Жаңалықтар

Ақтөбеде коронавирус жұқтырған бесінші адам тіркелді

Бұл туралы облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы мәлім етті.
Пациент 29 наурызда індет жұқтырып тіркелген үшінші адаммен бір үйде тұрған. Сол күні бұл кісіні де дәрігерлер карантиндік госпитальге жатқызады. 31 наурыз күні анализ алынады, бірақ вирус белгісі анықталмайды. Науқастан аурудың ешқандай белгісі білінбеген. 1 сәуір күні анализ қайта алынады. Сараптама қорытындысы инфекцияның бар екенін көрсетті. 2 сәуір күні ол инфекциялық стационарарға ауыстырылды. Қазір жағдайы бір қалыпты.
Нұрсұлу Беркімбаева тұрғындарға себепсіз үйден шықпау керектігін тағы бір мәрте ескертті. Үйді күніге екі рет желдетіп, еден мен жиһаздарды дымқыл шүберекпен сүртіп алған жөн. Әсет Қалиев қазіргі жағдайға немқұрайдылық танытпай, сақтық шараларын күшейту керектігін ескертті.
Қазіргі күні облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 36 адам жатыр. Провизорлық госпитальде жұқпалы вирустық инфекция белгілері бар 69 адам жатса, облыстық карантин госпиталінде аурумен қарым-қатынаста болған 85 адамды дәрігерлер бақылап отыр.
1 “б” санаты бойынша 685 адам үй карантиніне алынған. Эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерден келген 353 адам қоңырау шалу арқылы медициналық бақылауда.
Қазір облыста барлық эпидемияға қарсы қажетті іс-шаралар, оның ішінде оқшаулау, емдеу және дезинфекциялық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button