Жаңалықтар

Облыс әкімі Ақтөбе қаласының шекараларына қойылған блокпосттардың жай-күйімен танысты  

Дүйсенбі облыс әкімі Оңдасын Оразалин елмізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты  Ақтөбе өңіріне  кіріп-шығуды тәулік бойы қадағалау үшін ашылған бекеттердің жай-күйімен танысты.

Ақтөбе облысының аймағынан жалпы 7 жерге блок посттар қойылды. Олар: «Самара-Шымкент» тас жолының 776-шақырымында (Белогорка елді мекені), Қобда бағытының 710-шақырымында  (Құрашасай ауылы), «Ақтөбе-Мәртөк-Орынбор» тас жолының 16-шақырымында (Құрайлы елді мекені) , «Ақтөбе-Атырау» тас жолының 12-шақырымында, Ақтөбе-Орск-РФ шекарасы бағытының 20-шақырымында, сондай-ақ Солтүстік айналма жолда, «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» тасжолында.

Аймақ басшысы «Самара-Шымкент» тас жолы бойындағы Хромтау бағытындағы Белогорка және Қобда бағытындағы Құршасай бекеттерінің жағдайын бақылады. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев  тәртіп сақшыларының жатын орындарын көрсетті, азық-түлікпен қамтылуымен таныстырды. Әр бекетке полиция, медицина қызметкерлері мен №30238 әскери бөлімінде борышын өтеушілер, жалпы 127 азамат жұмыс жасауға бекітілген. Аталған блок посттар азаматтардың қызуын  өлшеуге арналған құралдармен және  көліктерге жасалатын залалсыздандыру құрылғыларымен қамтамасыз етілген.

«Бұл азаматтарға артылған жауапкершілік зор. Әрбір өткен азаматты жіті қадағалап, темірдей тәртіп сақталуы тиіс, сонымен қатар, халықтың қауіпсіздігі үшін күндіз-түні аяғынан тік тұратын азаматтардың жатын орындары, ішетін асы құнарлы болуы керек», — деді облыс әкімі.

Айтып өтейік,  31 наурыз сағат 00-00-ден бастап, транзиттік көліктерді, сондай-ақ тамақ өнімдері, дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар, Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласының өнеркәсіптік, ауылшаруашылық кәсіпорындарының үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған тауарлар мен материалдарды таситын көліктерден өзге,  барлық көлік құралдарына Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласының аумағына тек рұқсатнамамен ғана кіруге болады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button