Басты жаңалықтар

Димаштың сәлемі жеткізілді

Әнші Димаш Құдайберген Нұр-Сұлтан және Ақтөбе қалаларындағы жүзден астам отбасына көмек көрсетті. Бүгін Nur Otan партиясы «Жас Отан» жастар қанатының ақтөбелік еріктілері Димаштың сәлемін жерлестеріне жеткізді.

Аталған саяси ұйымның облыстық филиалының баспасөз хатшысы Ментай Бектұрсынованың айтуынша, Димаш Ақтөбедегі екі немесе одан да көп мүгедек баланы бағып отырған 50-ден астам отбасына өз сәлемін жолдаған.

— Димаш ұсынған азық-түлік пакетін бүгін біздің еріктілер үйді-үйге жеткізді. Алғашқы қажеттіліктегі азық-түліктермен бірге «Димаш» шайы да бар. Ақтөбеліктер өз перзентінің мұндай қайырымдылығына ризашылығын білдіріп жатыр, — дейді Ментай Бектұрсынова.

Екі баласымен үйде отырған Алтынай Қонақова Димаштың бұл сыйлығына алғысын білдірді.

— Мен сияқты мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып отырған ата-аналар үшін бұл өте зор көмек. Әлем елдеріне таралған індетті осылай бірлесе жеңуге күш салуымыз керек. Димаш жақсы үлгі көрсетті. Димаштың әндерін мен де, балаларым да жақсы көреді, оның жетістіктеріне өзім үнемі тілекші болып жүремін, — дейді ол.

Саяжайда тұратын Күнсая Қожабекова да енді балаларымен бірге сүйікті әншілерінің сыйлығына риясыз риза болып жатыр.

— Жерлесіміз Димаш жақсы тәрбие көрген бала екендігін тағы бір мәрте көрсетті.

Бұл — үлкен адамгершіліктің көрінісі. Осындай қиын шақта өзін сүйген халқына көмектесіп жатқан баламызға алғысымызды білдіреміз, — дейді ол.

Ментай Бектұрсынованың айтуынша, жасотандықтар әншінің сәлемдемесін барлық үйге таратты. Димаш екі қаладағы осындай отбасыларға 5 тонна көлемінде азық-түлік жолдады.

Айта кетейік, бұған дейін Димаш өзінің инстаграмдағы парақшасында барлық  жанкүйерлерін коронавирус індеті кезінде үйден шықпауға шақырған болатын.

«Бұл әзіл емес, өте күрделі жайт. Бұл вирусты жеңетінімізге сенемін, себебі бәрі де өткінші. Мен сіздерге сенемін, өздеріңізді қорғап жүріңіздер. Біз үйде отыруға тиіспіз. Сіздерге ең алдымен денсаулық тілеймін. Күллі әлемді билеген ауыр індеттің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан барлық сақтық шараларына немқұрайды қарамауға шақырамын. Сәл төзімділік танытыңыздар! Алла бәрімізге сабыр берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бұл да бір өтпелі дәурен. Біз бұл дертті жеңіп шығамыз», —  деді Димаш.

Сондай-ақ, Димаш өз парақшасында дәрігерлерге де алғысын білдірген-ді.

«Өзге адамдарға көмектесу үшін басын қатерге тігіп жатқан медициналық қызметшілерге шын көңілден алғыс айтамын. Қазақстандағы және әлемдегі барлық дәрігерлерге басымды иемін. Әншілер мен кино жұлдыздары әрдайым қошеметке ие болады, бірақ менің көзқарасым бойынша – дәрігерлер одан да зор құрметке лайықты», — деді Димаш.

Айта кетейік, коронавирус індетіне байланысты Димаштың «Arnau Tour» әлемдік турнесі аясындағы концерттері кейінге шегерілген болатын.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button