Жаңалықтар

Көпбалалы отбасыларға қуаныш сыйлады

Елімізде белең алған коронавирус індетіне байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде мектеп оқушылары қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Алайда өңірдегі аудандарда кейбір көпбалалы аналардың балаларын үйден оқытуға мүмкіндігі болмай отыр.

Алға ауданының тұрғыны Нұрсұлтан Жаумытбаев сәуір айының басында аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдау көрсету мақсатында инстаграм әлеуметтік желісінде парақша ашып, игі бастаманы қолға алды. Нұрсұлтан аз уақыттың ішінде сауапты іске қолдау көрсетіп, ақшалай көмек көрсетіп жатқандардың барын қуанышпен жеткізді.

— Анам аудандағы білім бөлімінде жұмыс жасайды. Қашықтан оқыту жүйесі енгізілгелі жалғызбасты, көпбалалы аналар компьютер, планшет алуға мүмкіндігі жоғын айтып хабарласқан. Осындай қиын сәтте анамнан мектепте әлеуметтік жағдайы төмен ата-аналардың тізімін алып, азаматтық белсенділік танытып, көмектесуді жөн көрдім. Бір қуантарлығы, бұл іске көмектесіп жатқандар — жұмыссыз жастар және студенттер. Оның ішінде Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы таныс достарым, Шығыс Қазақстан облысынан, Шымкент қаласынан ақшалай қолдау көрсеткендер бар. Алдағы уақытта тек электронды құралдармен ғана емес, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтығымыз келеді. Аудандағы кәсіпкерлер де осы бастамаға қолдау көрсетсе екен, — дейді ол.

Нұрсұлтан жастардың көмегімен 2-3 күннің аралығында аудандағы электронды құралдар сататын «Alser» дүкенінен 4 көпбалалы отбасыға орташа бағасы 30-40 мың теңге тұратын  планшет алып берген. Бірақ ол ешбір еріктілер ұйымының мүшесі емес. Бүгінде Еуразия Ұлттық Университетінде ақпараттық технологиялар факультетінің автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша 4-курс студенті.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button