Жаңалықтар

Короновирус, өкпе және қазақтың ұлттық тағамдары

Дүниені дүрліктірген COVID-19 дертінің аса қатерлі болуының ең басты себептерінің бірі — асқынтып алған жағдайда өкпені мүлде «істен шығаратыны».

Осыған байланысты дәрігерлер пандемия кезінде ағзаның жалпы қорғаныс қабілетін күшейту және тазалық шараларына барынша мұқият қараумен қатар, өкпенің саулығын ойлаудың да маңызды екенін алға тартады.

Дәрігер-ревматолог, Ресей медицина-техникалық ғылымдары Академиясының академигі Павел Евдокименко өкпенің дұрыс жұмыс жасауы үшін, мал өнімдерінен алынатын майдың аса пайдалы екенін тағы бір еске салды. Оның айтуынша, адамның өкпесі — майға тәуелді ағза, сондықтан майды қажетті мөлшерде пайдаланбаған жағдайда, өкпенің қызметі нашарлайды.

Өзінің короновирус індетінен сақтануға байланысты ақыл-кеңесінде дәрігер:«Күнделікті тағам құрамында май мөлшерінің жеткіліксіз болуы — өкпе үшін ең қауіпті жағдай, және бұл жерде мен өсімдіктерден алынатын май емес, мал өнімдері туралы айтып отырмын», — деп нықтайды. Евдокименко өзінің кеңесін одан әрі былай жалғайды: «Эпидемия кезінде әр адамның күніне ең кем дегенде 20 грамм сары май, сонымен қатар, егер діни сенім жағынан тыйым болмаса, бір кесек шошқа майын жеп тұрғаны жақсы». Әрине, бұл кеңестің екінші бөлігін біз тек қойдың немесе жылқының майымен алмастырып қабылдай аламыз.

Бір өкініштісі, дәрігерлер әдетте мал өнімдерінен алынатын майдың зиянды жақтары, оның ағзадағы холестеринді арттыруға әсері жөнінде көбірек айтады. Соның салдарынан мал майына бай болып келетін қазақтың ұлттық тағамдары түрлі аурулардың алдын алу, иммунитетті күшейту мәселесінде екінші кезекке ысырылып қала береді. Қазіргі пандемия жағдайында да, байқап отырғанымыздай, цитрустық жемістер, сарымсақ, зімбір, т.б.-дың пайдалылығы туралы «насихат» әбден «күшіне мінді». Аталған жеміс-көкөністердің иммунитеттің басты тіректерінің бірі саналатын С витаминінің көзі ретіндегі пайдасын, сонымен қатараурутудырғыш микробтарды жою үшін қажет екенін жоққа шығаруға болмас, дегенмен, осы тұрғыда қазақтың ұлттық тағамдарының құндылығы мен маңыздылығы да бір мысқал кем емес. Мұны, әсіресе, ауыл жұртының ескергені абзал.

Сары майды суық тигенде, басқа да жағдайларда қақырық түсіру, яғни өкпені, қолқаны, тыныс алу мүшелерін тазалау үшін, халқымыз ежелден пайдаланып келе жатқаны белгілі. Ал ішкі ағзалардың қызметі үшін қажетті саналатын мал майының көзі — сары май ғана емес, қаймақ, майы алынбаған сүт, айран, ірімшік, т.с.с. Ет пен сорпаға келсек, оларды қамыр, картоп қоспай немесе қамыры мен картобын сорпа қосылған суға бөлек ыдыста пісіріп, соңынан ішілетін сорпаны таза күйінде әкелген пайдалырақ болады. Қазақтың ұлттық сусындары — шұбат пен қымыздың пайдасы өз алдына бөлек әңгіме…

Жалпы, ата-бабаларымыздың тамақтану салты ең алдымен денсаулықты нығайтуға негізделгені кеңестік заманда, көнекөз қариялардың ортамызда жүрген шағында мүлде дерлік айтылмады, ал бүгінде ұмытылуға айналды. Бірақ ниет еткензерттеушілердіңбұл тақырыпқа қатысты деректерді қазан төңкерісіне дейінгі орыс және еуропалық саяхатшылардың жазбаларынан, сондай-ақ кейбір әдеби еңбектердентірнектеп жинауға мүмкіндіктері бар. Мысалы, орыстың әдебиетінде мемуарлық еңбектерімен қалған жазушы Сергей Аксаковтың «Семейная хроника» атты шығармасында бас кейіпкердің анасының қымызбен емделгені жөнінде құнды дерек қалған. Айта кетелік, бұл — бастан-аяқ жазушының өз өмірінен алынған туынды. Жазушының өзі 1857 жылы Ф. Чижевке жолдаған хатында тек шындықты ғана жазатынын, өмірден алынған оқиғаларды ойдан шығарылған оқиғалармен алмастыруға мүлде ықыласы жоқ екенін айтып кеткен. Ал сол заманғы зерттеушілер Аксаковтың бұл шығармасын тек әдеби туынды емес, «тарихи құжат» ретінде де құнды деп бағалаған екен.

«Семейная хрониканың» бас кейіпкері — Сергей Багровтың анасы Софья өзінің алғашқы перзентінен айырылғаннан кейін қатты құсаланып, ауыр дертке шалдығады. Оның туған қаласы, сол кезде губерния орталығы болған Уфадағы атақты дәрігерлер қанша тырысса да, жас ананың жағдайы күннен-күнге нашарлай берген. Ақыры Авенариус деген дәрігер «көшпелі татарлардың» (қазіргі татар халқы деп түсінбеу керек, сол кездегі көшпелі түркілердің ортақ аты) ем-домына жүгініп, науқасқа қымыз беру керек деп шешеді. Сөйтіп, Уфа маңындағы «татар» байларының бірінің иелегіне әкеледі. Әкелгенде, құр сүлдері қалып жүдеген, жүзі сарғайып кеткен, әлсіз, жүре алмайтын келіншекті күйеуі Алексей Степаныч пен дәрігер Авенариустың «татарлар» ауылына әзер («с трудом») жеткізгені баяндалған. Оның үстіне, қайын атасы келінінің енді «қайдағы бір басурмандардың» сусынымен емделетін болғанын естіп, «… как же пить молоко нечистого животного?» — деп, дәрігерге қатты ашуланады. Алайда қымыз ішкеннен кейін, Софья екі-үш аптаның ішінде орнынан тұрып, жүруге жараған. Мұны көрген Авенариус қуанып, науқасқа күнделікті ішетін қымыз мөлшерін көбейтуге және көшпелілердің қыз-келіншектері құсап атпен серуендеуге, сондай-ақ, қойдың майлы етін жеуге кеңес беріпті. Бұл мамыр айының іші болса керек. Бұл айдакөшпелілердің қымыз бен қой етінен (семіз қой еті деп көрсетілген)басқа ештеңе жемейтінін, тіпті «нанды да ауызға алмайтынын», яғни ата-бабаларымыздың тамақтану мәселесінде белгілі бір ұстаным-тәртіпке сүйенгенін орыс жазушысы Аксаков осындай деректермен қалдырған.

Ал қазақтың ұлттық тағамдарының денін құрайтын мал өнімдерінің (ет пен сүт) зияндылығы туралы мәселеге қайта келсек, бұл өткен ғасырдың 60-жылдарының ішінде америкалық физиолог Ансель Кистен тараған сөз деседі. Кистің қаныққан майлардың, басқаша айтқанда мал өнімдері құрамындағы майлардың семіздікке шалдықтыратыны және жүрек-қан тамыры ауруларын тудыратыны жөніндегі пікірі ғылым мен медицинада жарты ғасырға жуық уақыт үстемдік етті. Бірақ берідегі зерттеулер мұны теріске шығарып, қазіргі күні дәрігерлер, жоғарыдағы Павел Евдокименконың кеңесінде айтылғандай, күнделікті ас құрамында мал майының жеткілікті болуын (әрине, шектен шығуға да болмайды! Әсіресе, жүрек-қан тамырларының созылмалы аурулары бар, қан қысымы жоғары жандар қандағы холестерин мөлшерін тексертіп, дәрігермен ақылдасуы керек)қадағалағанды жөн көреді.

 

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button