Ауыл

Көктемгі егіс уақыт күттірмейді

Сәуір ортасы ауа,  қазақтар «бесқонақ» деп атап кеткен табиғат құбылысы жауындатып өткен соң, ауыл  жұрты  малын жайылымға шығарып, егіс науқанына кіріседі. Қыс бойы кетпен-күрегін сайлап, соқа-тырмаларын дайындаған шаруалар жер жыртып бастайды. Биылғы наурыздың үшінші онкүндігінде елімізге жеткен жұқпалы пандемия дерті  шаруаға қолбайлау болса да, ел адамы көктем күндерін босқа  өткізбей, жылдағы шаруасына кірісері анық.

Ел Президенті Қ.Тоқаев күні кеше Қазақстан халқына арнап жасаған  мәлімдемесінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы  көктемгі егіс науқаны үшін шаруа қожалықтарына 100 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Енді осы қаржы аймақтарға тең бөлініп, егін салып, бау-бақша өсіретін, мал басын көбейтетін нағыз  еңбек адамдарының қолына тисе деген тілек бар. Жанармайдан, тұқымнан таршылық көрмей, көктемнің жылы күнінде егін салып үлгерген жұрттың күзгі жиын-терім кезінде ел қамбасын толтырып тастайтыны ақиқат. Бұл үшін жергілікті басқармалар  шаруа қожалықтарының тізімін түгендеп, ашық ақпарат көздері арқылы тұқым мен жанар-жағармайға, техника бөлшектеріне, тыңайтқыштарға қанша қаржы қажеттігін тезірек шешіп, осы қаржының қолға тез тиюі үшін еңбектенгендері абзал. Бұны ауылдағы шаруа қожалықтары мен қарапайым шаруалар асыға күтіп отыр.  Ауыл, аудан әкімдері ел Президентінің  мәлімдемесінің тезірек іске асуы үшін осы шараларды тезірек қолған алғаны жөн деп есептеймін. Өйткені, уақыт күттірмейді. Уақтылы егін салып үлгермей қалсақ, астықтан, көкөністен таршылық көруіміз мүмкін.                                            

    Жақсылық АЛМАНОВ,

                                          ауыл шаруашылығы ғылымдарының

                                           кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button