Жаңалықтар

Бекет басындағы баспана

Төтенше жағдайға байланысты аудан, ауыл арасында да блок-бекеттер қойылып, көлік қатынасы шектелді. Жергілікті тұрғындар  қауіпсіздік шараларына бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін жұмылу керектігін ұғынды.

Ауылға кіреберістегі блок-бекеттерде көлік кептелісін реттеп, жолаушылардың құжаттарын тексеріп, кірген-шыққан адамдар мен көлікке дезинфекция жасау жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі. Мұндай жұмыстарға ыңғайлы болуы үшін Ойыл ауданына қарасты Ш.Берсиев атындағы ауылдық округі бірауыздан келісіп, алдымен блок-бекет орналасқан жерге вагон апарып қойды. Бұл күнұзаққа блок- бекетте тұратындар үшін керек. Ауа райының қолайсыздығы кезінде далада немесе көлікте емес, вагонның ішінде тынығады.

Учаскелік инспекторымыз Нұрлан Мұқашев блок-бекет қойылғаннан бері тыным көрген жоқ. Оның қасына ауылдың ерікті жігіттерінен көмекшілер жасақтадық. Қазір үш адамнан 8 сағаттық кезекшілік ұйымдастырылды. Кезекшілікте тұратын осы адамдарға ауылдың кәсіпкерлері күн сайын түскі ас жеткізіп беретін болды. Бәтима Исаева, Назгүл Ешпановалар блок-бекетте тұрғандарды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге атсалысып отыр. Ал бетперде тігіп, тегін тарату әлі жалғаса береді. Мен осындай ел басына түскен сынақта ауызбіршілік көрсетіп отырған жерлестеріме алғысымды айтамын, — дейді округ әкімі Әділбек Ізбасов.

Оның айтуынша, ауыл арасындағы жолдар жабылғанымен, тұрғындардың аудан орталығынан азық-түлікке, дәрі-дәрмек алуға, тағы басқа қысылтаяң шаруаларға баруына кедергі жоқ. Әрі-бері өткен жүргіншілер блок-бекеттен әбден тексеріліп, қатаң бақылаудан өтетін болады.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button