Мәдениет

Онлайн режимдегі концерттер мен спектакльдер: ақтөбелік көрерменге не ұсынылып жатыр?

Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мәдени іс-шараларды уақытша тоқтата тұруға тапсырма берді. Ал бейберекет сыртқа шығуға шектеу қойылғалы бері ақтөбеліктердің тіптен зерігіп, үйге сыймай отырғаны анық. Мұндай кезде қайтпек керек?

Осы орайда газет тілшісі облыстағы мәдениет мекемелерінің қазіргі онлайн-жұмысының жай-жапсарын біліп, олардың көрермендеріне не ұсынып жатқанын зерттеп көрген еді…

«Жайнай бер, өнер, жаңаша»

Өңірдегі байырғы мәдениет мекемелерінің бірі — облыстық халық шығармашылығы орталығы онлайн режимдегі түрлі кештерді өткізуді Наурыз мерекесінен кейін іле-шала бастап кетті. Аталған өнер ұжымы әншілердің ұйымдастырған концертімен шектелмей, айтыс, сыр-сұхбаттарды да ұсынып жатыр. Бұның барлығын кез келген ғаламтор қолданушысы әлеуметтік желілердегі парақшалардан көре алады. Бір ерекшелігі — кештерді тікелей эфир арқылы тамашалауға мүмкіндік бар. Яғни «Мына әнді шырқап жіберсеңіз…» деген көрерменнің тілегі ескерусіз қалмайды.

— «Халықтың әні кетсе, әдебиет жесір қалады, сәні кетеді. Сәні кетсе, жаны кетеді…» деп ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров ел өміріндегі ән өнерінің құдіретін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген болатын. Елдегі жағдайды ескеріп, біздің ұжым басқарманың қолдауымен 22 наурыздан бастап алғаш рет онлайн режимдегі іс-шараларды өткізуді ұйғарды. Мұндай заманауи әдіс 15 сәуірге дейін созылады деп күтілуде. Өйткені халыққа ән мен күй қай кезде де керек.

Әлгінде айтқанымдай, алғашқы мәдени шара инстаграм желісіндегі aqtobe_madeniet парақшасы арқылы тікелей эфирде жүргізілген «Наурыз мейрамы-2020» концертінен бастау алды. Көптеген көрермендер салтанатты шараға үйінде отырып-ақ «қатысу» мүмкіндігіне ие болды. Шара барысында бізден бөлек, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония, Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры, этномәдени бірлестіктер мен аудан өнерпаздары қосылып, ән-мен жырдан шашу шашты, барша халықты Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтады. Негізінде, кез келген ұлттық өнердің тірегі, түп-тамыры да халықтың өзі ғой. Біз бұны жақсы білеміз. Орталықтың және өзге де мәдени-демалыс мекемелерінің басты мақсаттарының бірі — ұлттық өнерді паш етіп, оның қадір-қасиетін арттыру, дәстүрлі ән мен күй-жырымызды насихаттау, — дейді облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Гүлнар Сейталина.

«Жайнай бер, өнер, жаңаша» айдарымен берілетін онлайн-концерттерге республикаға танымал, ұлттық өнерімізді дәріптеп келе жатқан Жетесовтердің «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі алғашқы боп үн қосты. Жаңа форматтағы концертте өздерінің балаларынан бөлек, 18 ұл-қызды бауырына басқан белгілі жыршы Өмірхан Жетесов пен әнші, «Құрмет» орденінің иегері Амангүл Ешпанова әріптестеріне, осылайша, үлгі көрсетті. @Аktobe_ocnt инстаграм парақшасы арқылы өнерлі шаңырақ Құрманғазының «Адай», Н.Тілендиевтің  «Ата толғауы», А.Жұбановтың «Тәжік биі» күй­лерін, басқа да композиторлардың шығар­маларын нақышына келтіре орындап, терме төгілтті, арасында жыр да айтты. Олардың түрлі ұлттық аспаптарда шебер ойнайтын кішкентайларының өнеріне телефонның арғы жағында отырған үлкен-кіші көзайым болды. Оған әлеуметтік желілерге жазылған жағымды пікірлер, ұлттық аспаптарға қатысты қойылған сұрақтар мен жолданған «жүрек лүпілдері» (лайктар) дәлел.

Тікелей эфирдегі мұндай мәдени шаралар әдетте сағат 11.00-де беріледі. Бұл уақытта өнерін паш еткендердің қатарында «Әдеп» халықтық тобы, «Рюкзак» халықтық бард-клубы, жас әншілер Бағдат Балмағамбетова, Нұргүл Рамазанова мен Ақторғын Ноғаева бар.

— Ал сағат 18.00-де облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан ашылған жас айтыскерлер мектебінің жетекшісі, ақын Марат Ахметов онлайн-айтысын өткізді. Бүгінгі күнге дейін шараға 8 ақын қатысып, қара өлеңге сусаған көрерменнің шөлін бір қандырғандай болды. Олар — Сағыныш Смет, Самғар Орынбай, Айболат Көшкінбаев, Әділ Сермұханов, Айсұлтан Көпбергенов, Нұрсерік Тәуекелов, Жаңажол Мұқанов, Елшат Әуезхан сынды жастар, — дейді орталық өкілі Гүлнар Сейталина.

Онлайн-концерттер әлі де жалғаспақ. Тікелей эфирдегі көрермендер енді аудан өнерпаздарының шығармашылығымен танысатын болады. Ол үшін @Aktobe_ocnt инстаграм парақшасына жазылып, онлайн-байланыстардың уақытын білсе жеткілікті.

Онлайн-премьера: «Кірпітайдың тоны»

Облыстық «Алақай» қуыршақ театры да кішкентай көрермендерін назарсыз қалдырмауға бекініпті. Аталған театрдың директоры Әсия Құрманалинаның айтуынша, инстаграмдағы @alakaiaktobe парақшасында труппа артистері күн сайын тікелей эфирге шығып, ертегілер, аңыз-әпсаналар, қызықты әңгімелер айтады. Сондай-ақ, бүгінге дейін театрдың ютубтағы арнасы арқылы «Қаңбақ шал», «Қайдасың, анашым» сияқты ертегілердің көрсетілімі болыпты.

— Бізде барлығы 12 актер еңбек етеді. Солардың баршасы кезекпен күн сайын инстаграм арқылы тікелей эфирге шығып, балалардың көңілін аулайды. Мысалы, біреуі ертегі айтса, екіншісі тақпақтар оқиды. Кейбіреулері кішкентайларға қызықты деректер келтіреді. Сосын алғаш рет әлеуметтік желілер арқылы 27 наурыз күні Смирновтың «Кірпітайдың тоны» ертегісінің онлайн-премьерасын өткіздік. Режиссері — Бекболат Парманов.

Бір жағынан, бұл актерлердің өзіне қызық тәжірибе болып тұр. Қай-қайсысы да «Ғаламтор арқылы спектакльде ойнаған ерекше екен» дейді. Әрине, бәрі керемет болып жатыр деп айта алмаймын. Техникалық қателіктер, белгілі бір кемшіліктер орын алады. Себебі бұл бірінші рет болып жатқан жағдай. Әрі бәрібір сахнада, көрермендермен бетпе-бет дидарласқанға жетпейтіні сөзсіз. Бұл анық. Дей тұрғанмен, төтенше жағдай екен деп тосырқап қалуға тағы болмайды. Өмір жалғасып жатыр. Қиындықтардың бәрі уақытша екенін ұмытпайық. Сондықтан осындай уақытта үнсіз қалмай, балалардың уақытын тиімді өткізейік, қолдан келгенше демеу болайық деген ой. Ең бастысы, үрей-қорқынышқа бой алдырмау керек. Әйтпесе, оның залалы жаман, — дейді Әсия Құрманалина.

Ақтөбелік балақайлар алдағы күндері қуыршақ театрының ютуб сайтындағы арнасынан «Сезім жібі», «Жарқын қала», «Ат тұяғын тай басар», «Мысық үйшігі» және «Дана табиғат» ертегілерін тамашалай алады. Оқырмандар күні мен уақытын жоғарыда аталған инстаграм парақшадан көрсе болады.

Өлең оқып, ән айтады

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының ұжымы да көрерменмен байланысты үзбеген көрінеді. Айталық, актерлер инстаграм әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирге шығып, көрермендердің сан түрлі сауалдарына жауап беруге көшкен. Арасында ән шырқап, өлең де оқиды. Бүгінге дейін Бағдат Телеуғалиев, Әсет Сисенов, Майгүл Мұзбаева сынды артистер осылай жасапты.

— Театрдың әлеуметтік желідегі парақшасына алғаш рет тікелей эфирге шықтым. Көрермендер әртүрлі сұрақ қойды. «Жақсы көретін рөліңіз қандай?», «Қандай кейіпкерді сомдауды армандайсыз?», «Болашақта өзіңізді қалай елестетесіз?», басқа да сұрақтар болды. Көпшілігінің театрды сағынып жүргенін байқадым. Бұл біздің, актерлер мен көрерменнің арасындағы байланысты нығайтатыны сөзсіз, — дейді актер Бағдат Телеуғалиев.

Пандемия кезіндегі өнер ұжымының тағы бір жаңалығы — Ахтанов театрының ютуб сайтында өз арнасы ашылған. Енді көрермендер бұрын-соңды сахналанған спектакльдерді, актерлердің оқыған өлеңдерінен бейнеүзіктерді ғаламтор арқылы көре алады. Әзірге ондағы кеңістікте «Ревизор» қойылымының толық нұсқасы салыныпты.

Труппадағылар сыртқа шығуға шектеу қойылғандықтан, тікелей эфирде спектакль ұсыну мүмкін еместігін, шығармашылық топтың барлық тұрғындар секілді үйде отырғанын алға тартады. Есесіне, архивтегі қойылымдардан үзінділер әлеуметтік желідегі парақшаларда жарияланып тұрмақ. Бір сағатқа созылатын актерлердің тікелей эфирлері де жалғасын табады.

Жанның шуағы, көңілдің көктемі…

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдары 25 наурыздан бері күн сайын сағат 19.00-де тікелей эфирге шығып жүр. Инстаграм әлеуметтік желісіндегі @oner_ortalygy_aktobe парақшасында «Музыка — жан шуағы» атты онлайн-концерттер көпшіліктің назарына ұсынылып жатыр. Әуелі Марат Әйтімов, Жайлау Асылханов, Аймұрат Мəжікбаев, Ғарифолла Жақсыбеков бастаған өнерпаздар осы жылдың атаулы даталарына арналған 40 минуттық концерттік бағдарламасын қойды. Келесі күні А.Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, қобызшылар, домбырашылар мен үш ішекті аспаптар топтарының өнері паш етілді.

— 27 наурызда камералық оркестрдің, аспаптар ансамблінің концерттік бағдарламасы, одан соң классикалық музыка ансамблінің əншілері, Бейбіт Оралұлы шығармашылық орталығы, яғни филармония әншілерінің дуэт, трио, квартетпен құрылған концерттік бағдарламасына кезек берілді. Араға бір күн салып, «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің, сол ұжым артистерінің айтысы тікелей эфирде көрерменге жол тартты. Сол сияқты басқа да өнер ұжымдары қалыс қалмайды.

Шағын концерттік бағдарламалар мыңдаған көрсетілім жинап жатқанын айтқым келеді. Өнер сүйген көрермен, түрлі жағдайға қарамастан, ерекше көңіл күй сыйлаған ұйымдастырушыларға және артистерге алғысын тікелей эфир кезінде білдіріп жатыр. Мұнымен филармония ұжымының жұмысы тоқтамайды. Қазіргі кезде ұжым қашықтан жұмыс жасауға көшті. Әншілермен сұхбаттар ұйымдастыру жоспарда бар, — деп атап өтті облыстық филармонияның әдіскері Әсем Жұматаева.

P.S. Осылайша, газет тілшісі облыс орталығындағы ең басты деген мәдениет мекемелерінің тынысына тоқталды, олардың елдегі төтенше жағдай кезіндегі онлайн-жұмысымен танысты. Біз әңгімеге тартқандар да журналистер секілді дамылсыз еңбек етіп жатқанын айтады. Сол сияқты бұл — әлемдік театрлардың, өзге де танымал өнер ұжымдарының спектакль-концерттерін тікелей эфирден һәм тегін қарауға үлкен мүмкіндік. Соңғы аталғандардың ресми сайты да бар, сәйкесінше ондағы бейненің сапасы анағұрлым жоғары. Мәселен, Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы әйгілі Мариинск театры, Германияның Берлин мемлекеттік опера және балет театры, Австрияның Вена театрының спектакльдерін енді үйде отырып-ақ тамашалауға болады! Аталған труппалар тек әлемдік классикаларды сахналайтынын ескерсек, одан алатын рухани ләззаттың айрықша болатыны хақ. Ең бастысы, әр нәрсені көңілге алмай, бәрінің уақытша екенін ұмытпайық!

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button