Басты бет » Жаңалықтар » Блок-бекеттер немесе  айналма жолды айналып өткендер

Блок-бекеттер немесе  айналма жолды айналып өткендер

Әлемді жайлаған індеттің кесірінен елімізде төтенше жағдай енгізілді. Осыған  байланысты облыста шектеу шаралары қатаң қолға алынды. Бүгінде Ақтөбе өңіріне  көліктердің кіріп-шығуын қатаң бақылау үшін 7 блок-бекет жұмыс жасап тұр.

Ерекше жағдайдағы шектеу: ұсыныс пен үндеу

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин 900 мыңнан астам тұрғыны бар Ақтөбе өңірінің халқын әлемде, оның ішінде елімізде таралған індеттен қорғау үшін аймақта сақтық шараларын күшейту мақсатында  төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияға ұсыныс енгізген болатын. Бұл ұсыныс қолдау тауып, наурыз айының 30-ынан 31-іне қараған түні сағат 00.00-ден бастап облыста ерекше жағдайда шектеу режимі жүзеге асырылды. Бүгінде Ақтөбе қаласының және барлық аудандардың сыртқы периметрлеріне блок-бекеттер қойылды. Осы жағдайға байланысты ақтөбеліктерге арнаған үндеуінде аймақ басшысы блок-бекеттерден  транзиттік көліктердің, сондай-ақ тамақ өнімдері, дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар, облыстың және Ақтөбе қаласының өнеркәсіптік, ауылшаруашылық кәсіпорындарына қажетті тауарлар мен материалдарды тасымалдайтын техникалардың қозғалысы тек арнайы рұқсат қағаздары арқылы жүзеге асырылатынын айтқан болатын. «Басқа көлік құралдары мен азматтарға облыс аумағы мен Ақтөбе қаласының территориясына кіруге және шығуға тыйым салынады. Полиция, Ұлттық гвардияның жеке құрамы, арнайы құрама және Қорғаныс министрлігінің әскери күштері осы тәртіпті жүзеге асыруға кіріседі. Мұны біз дұрыс түсінуіміз керек. Ерекше жағдайдағы шектеу режимі, яғни оқшаулану, ол ең әуелі өз өмірімізді сақтау үшін қажет. Бұл — басқаларға қауіп тудырмаудың алғышарты», — деген еді үндеуінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

7 бекет және 127 адамның жұмысы

Бүгінде Ақтөбе өңіріне көліктердің кіріп-шығуын тәулік бойы қадағалау үшін ашылған блок-бекеттерде қатаң режимде жұмыс жүргізіліп жатыр. Олардың саны — жетеу. Төтенше жағдайға әрі облыстағы шектеу шараларына байланысты блок-бекеттердің жұмысын жергілікті билік қатаң бақылауға алған. Бұл мәселемен облыс әкімдігі жанындағы жедел штаб та күн сайын айналысып жатыр. Блок-бекеттер жұмысқа кіріскен күннен бастап облыс әкімі Самара-Шымкент тасжолының Хромтау бағытындағы Белогорка және осы жолдың Қобда бағытындағы Құрашасай, Ақтөбе-Атырау тасжолының Алға бағытындағы бекеттердің жұмыс жағдайын өз көзімен көріп қайтқан болатын. Бұл аймақтарда облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев аймақ басшысына тәртіп сақшыларының жатын орындарын көрсетіп, олардың азық-түлікпен қамтылуын таныстырған еді. Оның айтуынша, әр бекетке полиция, медицина қызметкерлері мен №30238 әскери бөлімінде борышын өтеушілер, яғни жалпы саны 127 азамат  жұмыс жасауға бекітілген.

Бүгінгі таңда барлық блок-бекеттер азаматтардың қызуын өлшеуге арналған құралдармен, көліктерге жасалатын  залалсыздандыру құрылғыларымен қамтамасыз етілді, — деді Қанат Әлиев.

Мониторингте анықталған олқылықтар

Қазір қала аймағындағы әр блок-бекетте полиция департаментінің мамандары рұқсатнама арқылы өткен көліктердің мемлекеттік нөмірлерін тіркеп,  дезинфекциялау жұмыстарын жүргізеді. Сол жерде медицина мамандары жүргізушілердің дене қызуын өлшейді. Осындай жұмыстардың жүргізілуіне байланысты блок-бекеттерде кезекке қойылған көліктердің саны артқан. Бүгінде мұндай проблема Ақтөбе-Атырау бағытындағы блок-бекетте жиі ұшырасады. Мұндағы жағдайды өз көзімен көріп қайтқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин полиция департаментіндегілерге көлік кептелісін азайту үшін бірінші кезекте рұқсатнамасы бар көліктерді жылдамдатып өткізуді тапсырған болатын. Жол бойында мамандардың жүргізушілерге сыпайы қызмет көрсетуі, олардың әрбіреуінің жағдайына түсіністік таныту қажеттігі де айтылған болатын.

Облыс әкімінің айтуынша, блок-бекеттердегі азаматтарға артылған жауапкершілік зор. Себебі олар әрбір өткен азаматты жіті қадағалап, темірдей тәртіпті қатаң  сақтауы тиіс.

Облыс аймағында блок-бекеттер өз жұмысына кіріскеннен бері Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіндегілер арнайы мониторингтік топтар мен «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандарымен бірге 5 санитарлық блок-бекеттің жұмысына мониторинг жүргізген. Мониторинг қорытындысы бойынша бірқатар блок-бекеттердің жұмысында олқылықтар байқалған. Атап айтқанда, Қобда ауданы бағытындағы тасжолға қойылған блок-бекетте полиция қызметкерлері мен әскери борышын өтеушілердің респираторлық қорғаныш құралдарымен толық қамтылмағаны, транзиттік көлік жүргізушілерінің медициналық бетперде тақпауы сияқты бұзушылықтар анықталған. Сол сияқты Ақтөбе-Мәртөк бағытындағы, яғни Қурайлы ауылы маңында орналасқан блок-бекетте мониторинг жүргізу барысында жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулығын тексеретін медициналық қызметкерлердің жоқтығы, соның нәтижесінде көлік кептелісі орнағаны туралы олқылықтар тіркелген. Ал Ақтөбе-Богословка-Шұбарқұдық тасжолы бойындағы блок-бекетте тіркеу жүргізуде қолданылатын планшет құрылғыларын қуаттауға мүмкіндік қарастырылмаған. Мұндай олқылықтар өзге блок-бекеттерде де кездесіпті.

Мониторинг жұмысының қорытындысы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдерінің басын қосып өткізген жиында осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырма жүктеген болатын. Соның салдарынан блок-бекеттерде мұндай мониторинг 2 сәуірде, яғни бүгін қайта өткізілмек.

 Айыппұл салынды, 5 тәулікке қамалды

Облыстық полиция департаментіндегілер 21 жастағы ақтөбелік азаматтың қалыптасқан жағдайға байланысты шектеу шараларының тәртібін орындамағаны үшін қолға түсірді. Ол  блок-бекеттен айналма жол арқылы айналып өтпек болған.
31 наурыздан бастап облыста ерекше тәртіп жарияланды. Яғни облыс пен Ақтөбе қаласына кіретін және шығатын жолдарда блок-бекеттер орнатылды.

1 сәуірде полиция қызметкерлері блок-бекеттерді елемей, қала сыртына айналма жолмен шықпақ болған 21 жастағы азаматты Алға ауданындағы блок-бекетте ұстады. Ұсталған азамат Ақтөбе қаласынан Қандыағаш қаласындағы ата-анасына бармақ болғанын түсіндірді. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ақтөбелік азамат сот шешімімен 5 тәулікке қамалды, — деді облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлері еріктілермен бірге төтенше жағдай  режимін бұзғандарды анықтау бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.  Бүгінгі күнге полиция қызметкерлері 77 бұзушылық дерегін анықтаған. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы төтенше жағдай режимін бұзу бойынша — 69, аталған Заңның 478-бабы, яғни төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін іс-әрекеттер бойынша 8 дерек анықталыпты. Соның бірі — Қарғалы ауданында болған жағдай. Атығай Арыстановтың айтуынша, осындай іс-шаралардың нәтижесінде Бадамша ауылында жергілікті кафенің әкімшісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Төтенше жағдай кезінде белгіленген уақыттан кейін де кафеде  жұмыс жүргізілген. Нәтижесінде азаматшаға ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

P.S. Елдегі төтенше жағдайға байланысты Ақтөбе қаласында шектеу шаралары енгізілгені белгілі. Бұл орайда ақтөбеліктер барлық ақпаратты Геопортал жүйесінен де алуға болады. Ол үшін Geoportal.akt.kz сілтемесі арқылы геопортал ақпараттық жүйесіне кіріп, «Бас жоспар» батырмасын басу арқылы COVID-19 бөлімшесін белгілеу қажет. Осы кезде Ақтөбе қаласын 23 секторға бөлген карта, ақпарат алуға болатын қызметтер көрсетіледі. Бұл ақпаратты жүктеп алу мүмкіндігі де бар. Сонымен қатар бизнес және әлеуметтік нысандарды, қала сыртында орналасқан блок-бекеттерді де осы жүйеден көруге болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.