Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбе облысына Қытай Халық Республикасынан гуманитарлық көмек келді

Ақтөбе облысына Қытай Халық Республикасынан гуманитарлық көмек келді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыс әкімдеріне халықты, оның ішінде көмекке мұқтаж осал топтарды қолдау тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында өңірде әлеуметтік қолдаудың барлық шаралары жасалуда.

Президенттің тікелей қолдауымен облыс әкімдігі мен Қытай Халық Республикасындағы Елшілік арасындағы келісім негізінде облысқа 220 мың медициналық бетперде, 3000 қорғаныш киімі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы мен Шаньдун өңірінен жеткізілді.
Гуманитарлық көмекті күтіп алу шарасына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Вей Юйсян, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.
— Қиын кезеңде бізге қол ұшын созуға ниет білдірген барлық азаматтарға алғыс білдіреміз. Қазір көрші мемлекеттен өзге жергілікті кәсіпкерлер де ұйымшылдық танытуда. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарды қолдауға бюджеттен 900 миллион теңге, ал азық-түлік және бірінші кезектегі тұрмыстық тауарлармен қамтамасыз ету үшін 500 миллион теңге бөлінді, — деді өңір басшысы.
Қазіргі таңда облыста әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау мақсатында жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, бүгінге дейін үш мыңнан астам отбасының балаларын онлайн оқыту үшін 500 млн теңге, коронавирус инфекциясымен күресу үшін бірінші кезектегі қажетті медициналық жабдықтарды сатып алуға 529 млн теңге бөлінді.

Облыс әкімдігі коммуналдық мекемелермен келіссөздер жүргізу нәтижесінде Ақтөбе қаласының тұрғындары үшін су, жылу, кәріз төлемдерінің тарифтері 20 %-ға, электр жарығы 10%-ға төмендесе, облыстың 5 ауданында (Алға, Мұғалжар, Темір, Хромтау, Шалқар) бұл тарифтер 50%-ға дейін төмендетілді.
Президент мәлімдемесінде айтылғандай, халықты бетперде, антисептиктер сияқты қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету – әкімдіктің басты міндеттерінің бірі.
Сондықтан гуманитарлық көмек Ақтөбе қаласының әкімдігі мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы мұқтаж азаматтарға таратылатын болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.