Білім

Төртінші оқу тоқсаны: 81 мектеп дәстүрлі оқуды жалғастырады. 321 мектеп жаңа форматқа көшеді

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен жиында қашықтан оқытуға арналған жұмыстардың дайындығы пысықталды. Бейнеконференцияға Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық білім басқармасы және Ақтөбе қаласы мен аудандық білім бөлімдерінің басшылары, арнайы білім беру мекемелерінің директорлары қатысты.

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қазір облыстағы барлық жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері қашықтан оқытуға көшті. 6 сәуірде мектепте төртінші оқу тоқсаны басталады.

Бүгінгі күні облыста 150 мыңнан астам оқушы болса, соның 6 мыңына жуығы, яғни 81 мектептің оқушылары дәстүрлі түрде оқуларын жалғастырады. Ал қалған 321 мектептің балаларына жаңа формат бойынша білім беріледі.

Қашықтан оқыту үшін оқушылар мен мектеп мұғалімдеріне барлық жағдай жасалып жатыр. Мысалы, қазір смартфондары мен компьютерлері жоқ, сондай-ақ интернеті жоқ ауылдардағы мектеп оқушыларының есебі алынды. Интернетпен қамтылмаған оқушыларға «Еларна», «Балапан» телеарналарынан бекітілген кестеге сәйкес сабақ беріледі. Сондай-ақ оқушыларды компьютерлермен, ноутбуктармен қамтамасыз ету бойынша облыстық бюджетке қаражат бөлу үшін тиісті ұсыныстар беріліп, жұмыстар жасалуда.

Бейнеконференция қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет барлық білім саласының басшылары мен мамандарына сақтық, қауіпсіздік шараларын күшейту, ұжымы мен отбасыларына жауапкершілікпен қарау, үйлерінен шықпай, қашықтан оқытуға дайындықты пысықтау тапсырылды.

Сондай-ақ оқу процесін дәстүрлі түрде жалғастыратын мұғалімдерге, қызметкерлерге сақтық шараларын қатаң сақтап, бетперделерді, антисептикалық құралдарды, қолғаптарды үнемі пайдаланып жүру, балалардың бірінен бірі қашықтықта отыруын, қол беріп амандаспауын қадағалау, тәртіпті күшейту талабы қойылды. Сонымен қатар ата-аналармен тығыз байланысты одан сайын арттырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, басшыларға аталған мәселелерді ұйымдастыру және тұрақты бақылауға алу міндеттелді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button