Пікір

Медицина қызметкерлерінің жанкешті еңбегі — үлкен ерлік  

Әріп ҚОЙШЫБАЕВ, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті онкология кафедрасының жетекшісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі төтенше жағдайға байланысты жасаған мәлімдемесін тікелей эфирден тыңдадым да, интернет арқылы қайталап оқып та шықтым. Ел Президентінің жаһанды жайлап бара жатқан індетпен күрес кезіндегі мемлекетіміздің экономика және әлеуметтік салалардағы дағдарысқа қарсы шаралары туралы көңілден шығатын шешімдер қабылдағаны қуантты. Әсіресе, індетке қарсы күрестің алдыңғы легінде жүрген дәрігерлер мен медицина саласының қызметкерлері үшін айрықша қолдау көрсетіліп, оларға үш ай бойы үстемеақы төленетіні, олардың өмірін сақтандыру мәселесінің шешімін табатыны да құптарлық іс. Мемлекет басшысы өз сөзінде ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық екенін айтты. Расында, солай. Індетпен күресіп жатқан дәрігерлер мен медицина саласының қызметкерлері қандай құрметке де лайық. Дегенмен,  бұл жерде басты мәселе  қаржыда емес. Дәрігерлер мен медицина саласының қызметкерлері халық арасында індеттің кеңінен жайылып кетпеуіне бар күш-жігерлерін салып, күресіп жатыр. Халықты аман сақтап қалу жолында өз өмірлерін қауіпті қатерге тігуде. Әрине, әріптестерімнің бұл жанкешті еңбегі — үлкен ерлік. Ал көпке үлгі-өнеге болар мұндай ерліктің бағасы ақшамен өлшенбейді.  Дәрігерлеріміз, медицина саласының қызметкерлері ақшаны ойлап, еңбектің бағаланатыны үшін тер төгіп жатқан жоқ. Әрине, олардың бастарын қауіпке тігуден бас тартуға толық мүмкіндіктері бар. Дегенмен дәрігерлер ар-намыс алдындағы жауапкершілікті бәрінен басым қойып, антқа адалдықтарын көрсетіп, кәсіптік міндетті абыроймен атқару үшін жан аямай жұмылып жатыр. Науқастармен бетпе-бет кездесіп,  олармен байланыста болумен қатар, жабық, оқшауланған ғимараттан шықпай жұмыс жасау да моральдық әрі психологиялық тұрғыдан өте ауыр.

Дәрігер ретінде, осы елдің азаматы ретінде әріптестеріме, медицина саласының қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button