

Н.Қалауов:

Науқасқа  облыс орталығына барып, ем қабылдауға  қажеттілік болса,  жергілікті дәрігер ауру түріне байланысты Ақтөбе қаласында  ем алуы керек деп жазып беруі керек. Осы бойынша әкімдік жолдама береді.

— Қоғамдық көліктердің  қала сыртындағы елді мекендерге баруы қалай шешіледі?

Асхат Шахаров:

Қаланың  қасындағы елді мекендерге баратын  маңызды маршруттарды қалдырамыз.

— Балалардың ойын алаңдарында балалар көп шоғырланып ойнап жүр. Неге учаскелік полицейлер жұмыс істемейді?

Ең алдымен, бұл мәселе балалардың ата-аналарының жауапкершілігіне қатысты. Мұндай жағдай қала төңірегіндегі елді мекендерде көп байқалады. Ертеңнен бастап көшеде бейберекет жүрген кәмелет жасына жетпеген балалардың ата-аналарына айыппұл салынады.

— Ақтөбе хром қосындылары зауытында жұмыс істеймін. Біз  таңертеңгілік  сағат 7.40-та  жұмыста болуымыз керек. Өзім Заречный аумағында тұрамын. Автобус біз жақтан таңертеңгілік 6.20-дан өтеді. Енді  қоғамдық көлік таңғы 7-де жүрсе, біз жұмыстан қалып қоямыз.

А.Шахаров:

Қажеттілік болса, қоғамдық көлік кестесіне өзгерісті қарастырамыз. Бүгінде ірі  мекемелер өз қызметтік көліктерін шығарып не ірі тасымалдаушылармен келісімге отырып жатыр. Негізі әр мекеменің өз көліктері болуы тиіс.

— Коменданттық сағат пен карантиннің айырмашылығы неде?

Карантин тек  Ақтөбе қаласын оқшаулап, қатаң тәртіпте ұстау мақсатында атқарылып жатыр. Облыс басшысы бірнеше апта бұрын гипермаркеттер мен  ірі өндірістік мекемелер басшыларын жинап алып, кез  келген жағдайда шектеу енгізілуі мүмкін екендігін айтты. Мұндай жағдайда қозғалысқа тыйым салынады. Алайда әркім жеке көлігімен жаяулатып жүре беретін болса,  бұл шектеу еместігін алдын ала ескерткен. Облыс әкімі ірі өндірістік мекемелер басшыларына қаланың шеткері аймағынан, қалаға таяу маңнан келіп жұмыс істейтіндерге талдау жасау қажеттігін, егер ол адамдар үйлеріне қатынауын тоқтататын болса, уақытша жатын орынмен, тамақпен қамтамасыз ету керек болатындығын да ескерткен. Мұның тағы бір екінші жолы бар. Қазірде жолаушылар қозғалысы азайды. Автопарк, троллейбус паркінің  бос тұрған көліктері де бар. Заңды тіркелген такси қызметтері де бар. Жұмыс берушілер осы мекемелермен келісімшарт жасасуы керек.

— Алға ауданының  Үшқұдық ауылдық округінен қатынап, «Анвар» супермаркетінде жұмыс істейміз. Бірақ бізді блок-бекеттен жібермей тұр.

— Азық-түлікпен қамтамасыз ететін ірі дүкендердің қызметкерлеріне арнайы рұқсат қағаздары беріледі. Жұмыс орныңыздың анықтамасын ауылдық округтің әкіміне көрсетуіңіз керек. Әкім блок-бекеттен өткізуге рұқсатнама жазып береді.

Түнделетіп жұмыстан қайтатындарға қала ішінде жүріп тұруға арнайы рұқсатнама керек пе?

Асхат Шахаров:

— Түнгі сағат  21.00-ден кейін көшеде бос жүруге болмайды. Оған арнайы рұқсат керек.

Неге емханадағы дәрігерлерді демалысқа жіберіп жатыр?

Н.Қалауов:

Қызмет көрсету орындарының  жұмысының көлеміне байланысты көпшілік орындар қашықтан жұмыс істеуге көшті. Күнделікті қызметтерге аса қажеттілік болмайтын кейбір мекемелер қызметкерлерін  қашықтан жұмыс істеуге жіберіп жатыр. Бірақ олардың еңбекақылары сақталады.

Н.Беркімбаева:

Жеке, мемлекеттік емханалар да карантинде. Тек шұғыл медициналық көмекті қажет ететіндер үшін емдеу мекемелері жұмыс істеп жатыр. Скринингтер, жоспарлы медициналық көмек көрсету шаралары тоқтатылады. Емделушілер дәрігерлерді үйлеріне шақыруына болады.

— 6655-ші  әсери бөлімде залалсыздандыру жұмыстары жасалды ма?

Н.Қалауов:

— Әскери бөлім бізбен бірге жұмыс істеп жатыр. Оларда барлық  керек-жарақ бар. Облыс басшысының Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісімен келісімі нәтижесінде алдыңғы күні 220 мың бетперде, 3 мың қорғаныс

киімі алынды. Бетперделер аз қамтылған отбасыларға, тұрғындарға  таратылып берілсе, қорғаныс киімдері дәрігерлер, полицейлер, әскери қызметкерлер, төтенше жағдай қызметкерлеріне беріледі.  Алдағы аптаның аяғында тағы да көмек келуі керек.

Жеке көлікпен жеткізу қызметін жүргізе аламын ба? Рұқсатнамам бар.

А.Шахаров:

Азық-түлік тасмалдау, тағы басқа да қажеттіліктерге  қызмет етем десе, қарап, бекітіп, рұқсат береміз.

— Заңды такси қызметі де жүзеге аса ма?

— Жоқ. Тек қажеттілікке байланысты.

Темір ауданындағы ауылдан хабарласып тұрмын. Несиемді төлей алмай отырмын. Автожол жабық,  банкпен хабарласып, тоқтата тұрайын десем, интернет байланысы жоқ.

Н.Қалауов:

Ел аумағында 16 наурыздан 15 шілдеге дейін несие төлемеуіне болады.  Ай сайынғы төлем сол қалпында қалады, бірақ төлеу мерзімі ұзартылады.

Рұқсат қағаздың арнайы формасы бар ма? Уақытында шектеу көрсетіле ме?

Иә. Рұқсат қағазда 15 сәуірге дейін деп шектеу мерзімі  көрсетіледі.

— Әскерге шақырту қалай жүзеге асады?

Н.Қалауов:

— 15 сәуірге дейін әскерге шақырту тоқтатылады. Бұл жерде басқа мәселе болуы мүмкін. Әскери резервте тұрғандарды шақыруға байланысты әр ауданға ұсыныс бергенбіз. Резервтегілерді  патрульдік қызметке, залалсыздандыру, жұмыстарына тартпақпыз. Аумақтық бригадада  2500 азамат бар.  Әскери комиссариат  арқылы шақыртпақпыз. Оларға ең төменгі жалақы төленеді, жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Ақтөбе қаласы бойынша 100 шақты адамды осындай жұмысқа тарту жоспары бар. Аудандардан шақыртып жатырмыз. Облыс басшысы шақыртылуға тиістілерді жұмыссыздар есебінен қарауды, олардың осындай қиын кезеңде көмектесуін әрі жалақы табуына мүмкіндік жасауды тапсырды.

Аудандардан ірімшік, қаймақ тасимыз. Блок-бекеттер арқылы  қалаға әкеле аламыз ба?

А.Шахаров:

— Бас санитарлық дәрігер азық-түлікті блок-бекеттер арқылы тасымалдап, сатуға рұқсат берді.

Банктер кей несие төлемдерін «төлеңіздер» деп қайта-қайта мазалап жатыр.

Н.Қалауов:

16 наурызға дейін несиесі бар адамдар үшін 15 шілдеге дейін 3 ай мерзімге жеңілдіктер сақталып отыр. Осы аралықта банктер өз салымшыларына үстемеақы қоспау, айыппұлдар салмауы керек.

— Сарымсақ, лимонның бағасы килограмына 2500 теңгеге дейін көтеріліп кетті. Неге қадағалау жүргізбейсіздер?

Негізгі тұтынатын 19 түрлі күнделікті дастарқандағы тағамға мемлекеттік реттеу бар. Ал кейбір түрлер мемлекеттен реттелетін тағамдар санатына қосылмаған. Кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармалары рейд жүргізіп, сатушылар шектік мәннен өрескел көтеріп жіберіп жатса, рейд барысында анықтайды. Мен бағаны негізсіз көтерушілер халыққа қарсы әрекет жасап отыр деп ойлаймын. Бұл жайында штаб отырысында сөз болып, облыс басшысы бағаны көтермеуді қатаң тапсырды. Оның үстіне, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін сатып алуға жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге тұрақтандыру қорына  бөлініп отыр. Қазірде облыста кемі екі айға жететін азық-түлік қоры бар.

Көктемгі егіс науқанына саяжайларға бару үшін  арнайы рұқсатнама керек пе?

А.Шахаров:

— Қаладағы 44 бау-бақша кооперативінің тек біреуі ғана қаланың шекарасынан тыс орналасқан. Ол жерде блок-бекет тұр. Негізінен, саяжайларға қатынауға шектеу жоқ. Көліктер де жүре бастайды.

Тікелей эфир кезінде облыс әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов қала тұрғандары  үшін кәріз, су, жылудың  коммуналдық төлемдері наурыз, сәуір, мамыр айларына 20 пайызға төмендетілгенін хабарлады. Электр қуаты 10 пайызға арзандады. Сол сияқты коммуналдық мекемелері бар 5 аудан тұрғындары үшін  төлемақылар 50 пайызға арзандатылды. Бұл — төтенше жағдай кезінде  жұртшылықтың қаржысы  қалтасында қалуы үшін   жасалып жатқан шара.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button