Пікір

Тәртіп тазалықтан басталады

Ғанибек ЕСЕНЖОЛОВ, 

жұмысшы жас

Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа соңғы өзгерістерді, Үкіметтік деңгейдегі қолдауды дер уақытында жеткізіп келеді.

Соның бір көрінісі ретінде елдегі «Қарулы Күштердің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілер арнаулы жиындарға шақырылсын» деген қаулысы дұрыс шешімдердің бірі деп есептеймін. Коронавируспен күресте әскерилер де атсалысса, артық етпейді. Біз бұл індетті бірігіп қана жеңеміз.

Өзім де осы елдің азаматы ретінде берілген талаптарды мүлтіксіз орындап жүргенімді айтқым келеді. Бұрынғыдай бейберекет далаға шықпаймын, тазалық шараларын екі есе көп орындауға көштім. Өйткені, тәртіп тазалықтан басталатынын ұмытпауымыз керек. Ол үшін жеке бас гигиенасын сақтап, атап айтқанда, қолды жиі жуып, барлық антисептик құралдарды пайдаланып, барынша қорғануымыз керек. Сыртқа шыққанда міндетті түрде бетперде кигеніміз дұрыс.

Жас та болсам отбасым бар. Балаларыма індеттің зиянын түсіндіріп, одан қорғану жолдарын көрсетіп жатырмын. Мүмкіндігінше далаға шығармауға тырысамын.

Қазақстан, соның ішінде Ақтөбе — ортақ үйіміз. Сондықтан осы індетті ауыздықтауға барлығымыз күш салып, мәселеге атүсті қарамасақ екен.

Пандемия деп отбасымыздың жағдайын ғана ойлауға болмайды. Айналамыздағы адамдарға, қарттарға көмектесіп, өз ақшасына дүкеннен нан-сүтін әкеліп берсек те қарайласайық. Ешкімді де назардан тыс қалдырмайық.

Сын сағатта қалыптасқан береке-бірлігімізге, тату тіршілігімізге селкеу түсірмей, қайта соны нығайтуға күш салайық!

Ақтөбе қаласы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button