Жаңалықтар

Досжан ишанның  бағы қайта гүлденеді

Еліміздің батыс өңірінде ислам дінін таратуға өлшеусіз үлес қосқан Досжан ишан Шұбарқұдықтан үш шақырым жердегі Шилі өзенінің бойынан он гектар жерге бау-бақша егіп, жерді баптап, халықты отырықшылыққа үндеген.

Кейін ишан еккен  жеміс-жидек үлкен баққа айналады. Алайда  хазірет көз жұмған соң, ағаштар қурап, күтім көрмейді. Уақыт өте келе бақтың тек орны ғана қалады. Аудан әкімі Жолдас Қалмағамбетов ишанның бағын қайта гүлдендіруді қолға алғанын айтты.

Досжан ишан екен бау-бақша өнімдерін тек қана қазақтар ғана емес, көршілес Ресейдің қалалары мен Қазаннан келген көпестер де алатын болған. Бірақ ата өмірден озған соң, ағаштардың тозығы жетіп, бақтың орны жойылады. Ишанның бағын қайта жандандыру үшін жеті гектар жер бөлдік. Кеше аққайың, терек секілді 282 түп тал ектік. Осы аптаның ішінде алма, шие, өрік ағаштарын егеміз. Биыл мың түп ағаш егуді жоспарлап отырмыз. Ел игілігін көретін баққа айналады деген сенімдеміз. Қазір ауданның орман шаруашылығының басшысы Қайыржан Молдақұлов шаруаның басы-қасында жүр. Ишанның тікелей ұрпағы Асқар Хабибуллин Алматыда жүрсе де қолдау көрсетіп жатыр. Осы шараға үлес қосып жүрген азаматтарға алғысымды білдіремін, — деді аудан әкімі.

Досжан ишан — қажылыққа үш рет барған адам. Ол батыс аймақ қазақтарының қажылық сапарын ұйымдастырған. Құнанбай қажымен бірге Меккеде тәкие үйін салдырған. Өзінің туған өлкесінде  мешіттер салдырып, медресе ашып, балаларды оқытқан.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button