Басты бет » Жаңалықтар » Елбасы өңір тұрғындарының жағдайын сұрады

Елбасы өңір тұрғындарының жағдайын сұрады

Кеше, 3 сәуір күні, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен телефон арқылы байланысқа шығып, елдің хал-жағдайын сұрады.
Ақтөбе өңіріндегі жалпы жағдайдың тұрақтылығымен, індетке қарсы жасалып жатқан жұмыстардың жоспарымен танысып, облыс тарапынан қабылданған шаралардың дұрыстығын мақұлдады. Соның ішінде республикалық бюджеттен бөлінетін көмектен тыс облыстық бюджеттен жәрдемақылардың бөлінуін дұрыс әрекет деп бағалады.
Сондай-ақ коммуналдық төлемдердің жеңілдетілгенін уақтылы жасалған алдын алу шарасы ретінде қолдады.
Елбасы көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары барысымен де танысып, уақытқа сай жер ылғалын тиімді пайдаланып, ауылшаруашылық технологияларды сақтай отырып, егістікке мұқият назар аударуды тапсырды. Өңірдегі мал шаруашылығының да жай-күйінен хабардар болды.
Сонымен бірге төтенше жағдайға байланысты Елбасы қорынан Nur Otan партиясы арқылы жеткізілетін көмектің бөлінуінің ретімен ақылдасты. Яғни елге жәрдем ретінде жеткізілетін азық-түлік, дәрі-дәрмек, басқа да қажетті заттардың таратылып жеткізілуі жөнінде пікірін сұрады.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қайырымдылық ретінде берілетін заттарды еріктілер арқылы жеткізу олардың денсаулығына қауіп төндіру ықтималдығы бар екендігіне алаңдаушылық білдіріп, көмекті әркімнің жеке есебшотына ақшалай аударған ыңғайлы болар деген ұсынысын айтты.
Елбасы Оңдасын Оразалиннің өзінің жанында біраз жыл бірге жүріп, қызмет барысында жинаған тәжірибесіне көңілі толатындығын айта келе, төтенше жағдай уақытындағы облыс көлемінде атқарылып жатқан барлық жұмыстарға оң баға беріп, сенім білдірді.
Сондай-ақ Елбасы түбінде бұл індетті халықтың ауызбіршілікпен жеңіп шығатынына ешқандай күмән келтірмей, құтты мекен – Ақтөбеге келіп, өңір тұрғындарымен жүздесу жоспарымен бөлісті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.