Жаңалықтар

Блок-бекеттер қалыпты жұмыс істеуде

Өткен сенбі күні облыстық қоғамдық кеңес мүшелері — ҚР Бейбітшілік және келісім кеңесінің облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов,  «Желдорфармация» АҚ директоры Құдайберген Бекенов және «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин төтенше жағдайға байланысты Ақтөбе қаласына кіріп-шығуды қадағалау үшін ашылған бекеттердің жұмысымен танысты.  

Жалпы Ақтөбе облысының аймағынан 7 жерге блок бекеттер қойылды. Солардың бірі Ақтөбе-Атырау Алға бағытының 12-шақырымында орналасқан.

Осында облыстық полиция департаменті арнайы даярлық басқармасы бастығының орынбасары Алмат Иманғалиев жұмыстың ұйымдастырылу барысымен таныстырды. Мұнда тәртіп сақшыларымен қатар, әскери қызметкерлер, дәрігерлер, Ақтөбе қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары бірлесіп қызмет атқаруда. Олар дала жағдайында палаткаларда орналасқан. Осында демалып, тамақтанады.

Қалаға кіріп-шығатын көліктердің арнайы рұқсат құжаттары тексеріліп, сонымен қатар қозғалыс техникасы арнайы дезинфекциялаудан өткізіледі.

Ақтөбе қаласындағы №30238 әскери бөлімінің жауынгерлері де кезекшілік жұмыстарын атқаруда. №4 блок-бекетіне жауапты болып бекітілген лейтенант Руслан Мұқанов палаткадағы өздерінің жағдайларымен таныстырды. Ол жауынгерлердің өздеріне берілген тапсырманы толық орындауға мүмкіндіктері бар екенін, ең бастысы қауіпсіздікті сақтау қажеттігін алға тартты.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Айдос Құлжановтың айтуынша, төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бергі уақытта облыс аумағында 111 тәртіп бұзу деректері орын алған.

Ақтөбе қаласының жиырма бір жасар тұрғыны блок-бекетін айналып өтіп, Алға қаласына дейін жеткен. Тәртіп бұзушы сол жерде ұсталып, ол бес күнге қамауға алынған. Қазіргі уақытта мұндай тәртіп бұзушылыққа тоқсауыл қою мақсатында айналма жолдарға орлар қазылған.

Самара-Шымкент тасжолы бойларындағы Хромтау бағытының 776 шақырымында орналасқан Белогорка ауылы маңындағы блок-бекетінде де жұмыс өз деңгейінде ұйымдастырылған. Мұнда МАИ қызметкерлері ауыр жүк көліктерін топтастырып, қала сыртындағы айналма жол арқылы өткізуді үйлестіріп отырады.  Аталған блок бекеттерде азаматтардың қызуын өлшеуге арналған құралдар және көліктерге жасалатын залалсыздандыру құрылғылары жеткілікті жұмыс жасауда. Осындағы кезекшілер әзірге тосын жағдайдың кезікпегенін, алайда жолаушылар арасында кішкентай сәбилерімен жолға шыққандары кездесетіндігін алаңдаушылықпен айтты.

Халық қауіпсіздігі үшін уақытпен санаспай, жанкешті еңбек етіп жүрген азаматтарға қоғамдық ұйымдар, мекемелер тарапынан қолдау көрсетілуде. Сол күні кезекшілікте болғандарға рухани азық  облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің жаңа сандары жеткізіліп берілді.

Бұл — өткен сенбі күнгі ахуал. Ал оның бер жағында 6 сәуірден бастап Ақтөбе қаласының аумағында карантин жағдайы енгізілді. Демек, аталған қызмет салаларында кезекшілікте тұрған азаматтар үшін жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да ауырлай түспек. Мұны тұрғындардың да дұрыс түсініп, тәртіпті бұзбай, белгіленген ережеге сәйкес әрекет жасағаны дұрыс.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button