Жаңалықтар

Өнімдер мен өзгерістер

Коронавирус індетінің ел аумағына таралуына байланысты төтенше жағдай жариялануы облыстағы кейбір кәсіпорындардың бағыты мен жұмыс режиміне өзгерістер енгізді.

Жұқпалы вирустың алдын алу үшін жеке бастың тазалығын сақтау, гигиеналық бұйымдарды жиі пайдалану сан мәрте айтылып та, жазылып та жүр. Қазір қала көшелерінде бетперде тағып жүргендерді жиі кезіктіресің. Дәріханаларда антисептик пен дәрі-дәрмектің де сұранысы әдеттегіден айтарлықтай арта түсті.

Халық сұранысын қамтамасыз ету мақсатында тігін шеберханалары бетперде тігіп, спирттік негізде тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын кәсіпорындар антисептик әзірлеуге қатысты жұмыс жоспарын бекіткен болатын. Дәрігерлермен қоса өндіріс кешеніндегі қызметкерлерге де жауапкершілік жүгі артылды. Өңірдегі осыған қатысты кейбір өндіріс ошақтарының төтенше жағдай кезіндегі жұмысын біз де көзбен көріп қайтқан болатынбыз.

«ТК Фарм Адал»: Антисептикке бетперде қосылды

Жаңақоныс ауылдық округінде орналасқан «ТК Фарм Ақтөбе» кешенінде жұмыс қызу қарқын алыпты. Мекеме қызметкерлері дайындалып, қорапқа жинақталған өнімді зертханадан қоймаға тасып жатты. Компаниядағы өндірістік технология бөлімінің басшысы Өмірзақ Нұртай антисептик өндіруге байланысты атқарылып жатқан шаруалар жайында айтып берді.

Өндірістік «ТК Фарм Ақтөбе» кешені 2014 жылы толық іске қосылған. Кешен 2019 жылы антисептикті өндіріс тізіміне тіркеп, биыл қаңтар айынан бастап хлоргиксидин 005 пайыздық дезинфекциялық ерітіндісін шығара бастаған. Бұрын хлоргиксидиннің сумен ерітілген түрі болса, қазір спирт және андыз шөбі қосылған түрлері өндіріліп жатыр. Сонымен қатар 50, 100 миллилитр көлемінде 70, 90 пайыздағы медициналық спирттер бар. Олар 2018 жылдан бастап шығарылды, дәрі есебінде қолданылады. Енгізілген төтенше жағдайға байланысты бір мезгілдік жұмыс режимі екі ауысымға өзгеріп, өндіріс көлемі де екі есе артқан.

— Бір ауысымдық режимде 100 миллилитр спирт 45 мың флаконға құйылса, қазір 90 мыңға дейін көбейді. Төтенше жағдайға дейін тапсырыс қабылдау арқылы жұмыс жасайтынбыз, ал қазір алдымен облысты, кейін еліміздің басқа өңірлерін де қамтуға тырысамыз. Қазір шекараның жабылуына байланысты Ресейден келетін хлоргиксидин ерітіндісінің шикізаты азайды, бірақ медициналық спирт шығаруды жалғастырамыз. Антисептик шығаруға байланысты бір ауысымда 25-30 қызметкер жұмыс істейді, — дейді өндіріс саласының басшысы.

Аталмыш өнімнің ыдыстары басқа өңірлерден тасымалданады. Мәселен, хлоргиксидин құйылатын ыдыс Павлодардан, ал спирттік флакондар Ресейден әкелінеді.

— Бір ауысымда хлоргиксидин 6-7 мың ыдысқа құйылады, — дейді мекеме қызметкері.

Гигиеналық бұйымдар «Фарм Қазына» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы «Миллениум» дәріханалар желісіне тасымалданады.

Бұған дейін бетпердені арнайы тапсырыс бергендер үшін өндірген компания қазір жеке кәсіпкерлер мен ұйымдарға қол ұшын созып отыр. Мәселен, «Аманат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін 10 мың,  «Фарм Қазына» фирмасын 25-28 мың дана медициналық бетпердемен қамтыған.

— Бетперде тігу бойынша құжаттар 2-3 жыл бұрын дайындалып қойылған, рұқсатымыз бар. Қытаймен шекара ашық болған кезде бетперде тігу, расын айтсақ, бізге тиімсіз болатын. Қазір медициналық бетпердеге сұраныс көлемі арта түсті. Қолда бар құралдың күшімен екі ауысымда 10 мың дана маска дайындаймыз, — дейді ол.

Капсула, таблетка түріндегі дәрілер өндіретін, сироп негізіндегі препараттар мен антисептиктер дайындайтын, экстаркт алатын 3 цех жұмыс жасап тұр. 2014 жылы сироптың 3 түрі ғана болса, қазір 7 түрлі капсула, 3 таблетка негізінде суыққа, вирусқа қарсы жиырма шақты өнім бар. Халыққа «Орбидол» атауымен таныс дәрілік препарат бұл кешенде «Грипповир» атауымен шығарылады. Мұны коронавирусқа қарсы қолдануға болады. Дәрі шығарылатын екі цехта да Денсаулық сақтау министрлігінің №392 бұйрығымен бекітілген GMP сертификаты бар.

«Грант Адал»: Жаңа тапсырмалар

«Грант Адал» өндірістік кешені 2018 жылы құрылған. Жұмысын бастағанына аз уақыт өтсе де кешен әлемдік стандарттарға сай отандық тұрмыстық химия өнімдерін шығарып келеді. Үй-жайға қажет өнім шығаратындықтан компанияның қызметкерлері, негізінен қыз-келіншектер. Кешен бүгінде елімізді ғана сапалы өніммен қамтамасыз етіп қоймай, Ресей, Өзбекстан елдеріне тауар экспорттауға дайын. Компания директоры Арыстанбек Жұмабаев бұрын антисептик өндіруде тәжірибе мен сертификаттың болмағандығын, ал қазір өңір басшысы осы бағытта стандартқа сай тауар шығарып, халыққа тиімді бағамен сатуға тапсырма бергенін айтты.

— Ресейлік мамандар біздің өнімдерді жылы қабылдап, жоғары сұраныспен қолданып жүр. Бізге қазіргі уақытта шаруашылық дүкендері, базарлар, супермаркет сөрелерін тұрмыстық химия өнімдерімен қамтамасыз ету міндеті жүктеліп отыр. Бұл импорттың кеңеюіне және еліміздегі экспорттың әлемдік аренада дамуына ықпал етеді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бір апта бұрын зауытқа келіп, жұмыс барысын бағамдап қайтқан болатын. Қазіргі уақытта эпидемиялық індетке қарсы жаңа өнім түрлерін өндіруді қолға алдық. Оның ішінде денедегі патогендік, вирустық инфекцияларды жоюға қауқарлы «Грантсепт» және тұрмыстық үй-жайға қолданатын антисептиктер, сондай-ақ бактерияға қарсы сабын бар, — дейді компания басшысы Арыстанбек Жұмабаев.

Теріге арналған «Грантсепт» антисептигіне қосылатын изопропильдік спирт Нидерландыда өндіріледі. Компания басшылығының тұрғындар қауіпсіздігі үшін шығарып жатқан тағы бір өнімі бар.

— Апта басында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшылығының өтінішімен 1000 литр көлемінде дезинфекциялық «Хлоросеп» өнімін тегін ұсындық. Бұл сұйықтықпен қаладағы аялдамаларға, жаяу жүргіншілер жолына, автобустарға дезинфекция жұмыстары жасалып жатыр, — дейді мекеме басшысы.

Аталмыш өнімдердің құжаттары Денсаулық сақтау министрлігінде қаралып, зертхана сынамасында оң нәтиже көрсеткен. Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сай деп танылған. Бүгінде елімізде тұрмыстық химия өнімдерінің үлесі 3-5 пайызды құраса, қалған 95-97 пайызы Украина, Ресей Федерациясы, Еуроодақ елдерінде өндіріледі. Қазақстан жылына шетелден 10 миллиард теңге тұрмыстық химия бұйымдарын сатып алады. Мекеме басшысы осы кемшіліктерді жою үшін бірқатар жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

— Тұрмыстық химия өнімдерін сатып алуда мемлекеттік ұйымдар шетелдік өнімдерге басымдық береді. Бұл біздің өнімдердің сатылымына кері әсер етеді.  Алдағы уақытта осы бағытта елімізде кәсіпкерлік ассоциация құруды ойластырудамыз. Мысалы, Алматыдағы «Аврора», қостанайлық «Аромика» компаниялары халық игілігіне жоғары сапалы өнімдерін ұсынып жүр. Еліміздің аумағындағы тауарлар тек тіркеу кезінде, стандарттаудан немесе сертификаттаудан өткенде ғана тексеріледі. Ал импортқа келгенде ешқандай тексеріс жоқ, — дейді компания директоры.

«Грант Адалдың» өнімдері қала бойынша «Анвар», «Дина» супермаркеттерінде, «Дастархан» дүкенінде, «Компас» жанар-жағармай бекеттерінде сатылады. Антисептик құйылатын ыдыстарды сыртқа тасымалдауға Ресей үкіметі шектеу қойып, аздаған қиындықтар туындаған. Бірақ компания басшысы бұл мәселе оң шешімін табатынына сенімді.

— Қазір арнайы ыдыстар компанияда шығарылып жатыр. 0,5 миллилитрлік ыдыстарға құйылған антисептиктерді осы аптада сауда нарығына шығарамыз, этикеткаларын алдық. Антисептиктерді бейсенбі, жұма күндері дәріханаларға тасымалдаймыз, — дейді ол.

«Грант Адал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдерін «Матрикс» ғимаратында ашылған «Скрин Мед» компаниясының филиалы бөлшек сауда бойынша сатылымға шығарады. Бұл компания «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жүргізетін Индустриялық жүйенің сертификатына ие болған.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button