Басты жаңалықтар

Ақтөбе облысында 44 534 адамға облыстық бюджеттен 20 мың теңгеден көмек беріледі

Төтенше жағдай кезінде Президент тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе облысы ел өңірлері арасында бірінші болып «Дағдарысқа қарсы жедел шаралар» топтамасын қабылдап, облыстың бюджетін қайта нақтылаған болатын. Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин осы және өзге де мәселелер бойынша  Қазақ радиосының тікелей эфирінде сұхбат берді.

Қазақ радиосының «Басты тақырып» хабарына қашықтан тікелей эфир арқылы сұхбат берген облыс әкімі Оңдасын Оразалин тілші Дулат Әбибуллаевтың төтенше жағдай кезіндегі Ақтөбе облысының жалпы ахуалын білуге қатысты қойған сауалына:

Қазір әлемдегі, оның ішінде елімізде коронавирус індетіне қатысты ақпаратты орталықтағы, жергілікті жерлердегі бұқаралық ақпарат құралдары дер кезінде беріп жатыр. Өкінішке қарай, 22 наурызда Ақтөбе облысында вирус жұқтырған науқасқа байланысты алғашқы жағдай тіркелді. Студент жігіт Испаниядан Мәскеу арқылы Ақтөбеге келген. Содан кейін сырт елдерден келген 5 азаматтың бойынан осындай індеттің белгілері анықталды. Олардың бұл  індетті жақындарына жұқтырғандары да болды. Әрине, әуежайда ауру белгілері анықталған науқастарға оқшаулау жұмыстары дер кезінде жүргізілді. Алайда Алматы қаласынан келген бір азамат бұл  ауруды анасына жұқтырса, осы өңірден келген тағы бір тұрғын жұбайы мен баласына жұқтырғаны анықталды. Қазіргі таңда облыста 8 коронавирус жұқтыру дерегі тіркеліп отыр, — деді.

Облыс әкімі өз сөзінде Ақтөбе өңірінің халқын әлемде, оның ішінде елімізде таралған індеттен қорғау үшін аймақта сақтық шараларын күшейту мақсатында  төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияға ұсыныс енгізгенін, бұл ұсыныс қолдау тауып, наурыз айының 30-ынан 31-іне қараған түні сағат 00.00-ден бастап облыста ерекше жағдайда шектеу режимі жүзеге асырылғанын атап өтті.

Бүгінде Ақтөбе қаласының және барлық аудандардың сыртқы периметрлеріне блок-бекеттер қойылды. Қазіргі күні ауыл арасындағы қарым-қатынас та тоқтатылды. 15 сәуірге дейін ақтөбеліктердің ағайын-туыс, жекжат-жұрағат, көрші-көлемі болмасын, бір-бірімен қарым-қатынас орнатуына қатаң режимде тыйым салып жатырмыз. Егер 1-2 аптаның ішінде сол аймақтарда  індеттің анықталу дерегі тіркелмесе, онда тұрғындардың көрші ауылдармен байланыс орнатуына мүмкіндік беретін боламыз. Бұл — шектеу шараларының жалпы ережелеріне сәйкес жүргізіліп жатқан іс. Ал егер облыс орталығында мұндай деректер көбейетін болса, онда қаланың өзін карантинге жабуға дайындалып отырмыз, — деді Оңдасын Оразалин.

Дағдарыс кезінде Ақтөбе облысының экономикалық көрсеткішін әрі халықтың тұрмыс деңгейін өз қалпында сақтап қалу үшін қандай шаралардың қолға алынып жатқаны турасында қойған тілші сауалына облыс әкімі:

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, мұқтаж азаматтарға қолдау шараларының жүзеге асырылып жатқанын білесіздер. Ал өңірлік жағдайға байланысты  облыстық жедел штабтың хаттамалық тапсырмасына сәйкес, халықтың осал тобына жататын азаматтарға төтенше жағдай кезінде олардың әрқайсысына  20 мың теңгеден қолдау көрсету туралы шешімге келдік. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 900 миллион теңгеге жуық қаржы  қарастырылды. Облыста 44 мың 500 адам осындай қолдауға ие болмақ. Олар — бірінші және екінші топ мүгедектері, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, мүгедек баланың күтімімен айналысатын ата-аналар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерге күтім көрсететін тұлғалар, сондай-ақ жалғызбасты және жалғыз тұратын зейнеткерлер мен әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастар, көпбалалы отбасылар. Осындай азаматтардың әрқайсысына қаржылай қолдау түрін ұсынғанды жөн көрдік. Мәслихат депутаттары бұл шешімге қолдау танытты. Сол сияқты, қазіргі жағдайда көптеген табыс көздерінің жабылуына байланысты жеке және заңды тұлғаларға коммуналдық төлемдердің мөлшерін төмендету жағын қарастырған болатынбыз.  Атап айтсақ, қала бойынша суға, жылуға, кәріз суы үшін коммуналдық төлемдерді 20 пайызға, аудандарда 50 пайызға дейін төмендету, ал электр қуатын 10 пайызға дейін төмендету  шарасы қабылданды. Бұл жұмыстар бюджет есебі қаражатынан жүргізілетіндей етіп өз мойнымызға алдық. Бұл бағытқа 400 миллион теңге қарастырылды, — деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі өз сөзінде әлемде мұнай бағасының құлдырауына байланысты бюджеттің кіріс бөлігінің де төмендегені байқалатынын, алайда соған қарамастан төтенше жағдайда халыққа мейлінше әлеуметтік қолдау шараларын жүргізу — бүгінгі басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. «Қазіргі таңда бізге әр азаматтың денсаулығы маңызды. Қауіпті індеттен сақтап қалу үшін біз осындай шешімдер қабылдадық», — деді облыс басшысы.

Радионың тікелей эфирі арқылы өткізілген сұхбат барысында облыс әкімі Президенттің дағдарысқа қарсы шаралар топтамасына сәйкес, аймақта атқарылып жатқан шаруалар жайын да тілге тиек етті. Оның ішінде шағын және орта бизнесті түрлі салықтардан босату, әкімдіктердің мұндай субъектілердің өнімдерін сатып алу және басқа да қолдау шараларына қатысты жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Бұл бағытта қарастырылған қаражатты тиімді пайдалану, жергілікті қамтудың үлесін арттыру мәселесі де сөз болды.

  • Қазіргі таңда бізде әскери құрылымдардың жеке құрамдары, Ұлттық гвардияның жеке құрамы бар. Оның үстіне полиция департаментінің жеке құрамының күшімен қатаң тәртіп режимін жүргізіп жатырмыз. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, бүгінде облыста жергілікті әскери басқару органдары арқылы 2500-дей жуық әскери міндеттілерді шақыруға мүмкіндігіміз бар. Менің ойымша, кемінде 300 адамнан тұратын 3 батальонды құруға болады. Алайда мұның барлығы қаражатқа тіреледі. Әр батальонды құру үшін кемі 300 миллион теңгенің үстінде қаражат бөлу керек. Қазіргі күні мен бірінші батальонды құру туралы тапсырма бердім. Бірақ оның қажеттілігі әлі де қаралады, — деді облыс әкімі.

«Коронавирус індеті қай елде, қай өңірде болмасын, медициналық жүйенің сапасын көрсеткендей болды. Облыста індеттің алдын алуда медициналық мекемелердің жабдықталуы, бетперде мәселесі қалай шешімін тапты», — деген тілші сауалына облыс әкімі былайша жауап қатты:

  • Ақтөбе — медицина саласы бойынша бұрыннан ерекше дамып келе жатқан аймақ. Өңіріміздегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің түлектері тек Ақтөбеде ғана емес, жалпы Қазақстанда, шет мемлекеттерде де қызмет етіп жатыр. Мұның өзі бұл оқу орнының кәсіби тұрғыда жоғары мамандарды даярлайтын орталық екенін дәлелдейді. Сондықтан біз өзіміздің мамандарымызға сенуіміз керек. Менің ойымша, біздің мамандардың біліктілігі де, дайындығы да жаман емес. Індеттің алдын алу үшін тиісті қорлар дайындадық, тиісті көлемде қаражат бөлінді. Оның үстіне, сессия отырысында жалпы төтенше жағдайды қамтамасыз ету үшін қосымша 3,3 миллиард теңге бөліп отырмыз. Ал медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін қосымша 500 миллион теңге қарастырылды. Бұл орайда біз республика тарапынан ерекше қолдау көріп отырмыз. Қазіргі таңда мамандарымыз да, олардың мүмкіншіліктері де жеткілікті.

Тікелей эфир барысында облыс әкімі төтенше жағдайға байланысты облыс оқушыларын қашықтан оқыту мәселесіне қатысты атқарылып жатқан шараларға да тоқталды. Оңдасын Оразалиннің айтуынша, аймақтағы 300-ден астам елді мекеннің басым көпшілігінде интернет жүйесі жоқ. Облыста 480 миллион теңге қаражатқа 3 мың ноутбук сатып алу шарасы жүзеге асырылған. Бұл ноутбуктер аз қамтылған отбасы балаларына әрі интернеті бар ауылдарда құрылғысы жоқ оқушыларға уақытша пайдалануға берілетін болады.   Бұл орайда ол тыңдармандар тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға жауап берді. Соның бірі — шектеу шаралары кезінде кейбір айрықша жағдайларға байланысты блок-бекеттерден өту мәселесі. Облыс әкімі бұндай мәселелерді облыстың жедел штабпен келісе отырып, шешуге болатынын айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button