БілімБасты жаңалықтар

Екі жүйе, екі тәсіл: жаңа формат және дәстүрлі оқыту

1 сәуірде еліміз бойынша барлық мектепте сынақ ретінде онлайн-сабақтар жүргізілді. Ал 2 сәуір күні ата-аналар жиналысы жаңа форматта өтеді. Жұма күні онлайн түрінде сынып сағаты ұйымдастырылады.

Қазір Қазақстанда қашықтан оқыту технологиясы бойынша білім беруді 4 бағытта жүргізу жоспарланып отыр. Ел бойынша үлкен мәселе — өркениет игілігінен тыс қалған шалғайдағы ауылдардың (еліміз бойынша мектебі жоқ 1200 шағын елді мекен бар, ал облыста олардың үлесі 60-қа жуық) балаларының жағдайы. Мұндай ауылдардағы санаулы-ақ бала, 4-5 оқушы бұған дейін көршілес елді мекендердегі, аудан орталықтарындағы білім шаңырақтарында оқыған-ды. Енді оларға пошта қызметі арқылы білім берілмек.  

Білім саласында қашаннан да өзекті мәселесі көп шағын жинақты мектептер үшін де жаңа форматта білім беру — күрмеуі күрделі іс. Сол себепті бала саны аз кейбір шағын жинақты мектептердегі оқушылар үшін сабақ дәстүрлі түрде оқытылады.      

Төртінші оқу тоқсаны басталатын күн таяу. Біз жаңа форматта білім беруде өңірдегі мектептердің әзірлігін тағы бір сарапқа салғанбыз.

Қашықтан оқыту және 4 бағыт

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменованың айтуынша, облыста 402 мектеп бар. Онда 151 мыңнан астам бала оқиды.

Қашықтан оқыту технологиясы әр қала, әр аудан, әр ауыл, әр мектептің мүмкіндігіне қарай енгізіледі. Қазір 4 бағыт бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бірінші бағыт — теледидар арқылы сабақ жүргізу. Яғни «Балапан» және «Еларна» телеарналары арқылы күн сайын сабақ кестесіне байланысты сабақтар беріледі. Министрлік төртінші тоқсан үшін жалпы  3360 сабақ түсіруді жоспарлап отыр. Қазір 300-ден астамы дайын.

Екінші бағыт — радио арқылы ұйымдастыру. Қазақ радиосында да күн сайын жүйеге сай сабақтар жүргізіледі.

Үшінші бағыт — пошта қызметін пайдалану, курерлік қызмет ұйымдастыру. Бұл арқылы шағын ауылдарда тұратын балаларға білім беріледі. Мектеп жасындағы аз ғана баласы бар кейбір ауылдарда мектеп жоқ. Ондағы оқушылар бұған дейін селолық округ орталығындағы немесе аудан  орталығындағы мектептерде оқитын. Ерекше жағдайдағы шектеу режиміне байланысты оларды оқыту үшін курерлік қызмет пайдаланылады. 

Төртінші бағыт — интернет желісі арқылы білім беріледі. Бұл үшін арнайы платформалар жасақталып отыр, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Шағын жинақты мектептер неге шет қалады?

Еліміз бойынша шағын жинақты мектептердің мәселесі өзекті. Әсіресе, шағын жинақты бастауыш және негізгі мектептердің жағдайы төмен. Материалдық базаның жеткіліксіздігі — басты мәселелердің бірі.

Жалпы облыста 198 шағын жинақты мектеп бар. Олардың 125-інде бала саны 80 оқушыдан аз. Министрлік тарапынан бала саны 80-нен төмен мектептерде оқу процесін дәстүрлі түрде жалғастыруды шешу жергілікті әкімдіктерге тапсырылып отыр.

Қазір бала саны аз осы 125 шағын жинақты мектептің қаншасы дәстүрлі түрде оқуды жалғастыратыны сарапталып жатыр. Бүгінгі дерек бойынша Шалқар, Хромтау, Ырғыз аудандарындағы мектептердің барлығы (бала саны 80-нен төмен мектептер де) қашықтан оқыту технологиясы бойынша білім беруге көшетіні туралы шешім қабылдап отыр. Ал қалған аудан әкімдері дәстүрлі оқу процесіне көшетін мектептер үшін арнайы қаулы шығаруы тиіс.

Жалпы өңірдегі кейбір шағын жинақты мектептердің оқушылары дәстүрлі оқу процесі бойынша білім алуды жалғастыратын болады. Бұл мектептер үшін сабақтың ұзақтығы 30 минутқа дейін қысқартылады. Бұған дейін мұндай мектептердегі оқушылар бір ауысымда оқыса, енді екі ауысымда кезектесіп оқитын болады, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Біздің облыстың педагогтері еліміздегі балаларға сабақ береді

Гүлназ Сүлейменованың айтуынша, өңірде компьютері жоқ балалардың саны нақтыланып жатыр. Қазір бұл мәселені шешудің екі жолы қарастырылып отыр. Біріншісі, мектептердегі компьютерлерді балаларға уақытша беру. Бұл ретте ата-ананың жауапкершілігі күшейтіледі. Яғни ата-ана мектеп техникасын сол қалпында қайтаруға жауапты.

Екіншісі, қосымша компьютерлер сатып алу.

Сәуірдің 1-і күні облыс бойынша барлық мектептің педагогтері мен балалары компьютер, смартфондармен қамтылып болуы тиіс, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Айта кету керек, мамыр айының басында кестеге сай өткізілетін пәндер бойынша республикалық «Балапан» және «Еларна» телеарналары арқылы бейнесабақтарды жүргізу біздің облыстың үздік педагогтеріне жүктеліп отыр.

Бұл тапсырманы министрліктен бүгін алдық. Әрине, бұл біз үшін үлкен абырой.  Қазір еліміздегі оқушыларға сабақ беретін педагогтер іріктелуде, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Сондай-ақ қазір облыс мектептеріндегі пән мұғалімдерінің барлығы да өз пәндері бойынша бейнесабақтар әзірлеп жатыр. Мектепалды даярлық тобының педагогтері де бұл бағыттағы жұмыстарды жасауда.

9 мектеп дәстүрлі оқуды жалғастырады

Байғанин ауданында 23 мектеп бар. Оның 1-еуі — бастауыш, 2-еуі — негізгі, қалғаны орта мектеп. Жалпы оқушы саны — 4527 бала. Оларға 910 педагог сабақ береді.

Аталған ауданда 9 мектепте — С.Сейфуллин бастауыш мектебі, Ақтан, Қосарал негізгі мектептері, сондай-ақ Көкбұлақ, Баршақұм, Қарабұлақ, Бұлақтыкөл, Матайқұм және Т.Айбергенов атындағы орта мектептерде дәстүрлі оқу процесін жалғастыру жоспарланып отыр. Бұл білім шаңырақтарында 508 оқушы білім алады. Мектептер екі мезгілде жұмыс жасайды. Әр пән бойынша сабақ 30 минуттан өткізіледі. Мұндай мектептерде 2 сағат сайын дизенфекциялық шаралар жүргізіледі.

Қалған 14 мектепте қашықтан оқыту технологиясын енгізу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 7 мектептің оқушылары интернет желісін пайдаланатын болады. Аудандағы 6 білім беру мекемесінде — Қопа, Жарқамыс, Қаражар, Жазықов атындағы орта мектеп, Ешпаев атындағы орта мектеп және Пушкин атындағы орта мектепте желілік ұлғайту аппараттарын қою арқылы кері байланыстарды алу ұйымдастырылып жатыр. Тек Жиенбаев атындағы мектептің 147 оқушысына ғана «Балапан» телеарнасы арқылы бейнесабақтар беріледі. Бұл мектептің оқушылары үшін курерлік қызмет ұйымдастырылады. Оған денешынықтыру, технология пәндерінің мұғалімдері жұмылдырылады. Олар балалардың үйлеріне барып, тапсырмалардың жауаптарын әкеледі, — дейді Байғанин аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанаргүл Өсербаева.

Оның айтуынша, аудандағы барлық оқушының «Балапан» телеарнасы арқылы бейнесабақтар көруіне мүмкіндігі бар.

Педагогтер толық дайын

Шалқар ауданындағы 35 мектепте 8432 бала оқиды. Бұл аудандағы барлық мектептердің оқушылары қашықтан оқыту технологиясы бойынша білім алады.

Талдау қорытындысы бойынша 701 балаға компьютер, планшет, смартфон жеткіліксіз. Бұл — 321 отбасының балалары. Осы 321 отбасыға  мектептердегі 321 компьютерді беріп жатырмыз. Техникалар оқушылардың ата-аналарына қолхат арқылы берілуде. Аудан бойынша барлық мектепте интернет желісі бар. Тек 3-4 қана мектептегі интернет желісі әлсіздеу болып тұр. Бұл мектептердің де мәселесін шешеміз. Педагогтер жаңа форматта білім беруге толық дайын, — дейді Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Абзал Әбдіков.

 

Шекарадағы ауданның тірлігі

Ал Қарғалы ауданында небары 13 мектеп бар. Ресеймен шекаралас аудандағы Ақжайық ауылында бұған дейін «Еларна» телеарнасы көрсетілмеген-ді. Орыс тілінде 13 бала білім алатын Ақжайық негізгі мектебінің оқушыларының мәселесі бүгін толық шешіліпті.

Қарғалы — шағын аудан. Мектептеріміз де аз ғана, бар болғаны — 13 білім шаңырағы ғана жұмыс жасайды. Онда 2269 оқушы білім алады. Оларға 386 педагог сабақ береді. Үлкен жауапкершілік жүктелген істі абыроймен атқару — басты міндет, — дейді Қарғалы аудандық білім бөлімінің басшысы Индира Сақауова.

Ақтөбелік оқушылардың әзірлігі

Облыс орталығында 83 мектепте 82 184 оқушы білім алады. Шаһардағы барлық мектептің оқушыларына да жаңа формат бойынша білім беріледі.

Дүйсенбі күнгі сараптау қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласындағы 1701 балада компьютер, смартфон, планшет жоқ болған-ды. Дегенмен қазір бұл кейбір ата-аналар түсіністік танытып, балаларына аталған құрал-жабдықтарды алып беруде. Ал қалған оқушылардың мәселесін шешу үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, компьютері жоқ педагогтер де бар. Алдымен мұғалімдерді компьютермен қамтитын боламыз, — дейді Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Жұлдыз Бердібекқызы.

 

P.S. Қашықтан оқыту бойынша сұрақтарға министрліктің 1450 нөміріне (Call-орталық) хабарласып, жауап алуыңызға болады. Сондай-ақ жаңа форматтағы білім беру процесіне байланысты сауалдарға  облыстық білім басқармасының  мамандары да жауап береді. Бұл үшін 8-(71-32) 56-04-61 нөміріне хабарласуыңызға болады. 

Жазғы каникул уақытында өзгеріс жоқ. Сол қалпы сақталады.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button