Ауыл

Ауру ауылға бармасын десек…

Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ даласында бұған дейін де жұқпалы аурулар тараған. Айталық, оба індеті бүтін бір ауылды баудай түсірсе, шешектен шиеттей балалар шетінеп кеткен. Әрине, ол кезде медицина дамымаған десек те, қазіргідей шектеу де қойылмауы аурудың бір ауылдан екінші ауылға еркін таралуына әкеліп соққан.

Ал мына коронавирустың беті жаман. Әлемнің медицинасы мықты, дамыған елдерінің өзі күресе алмай жатыр. Тіпті карантинге жабылса да аты жаман ауруды ауыздықтау мүмкін болмай отыр.

Сол себепті жер-жерде төтенше жағдай жарияланып, қалаларға бейберекет кіріп- шығуға тыйым салынды. Шетелге шығатын барлық транспорт түрлері тоқтатылды. Елге келетін адамдар қатаң бақылаудан өтіп жатыр. Коронавирустың өз ішімізден шықпай, сырттан келгені белгілі болды. Қанша жерден сақтық шаралары жасалғанымен, аз күнде жұқтырғандардың саны 300-ден асып кетуі ойландырарлық нәрсе. Бір жұбаныш, жиырмадан астам адамның бұл аурудан жазылып шыққаны көңілді бірлеп, індетті жеңеміз деген үмітті жақындатады.

Қалалар жаппай қатаң тәртіпке көшті. Енді бұл кеселді ауылға жібермеу керек. Ол үшін не істейміз?

Сағат санап ағылып, араласып жатқан қала мен ауыл тұрғындарының қарым-қатынасы уақытша шектелуі тиіс. Алғашқыда бұған аса мән бермеген ауылдықтар қазір жағдайды түсінді. Жан-жақты ақпараттар таратылып, ел ағаларының аузымен түсінік жұмыстары жүргізілді.

Адам көп шоғырланбауы үшін қаладағы мейрамханалар жабылып, той тоқтатылды. Алайда дастарқаны жиі жайылатын ауылдықтар үшін осындай уақытта жаппай шақырылуы тиіс қонақтары бар. Соның бірі — шекеге шақыру. Қыс соғымының басын үлкендерге асып, батасын алу — бұрыннан келе жатқан бұлжымас дәстүр. Одан кейінгі кезекте көңіл шайы бар. Бұл — адамы қайтқан әулетті арнайы қонақ қылып, бір сәт уайым-қайғыдан сейілту. Жақсы, бұл екеуінің жарасы жеңіл. Мынадай жағдайда жұрт түсінеді. Ауылдықтар бұл екеуінен әзірге тыйылды.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» егер де адам қайтыс болған жағдайда не істеу керек?  Қазіргі жағдайда «жерлеу рәсіміне 20 адамнан артық жиналмауы тиіс» деп шектеу қоя аламыз ба? Ал бұған әулетінің өзі елуден асып жығылатын қарға тамырлы қазақтың құда-жекжаттары келмей, қалай тұра алады? Сол қайтқан адамның қырқы, жүзі, жылы секілді садақаларды жасау міндетті ме? Оған шариғат не дейді?

«Нұр Ғасыр» орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспанның айтуынша, жалпы адамның садақасы тек бір рет қана жасалады екен. Ол қарасында. Одан кейінгі кәделері еске алып, Құран оқытып жіберсе болды.

Қайтқан адамның қарасынан кейінгі садақалары міндетті амалдарға жатпайды. Әркім сауап алу үшін істейді. Ал сауап алу үшін мынадай күні жасалуы шарт деген қағида жоқ. Яғни шектеусіз. Қазір ондайларды дүркіретіп мейрамханаларда жүздеп адам шақырып жасайтын болдық. Ол барлығымызды, тойынғанымызды білдірсе керек. Мына жағдайда ауылдарда уақыты келген кісілерді жөнелту қиындау. Адам көп шоғырланады. Таныс-тамырдың бәрі ондай жерге бармай тұра алмайды. Әсіресе, үлкендер. Жақында ғана бір кісінің садақасында болдым. Көп адам жиналмай, үйге ғана дастарқан жасап жөнелтілді. Солай істеген дұрыс. Ал көңіл айту үшін бәрі бір мезгілде келмей, әр күн сайын аз-аздап келсе де болады.  Осыны көпшілік ұғыну керек, — дейді бас имам.

Міне, ондайдың беті аулақ, әрине, дегенмен сондай жағдайға тап болсаңыз, барынша сабырға келгеніңіз дұрыс. Себебі бір адамның қазасына барам деп бірнеше адамның өліміне себепші болуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан көп жиналатын ауылдық жерде той-садақаны азайту, тіпті тоқтату — аурудың алдын алудағы бірінші қадам.

Аллаға шүкір, ауылдағы ағайындар қазір орынсыз той-томалақтарды тоқтатты. Ал мешітіміз әзірге жабылып тұр. Әркім бес уақыт намазын үйінен оқиды. Көшеден бейсеует ешкімді көрмейсің. Таксилер  де тоқтады. Әркім үйінде өз жұмысын жасап жатыр. Ауылдағы дүкендерде азық-түлік тапшылығы жоқ. Бірақ қымбатшылығы байқалады. Осы кезге тап келген қайтқан адамның жүз күндік, бір жылдық, шектік секілді садақалары кейінге шегерілді. Аудан, округ әкімдері тегін бетперде тарату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл бір сынақ. Адамдар осылай оқшауланған кезде ғана жеңеміз. Мен ауылдықтарды сақтық шараларын, барлық талаптарды орындауға шақырамын. Өйткені бұл — сіз бен біздің өміріміз үшін жасалып жатқан қам, — дейді Ойыл ауданы Амангелді ауылдық мешітінің имамы Жамаладдин Дүйсенов.

Не десек те, ауылдағы ағайынның ішінара басқосуы әлі де жоқ емес.

Тойдың табысы көп, бірақ…

Той демекші… Осы бір тойдың қанша адамға пайдасы мен шығыны бар екенін ешкім байқамайтын тұсы бар.

Әрине, тойдың бірінші кейіпкері асабалар десек, одан кейін музыканттар тұр. Той тоқтаса, біраз адамның табысы тоқтайтынын кім біліпті… Ең алдымен табысын тойдан табатын асабалардың да қалтасы босап қалды. Әр аптаның екі күнінде тапсырыс алып, айына орта есеппен 500 мың теңгедей табатын табыс қазір көзден бұл-бұл ұшқан. Тіпті той өткізетін орталықтар да кеңселерін жаба тұруға тура келіпті. Ал апта сайын келіннің бетін ашатын асабалар үйде жатыр. Ақтөбеде ең қымбат асабаның қызметі 250 мың теңгеге дейін барады. Қазір той тоқтағасын ең кемі 80 мың теңге төлейтін олардың қызметі де сұраныссыз қалды. Бір тойдан бірнеше адам табыс табады. Әр орынға 5 мыңнан бастап 15 мыңға дейін алатын тойхана иелерінің де апта сайын түсетін қаражаты қанағатпен шектелген.  Бейресми дерек бойынша Ақтөбе қаласы аумағында 70-ке тарта мейрамхана бар екен. Ал салынып жатқандары қаншама. Бұған қоса әр аудандарда кемі он шақты тойханадан бар.

Біздің жұмысымыз — қыз ұзату. Оған той иесінен 45 мың теңге аламыз. Қазір төтенше жағдайға байланысты орталығымыз жұмысын тоқтатты. Наурыз айында 3-4 тойға тапсырыс түскен еді. Оның барлығы да болмайтын болды. Алдын ала төлеген ақшасын қайтып бердік. Жас жұбайлардың тойы кейінге шегерілді. Бірақ мына коронавирустың беті қайтып, шектеу алынса, шағын той жасап, аз адаммен үйден ұзату рәсімін жасағысы келетіндер бар. Қазір кеңсемізді жауып, үйде отырмыз. Ең бірінші амандық керек. Қазақтың тойы жалғасын табар, — дейді «Әли» той орталығының директоры Анель Нұғыманова.

Егер түрлі себептерге байланысты екі жастың үйленуі керек болса, тек некесін қидырып, тойды кейін жасайды. Ал үй жағдайында тума-туыспен шағын той жасау қаншалықты қауіпсіз? Оған рұқсат беріле ме? Қалай болғанда да, той иесі ешкімге зиян келтірмейтіндей істегені жөн. Асабалардың айтуынша, көбі төтенше жағдайдың біту мерзімін күтіп отыр. 15 сәуірден соң  отау құру тойлары көбеймек. Оған қазірден бастап асабаларға тапсырыс беріп жатқандар бар екен. Бірақ сол уақытта шектеу алына ма, әлде жағдайға байланысты ұзартыла ма, ешкім  тап басып айта алмайды. Өйткені күн сайын көбейіп отырған аурудың қай кезде жойылатыны белгісіз…

Облыс бойынша төтенше жағдай кезінде 74 құқықбұзушылық тіркеліп үлгерген. Полиция қызметкерлері мен еріктілер бірлесіп жүргізген жұмыстарда бекітілген режимді сақтамағандардың дені дәмханалар мен дүкендер екені белгілі болды. Сонымен қатар белгіленген мерзімнен кейін жұмыс істеген қызмет көрсету орындары мен жеке адамдар кей жерде басқосулар ұйымдастырған.

Жақында Қарғалы ауданында демалыс орындарының бірі салтанатты шара жасаған. Оған 26 500 теңге айыппұл салынды. Облыстық полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, той жасаған адамдар 106 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке қамалады. Төтенше жағдай режимін бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Анықталған 74 тәртіп бұзушылардың 8-і қамауға алынып, 32 адамға айыппұл салынды.

Той болмағасын барлық жердегі сұлулық салондары да жұмысын тоқтатқан. Киім- кешек сататын дүкендердің де келушілері азайып кеткен.

Бірақ мұның бәрі уақытша құбылыс. Алдағы күнде ауру сейіліп, барлық сала қайтадан жанданады. Ол үшін сақтық шараларын сақтап, індетті бірге жеңуіміз керек. Әр адамның тазалығына тәуелді болып отырған осы кезде той-садақаны шектей тұру — көптің талабы.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button