Білім

Жаңа формат. Екі тәсіл: мұғалім ешкімге есеп бермейді

Мектептерде төртінші оқу тоқсаны басталды. Облыстағы 402 мектептегі 151 058 бала қашықтан білім алу технологиясы бойынша өткізілген  сабақтарға алғаш рет қатысты (Бұған дейін олар үшін сәуірдің 1-і күні сынақ сабақ ұйымдастырылған болатын). Жаңа формат енгізілген бастапқы күн туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменовамен тілдескен едік. Сонымен…

Білім және ғылым министрлігі қашықтан оқытудың 4 тетігін ұсынған болатын. Біздің облыстың білім шаңырақтары екі тәсілді қолға алды.

— Біріншісі — сабақты интернет платформалары арқылы өткізу. Бұл әдіс бойынша қазір оқушылардың 89 пайызы қамтылып отыр. Яғни 134 288 балаға сабақ платформалардың көмегімен беріледі. Қай мектеп «Bilimland», «Google Classroom», «Daryn.online» «Күнделік» секілді платформалардың қайсысын таңдаса да өз еркі,  шектеу қойылмайды. Педагогтер мен оқушылар «Күнделік» электронды журналы, «Whatsapp», телеграмм, электронды пошталар арқылы кері байланыс жасай алады.

Екінші тәсіл «Балапан» мен «Еларна» телеарналары арқылы берілетін бейнесабақтардың көмегімен өткізіледі. Әр сыныптың сабақ кестесі бекітілді. Бұл туралы арнайы нұсқаулықтар барлық аудандық білім бөлімдеріне жеткізілді. Олар тиісінше мектептерге таратты. Телеарналар арқылы өткізілетін сабақтар 186 мектепте білім алып жатқан 16 770 оқушыны (жалпы оқушылардың 11 пайызы) қамтиды. Бұл мектептердің оқушылары мүмкін болса, әлеуметтік желілер арқылы педагогпен кері байланысқа шығады. Интернет арқылы жіберуге жағдай болмаса, курьерлік қызмет ұйымдастырылады. Балаларға берілетін тапсырмаларды курьерлер үй-үйді аралап, оқушыларға таратады және орындалған тапсырманы педагогке апарып береді, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Қазір облыста қашықтан оқыту бойынша 14 Call-орталық жұмыс жасап жатыр. Бұл орталықтар әр ауданның орталығында, Ақтөбе қаласында және облыстық білім басқармасының жанынан құрылған. Онда жалпы 42 қызметкер жұмыс жасауда.

— Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілген тапсырмаға байланысты еліміздегі төтенше жағдайға орай қашықтан  оқу технологиясы бойынша білім беріп жатқан педагог директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарына немесе директор аудандық білім бөлімінің басшысына мектеп оқушыларының сабаққа қатысымы, сабақпен қамтылуы туралы ешқандай есеп бермейді. Мұғалімнің жұмыстарына тексеру жүргізілмейді. Бұл туралы министрліктен тиісті білім беру мекемелеріне қатаң ескертілді. Педагогтерге өздеріне жүктелген үлкен міндетті жауапкершілікпен орындайтынына сенім артылып отыр.

Қазір кейбір аудандардан, мектептерден «балалар мектепті, мұғалімдерін, сыныптастарын сағынып қалыпты. Сабақ оқуға белсенділік танытып, құлшынып, ықылас танытытып жатыр» деген мазмұндағы хабарламалар келіп жатыр.

Ал оқу процесі үшін қосымша не қажет, не жетіспейді? Бұл туралы бүгінгі, ертеңгі өткізілетін сабақтардың қорытындысында толық талдау жасалады, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Айта кету керек, бүгіннен бастап, яғни сәуірдің 6-сынан бастап облыстағы үздік педагогтердің барлық сыныптарға арналған осы аптадағы (6-10 сәуір) сабақтары облыстық білім басқармасының жанындағы ютуб каналдарынан көрсетілуде. Мұның бәрі педагогтер үшін үлкен көмек.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button