Жаңалықтар

Күпті көңілдерді сергіткен ән (Видео)

Ақтөбелік өнерпаздар халықпен бірге екендіктерін ән арқылы көрсетті. Бүгін олар әлеуметтік желілерге Орал-Қосай Байсеңгір мен Марат Ахметовтің сөзіне жазылған Дулат Айтжановтың «БІЗ БІРГЕМІЗ!» әніне түсірілген бейнебаянды жүктеді.

Үйқамақта отырып, қоңылтықсыған талай көңілдердің әнді тыңдап, алабұртқаны хақ, себебі дәл осы сәтте — біз үйде отырғанда, түзде ақ халат пен әскери киім киген талай аға-апалардың, іні-сіңлілеріміздің өмір мен өлім арпалысқан көзге көрінбейтін биологиялық майданның алғы шебінде жүргенін білеміз… Бейнебаянда сол көрсетілген. Үміт пен үрей арпалысқан қазіргі сәтте рухты көтеретін, жалғыз еместігіңді сезіндіретін, жұмылып жұдырық болуға үндейтін осындай рухани дүниелер артық етпейді…
— Соғыс заманында да өнер иелері майдан далаларында ән салып, халықтың көңіл-күйін көтеруге тырысқан. Қазіргі жағдайда біз де халықпен бірге екендігімізді көрсеткіміз келді. Президенттің «Біз біргеміз!» деген сөзін басшылыққа алып, аз ғана уақыттың ішінде осындай ән шығарып, шағын бейнебаян түсірдік, — дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев.
Әннің сөзін жазған облысқа белгілі сөз шеберлері — Орал-Қосай Байсеңгір мен Марат Ахметов. Әннің авторы Дулат Айтжанов.
— Маған басқарма басшысы халықтың рухын көтеретін осындай бір дүние керек деп хабарласты. Бұл менің де ойымда жүрген болатын. Себебі дәл қазіргідей сәтте бір-бірімізге дем беру қажет. Әлеуметтік желілерге әннің үзінділерін салғанымда: «Әнің зарлылау екен, сәл көңілдірек болғаны дұрыс еді» деген пікірлер айтылды, бірақ бұл қолға найза алып, шауып алатын жау емес, көзге көрінбейтін індет болғандықтан, үрей билеген алаңдаулы әр адамның көкейіндегі: «Осы індеттен аман өтсек екен», — деген тілегіне қосқан тілегіміз еді бұл ән, — дейді Д.Айтжанов.
Басқарма басшысы Нұрхан Кәдірбаев, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония басшысы Елубай Кенжалиев пен Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының режиссері Мейрам Хабибуллиннің ортақ идеясымен 2-3 күннің ішінде әп-әдемі бейнеклип те түсірілді.
— Бұл бастаманы қолдаған әншілерге ризашылығымызды білдіреміз. Әнді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Жұлдыз Нұрқасымова бастаған әншілер орындады. Клиптегі кішкентай баланың ролінде ойнаған Шәмші Самғатұлы да қосылды бұл топқа. Домбырада ойнаған Бақытбек Зейнелов. Әнді өңдеген Дулат Айтжанов пен Дина Ниязова. Біз осылайша халықпен бірге екендігімізді, ниеттестігімізді ән арқылы әр жүрекке жеткізгіміз келді, — дейді Е.Кенжалиев.
Клип соңында белгілі журналист Қонысбек Терекұлы көрерменге: «Құрметті қаазақстандықтар, біз коронавирус індетін жеңдік», — деген жаңалығын жеткізеді. Лайым, осындай жаңалық еститін күнге жетейік!

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button