Жаңалықтар

Күдіктен гөрі үміт зор

3 сәуір күні әлемде коронавирус індетін жұқтырғандар саны 1 миллионнан асты. АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, қауіпті жаңа вирусты жұқтырғандардың саны — 1 015 403 адам.

Ал осы індеттен көз жұмғандардың саны 53 мыңнан асып отыр. Қайтыс болғандар саны бойынша тізімнің ең басында Италия тұр, бұл елде індеттің қайта оралмас құрбанына айналғандар саны 14 мың адамға жуықтады. Тізімде екінші тұрған Испанияда қайтыс болғандар 10 мыңнан асты. АҚШ-та қайтыс болғандар саны 6 мыңға жақындаса, Францияда 5 мыңнан асты.

Коронавирус жұқтырғандар саны бойынша тізімде төртінші тұрған Германияда 85 мыңға жуық науқас бар, ал қайтыс болғандар саны — 1107 адам. Германияда қайтыс болған науқастардың басқа елдермен салыстырғанда үлес жағынан аз болуын сарапшылар осы елдегі медицина саласының озықтығымен, әсіресе, 100 мың тұрғынға шаққандағы кереует саны көрсеткішінің Италия, Испания елдерінен 2-3 есе көп болуымен байланыстырып отыр.

О баста індет ошағы болған Қытай жалпы науқастар саны жөнінен де, қайтыс болғандар саны жөнінен де тізімде 5-орынға «ысырылған». Дегенмен мұнда да коронавирус жұқтырғандар тізімі күніге «толығады». Оған себеп — әр елдерден отанына оралып жатқан Қытай азаматтары. Соңғы тәуліктерде мұнда шетелден келгендер арасынан 870 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталыпты. 4 сәуір бұл елде COVID-19 дертінен қайтыс болғандарды еске алу үшін ұлттық аза тұту күні боп жарияланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 31 наурыз күнгі мәлімдемесінде: «Біз төтенше жағдай жариялап, Қазақстанда вирустың жаппай таралуына жол бермедік. Соның арқасында ахуалды бақылауда ұстап отырмыз. Халқы Қазақстанмен шамалас кейбір елдерде коронавирусқа шалдыққандар саны ондаған есе көп», — деген еді. Бұл сөздің растығына халқының саны бізбен шамалас немесе тіпті екі есеге жуық аз болып келетін Швеция, Норвегия, Израиль, Бельгия, Нидерланд, т.б. елдердің осы дертке қатысты көрсеткіштері арқылы көз жеткізе аламыз. Айталық, Бельгияда 11,4 миллион халық тұрады. Олардың 14 мыңға жуығы  COVID-19 дертіне шалдығып, елде осы аурудан қайтыс болғандар саны 820-дан асқан. Ал Нидерланд тұрғындарының саны — 17,8 миллион. Бұл елде 13, 6 мың адам коронавирусқа шалдығып, олардың арасынан 1173 науқас қайтыс болған. 10 миллионнан астам халқы бар Швецияның өкіметі Еуропа Одағы елдері арасында коронавирусқа байланысты шектеулерді ең соңынан қолға алды. Оның өзінде бұл шектеулер тек оқу орындарын уақытша жабумен және 50-ден астам адамның бір жерге жиналуына тыйым салумен ғана тынған. Қазіргі күні бұл елде 5 мың адам коронавирусқа шалдығып, олардың арасында өлім-жітім көрсеткіші 5 пайыз болып отыр. Қайтыс болғандар саны — 239. Ал Швецияның дәрігерлері мен вирусологтары бір аптаның ішінде қайтыс болғандар санының 10 есе көбейгенін, экономикадан гөрі, 10 миллион адамның амандығын ойлау маңыздырақ екенін айтып, дабыл қағып жатыр.

Бүгінде пандемия 183 елді, ал кейбір деректер бойынша 200-ден астам елді шарпып отыр. 26 наурыз күні ғана әлемде коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны 500 мың болатын, бір апта уақыт ішінде олардың қатары екі есе көбейді.

Бір жақсысы, ауруды жеңіп шыққандар қайтыс болғандардан бірнеше есе көп. Әлемде бұл дерттен сауыққандар саны 212 мыңнан асты. Ал елімізде 3 адам қайтыс болса, жазылып шыққандар саны бұдан 10 есеге жуық көп — 29 адам. Бұл айырмашылық жақсы жағына қарай ұлғая берсе дейміз. Әрине, ең бастысы — ауырмаудың жолын іздеу, үйде отырып, барынша сақ болу екенін естен шығармалық.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button