Жаңалықтар

Ізгілік елшілері — ел ішінде

«Біз біргеміз!»

Бұдан да жаман күнде біздің халық қиындыққа мойымаған, біріне бірі көмектесіп, жарты нанды бөліп жеген емес пе. Қазір де солай.

Еліміздегі төтенше жағдай халықты біріктірді. «Біз біргеміз» акциясы аясында ел арасында «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» болатынын ұран еткен қаншама ізгілік елшілері барын көрдік. Солардың бірсыпырасын топтастырып беруді жөн көріп отырмыз.

 Үш мұғалімнің үлесі

Мұғалжар ауданының Еңбек ауылдық округіне қарасты Басшилі ауылындағы Ы.Мұхамбетжанов атындағы орта мектептің мұғалімдері төтенше жағдай кезеңінде ауылдастарына қолғабыс етуді ойлап, қолдарынан келген көмектерін жасап жатыр.

Аталған мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Жалмұханбетова «Біз біргеміз» акциясына үлес қосып жүрген әріптестері туралы айтып берді:

— Коронавирус әп-сәтте әлемге тарап кетті ғой. Аты жаман індеттің алдын алу мақсатында мектебіміздің үш мұғалімі — Айгүл Әжіғалиева, Анар Дәулетова, Айнұр Кенжебаева бетперде тігіп, ауыл тұрғындарына тегін таратты. Расын айту керек, ауыл адамдары «бізге сол келіп қалар дейсің бе?» деп, негізінен бейқам жүр. Әрі сатып алайын десе де, ауылда киерге бетперде таппайсың. Содан қажеттіліктен туындаған, сондай-ақ, сақтық шараларын өзіміз бастайық деген оймен жасалып жатқан жұмыстар ғой, — дейді.

Қайырымды ұжым

Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылындағы «Ақбөбек» балабақшасының ұжымы да алаң көңіл кезеңде ауыл тұрғындарымен бірге екендіктерін танытты.

Әсел Құлдықова басқарып отырған ұжымның педагогтері мен қызметкерлері де Қарабұтақ ауылдық округінің әкімі Кеңшілік Байдрахмановтың ұсынысын қолдап, «Біз біргеміз» акциясына атсалысты. Анығы, медициналық бетперде тігуді қолға алды. Дайын бетперделерді балабақша қызметкерлері әуелі қарт кісілерге, сосын көшеде кезіккен ауыл тұрғындарына тегін үлестірді.

Бұған дейін де балабақша ұжымы ауыл клубында қайырымдылық концертін қойып, сонда жиналған қаражатқа аз қамтылған бірнеше отбасының балаларын киіндірген болатын.

Тігіншінің тегін жұмысы

«Тігін тіксем, рухани тыныштық табамын» дейтін Гүлзада Абитова бұл жолы елдегі төтенше жағдай кезеңінде жаһанды жайлаған жаңа індеттің алдын алу мақсатында медициналық бетпердені өзі тігуге кірісті.

Гүлзада — үш баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана. Ақтөбе қаласында тұрып жатыр. Ұлының денсаулығының кінәраты болғандықтан науқас бала тәрбиелеп отырғандардың жағдайын ерекше түсінеді. Сондықтан да «Біз біргеміз» акциясын қолдап, мүгедек бала тәрбиелеп отырған бір топ анаға өзі тіккен медициналық бетперделердің бір партиясын тегін ұсыныпты.

Бұл туралы инстаграм желісіндегі @pоdari_nadezhdy парақшасында жарияланды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласында ізгілікті істердің басы-қасында жүретін қайырымды жандардың @katerina_dobro парақшасын жүргізетіндерге хабарласып, мұқтаж жандарға 50 бетперде беріп жіберіпті.

— Таныстарым «Еңбегің ғой, неге сатпайсың. Тым құрыса, матасы мен резеңкесінің ақшасын шығарасың ғой» деп ақыл айтты. Ең әуелі анамын ғой, оның үстіне науқас бала бағып отырмын. Мұқтаж жандардың орнына өзімді қойып көрдім. Содан Алланың разылығы үшін ақысыз тараттым. Сауабы балаларыма жазылсын. Бұл шешімімді ұстазым — шебер Айнагүл Қыдырғалиқызы қолдады, — дейді жүрегі кең Гүлзада.

Әскерилер қолдауы

Коронавирустың таралу қаупін сейілту үшін еліміздің өзге өңірлері секілді біздің облысқа да сырттан кіруге шектеу қойылды. Ал облыс тұрғындарына үйлерінен  тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек алып қайтуға ғана шығу керектігі ескертілді. Бұл жағдайда, әсіресе, қауіпті топқа жататын қарт кісілерге қиындау соғуы мүмкін. Осы орайда Әуе қорғаныс күштері әскери институтының қызметкерлері республикалық «Біз біргеміз» акциясын қолдап, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен әскери оқу орнының ардагерлеріне азық-түлік пен алғашқы қажеттілік тауарларын апарып берді.

— Еліміз үшін қиын кезеңде қазақстандықтар біріне бірі көмектесіп, бірге болуға тиіс. Қазіргі таңда қоғамның әлсіз топтарының бірі — зейнеткерлер, қарт кісілер. Ал біз олардың жалғызсырауына, бірдеңеге мұқтаждықты сезінулеріне жол бермеуіміз қажет. Сол үшін де әліміз келгенше көңіл бөлуге тырысамыз, —дейді Әуе қорғаныс күштері әскери институты бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары Бекболат Жұмабаев.

Аталған акция ең әуелі жалғызілікті қариялар мен ерекше мұқтаж жандарды қолдауға бағытталып отыр.

Сондай-ақ азық-түлік пакеті Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне де жеткізілді. Солардың бірі — Зоря Ғабдулқызы Әбілханова. Соғыс ардагері бір апта бұрын 96 жасқа толды. Ол жарты жылдан астам уақыт төсек тартып жатыр екен. Оған қызы Валентина мен туған келіні Лидия күтім жасап отыр.

Зоря Ғабдулқызы майданға шақырылғанға дейін телеграфист болып жұмыс істепті. Ол 1943 жылдан бастап Ұлы Отан соғысы аяқталғанша маршал Рокоссовскийдің пәрменімен ІІ Белорус майданында байланыс батальонының 110-бөлімі құрамында соғысты. 18 медальға ие болған, оның ішінде «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары бар.

Көп көмектің есебі

Енді республикалық «Біз біргеміз» акциясы аясында облысымыздың жеке кәсіпкерлер тарапынан көрсетілген қайырымдылық көмектің қазірге дейінгі есебін айтайық.

Бүгінгі күнге республикада төтенше жағдай басталғаннан бері облыс бойынша барлығы 1082 отбасына 14,5 млн теңге көлеміндегі азық-түлік пакеті, гигиеналық құралдар, маска және ақшалай көмек көрсетілді.

Бұл туралы бізге облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова таратып айтып берді.

— Облыстағы жеке кәсіпкерлердің қолдауымен әлеуметтік әлсіз топтардың барлық санатына мейлінше көңіл аударуға тырысып жатырмыз. Көмек қолын созғандар бізден осал топ өкілдерінің тізімін сұрап жатады. Атап айтсақ, төтенше жағдай басталғалы 401 аз қамтылған отбасы, 47 жалғызбасты ана, 283 көпбалалы отбасы, 229 мүгедек, мүгедек бала тәрбиелеп отырған 38 отбасы, жалғызбасты және жалғыз тұратын 49 зейнеткер мен мүгедек, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 2 жетім бала, 33 тыл ардагері мен ҰОС ардагерлерінің жесірлері заттай және ақшалай көмек алды. Сондай-ақ мұқтаж отбасыларға 30744 бетперде таратылды, — дейді Бұлбұл Ораққызы.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button