Пікір

Ең бастысы — дүрбелеңге жол бермеу

Айгүл ДҮЙСЕНОВА,

облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті.

Әлемді жайлаған індет қатері Қазақстанда да бой көрсетті. Қазір елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты көптеген адамдар түрлі қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр.

Мұндай жағдайда азаматтардың, әсіресе күнделікті табыс көзінен айырылған, жұмысы тоқтап қалған жандардың мемлекет қолдауына мұқтаж болары түсінікті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі осы қиын шақта мемлекетіміздің өз азаматтарын жан-жақты қолдауға әзір екенін көрсетті.

Президент мәлімдемесінде ең төменгі жалақы көлеміндегі көмекке енді тек табысынан айырылғандар ғана емес, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған және ресми тіркелмей жұмыс істеп жүрген жандар да ие болатыны атап көрсетілді. Осы арқылы жалпы саны 3 миллионға жуық азаматқа қолдау көрсетілетін болды.

Екіншіден, қазіргідей күрделі шақта ел басына түскен ауыртпалықты тікелей көтеріп отырған медицина саласының, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қосымша қолдау көрсету — өте орынды шешім. Бұл меніңше, барша халықтың көкейіндегісін дөп басқан шешім.

Сондай-ақ, осынау уақытта жаппай жаңа жұмыс тәртібіне көшіп, талмай еңбектеніп жүрген ұстаздарға да халықтың ризашылығын жеткізсек деймін. Ата-аналармен, балалармен қашықтан жұмысты жолға қою, оларды жаңа жағдайға бейімдеу оңайға түсіп жатпаса да, мұғалімдердің нық сенімді, тынымсыз тірлігінің өзі халыққа бір рухани демеу болғандай сезінемін.

Президент осындай кезде халық та мемлекетке қолдау көрсетуі керектігін атап өтті. Әрине, қалталы азаматтар көпшілікке, мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін, азық-түлік, дәрі-дәрмек таратады, басқалай да демеушілік жасайды. Бірақ мемлекетті қолдау тек демеушілік жасау деп түсінбеу керек. Мемлекетті қолдау — баршамызға парыз іс. Қарапайым жандар үшін бұл — дүрбелеңге ермей, сабыр сақтау; ауру таратпау жолдарын ойлап, үйде болу; арзан табысты көздеп, алаяқтық жасамау; жалған ақпарат таратпау, мүмкіндігінше, ондай ақпараттардың әрі қарай таралуына жол бермеу секілді, төзімділік мен адалдықты ғана талап ететін істер.  Ең бастысы  — ертеңге деген сенім, өз жақындарымызды қолдау және рухымызды түсірмеу.

Қазіргі күні бұл дерттің қаулаған ортасы Батыс елдері екені белгілі. Оның ішінде Германия да бар. Германиядағы достарыма қолдау білдіріп, жиі хабарласып тұрмын. Бір жақсысы, бұл елде аталмыш індеттен көз жұмғандардың саны аз. Ол жақтағы достарымның айтуынша, неміс халқы, ең бастысы, дүрбелеңге, үрейге және тәртіпсіздікке жол бермеу үшін тас-түйін бірігуіміз керек деген ұстанымды берік ұстанып отыр.

Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та өз мәлімдемесінде елімізде дүрбелең тудыруға жол берілмейтінін атап өтті. Ендеше, аз күнде өтетін қиындыққа мойымайық.

Басқа жаңалықтар

Back to top button