Жаңалықтар

Шекарадан өткендер қатаң бақыланады

Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары Медет Ысқақовтың хабарлауынша, Ресей Федерациясынан  бері өткен қазақстандықтарды  күтіп алуға «Жайсаң» өткізу бекетіне екі «Газель» көлігі қойылған.  Бірі — Мәртөк ауданы тұрғындары үшін, екіншісі Жайсаң бекетінен өтетін қазақстандықтар үшін  қойылды.  Қазақстандықтар Жайсаң өткізу бекетінен жаяу Қурайлы блок-бекетіне келеді де, бұл жерде пирометрмен дене қызуы өлшенген соң олардың қолдарына  рұқсатнама қағазы беріледі. Блок-бекеттерден өткендерді «Газель» көлігі күтіп тұрып, оларды Ақтөбеге жеткізіп тастайды.  Бұл — жолаушылардың жеке көліктерге отырып кетпеуі үшін жасалған сақтық шара.

Ал Ресей Федерациясы  шекарасынан бері өткен  Мәртөк ауданы тұрғындары да осындай санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудан  өткен соң, олардың барлық мәліметтері жазылған арнайы анкета толтырылады. Қурайлы блок-бекетінде олар  14 күн бойы үйден шықпауға қолхат жазады.  Үй карантинінде отырғандармен жергілікті медбике мен учаскелік полицейлер күнделікті хабарласып отырады. Үйдегі оқшаулау тәртібін бұзғандар  ірі көлемде айыппұл төлейді.

Бүгінде Ресей Федерациясы жағынан Саралчын бекетінен Жайсаң өткізу бекетіне күніне шамамен 40-50 қазақстандық өтіп жатыр. Ол жақтан келетін транзиттік  ірі жүк көліктеріне тоқтау жоқ, тек бері қарай жеңіл көліктер өткізілмейді.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button