Пікір

Ешкім ескерусіз қалмайды

Орынбасар ТАКШИМОВ,

Қарғалы аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, зейнеткер:

— Осынау қиын сәтте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, алаңдап отырған халыққа дем бергендей болды. Қазіргі қысылтаяң уақытта еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін қамқорлықта болатыны, Үкімет тарапынан ешкім де ескерусіз қалмайтыны айтылды.

Өндіріс тоқтап, барыс-келіс қиындады, нағыз далаға шығып асыр салып ойнайтын уақытта бала-шаға үйде қамалып, елдің салы суға кеткен кезде билік тарапынан барлық амал-шаралар  жасалуда. Байқаған адамға қаржылық дағдарысқа қарамастан азық-түлік бағасының шарықтамауы қадағаланып, әр санаттағы адамдарға қосымша қолдау болар үстемелер қосылуда. Індетпен қабаттаса келген қаржылық қиындық та қыспаққа алған кезде Президенттің жұмылып жұдырық боламыз дегені көңілге демеу.

Президентіміз өз мәлімдемесінде күні-түні жаман індетпен арпалысып, жанын шүберекке түйіп жүрген ақ халаттыларға ерекше құрмет көрсетілетінін, тәртіп сақшылары мен әскерилердің де еңбегі жоғары бағаланатынын айтты. Елдегі қиындықпен қатар күні ертең басталар көктемгі егіске жан-жақты көмекке тоқталып, кәсіпкерлерді қолдаудағы бағыттарға  бөлінген қаржы субсидияларды да ел есіне сала кетті.

Ендеше біз де еліміз үшін осындай сын сағатта жасалып жатқан қолдауларға шүкіршілік айтып, сабырлылық танытып, Мемлекет басшысының бастамаларына қолдау білдірейік.

Басқа жаңалықтар

Back to top button