Білім

Қобда мектептері қашықтан оқуға дайын ба?

Қобда ауданына қарасты 8 мектеп қашықтан оқытуға дайын. Ал бала саны 80-нен аспайтын 17 білім ордасы оқуды дәстүрлі түрде жалғастыра береді. Бұл туралы Қобда аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбай Айжарықов хабарлады.

Қобда ауданы бойынша бүгінгі таңда 25 жалпы білім беретін мектепте 2567 оқушы білім алады. Коронавирус инфекциясының алдын алып, аурудың таралуына жол бермеу мақсатында 2019–2020  оқу  жылының  IV тоқсанын ауданның кей мектептері қашықтан оқитын болады.

Бүгінгі таңда аудан бойынша бұл бағытта қызу жұмыстар жүріп жатыр.

Аудандық білім бөлімінің жоспарына сәйкес қашықтан оқыту үшін аудан мұғалімдері  Whatsapp, instagram әлеуметтік желілерімен қатар zoom.us, bilimland.kz, classroom.google, kundelik.kz  платформаларымен дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ аудан педагогтері қашықтан оқытуды ұйымдастырудағы Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының әдістемелік ұсынымдарымен танысу үшін  облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен ZOOM қосымшасында онлайн кеңеске қатысуда.

Төртінші тоқсанды контингенті 80 оқушыдан аз  аудандағы 17 мектептің 903 оқушысы дәстүрлі түрде жалғастырады. Оқу кезінде барлық санитарлық талаптар орындалып, күнделікті дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Ал ауданның 8 мектебінің 1664 оқушысы қашықтан білім алатын болады. Бүгінгі таңда 274 оқушының  электрондық  құрылғылармен қамтамасыз етілмегені анықталып отыр. Сабақ басталған кезде  237 оқушыға мектеп компьютерлері уақытша беріледі, ал қалған 37 оқушыға  жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, компьютер мен  веб-камералар сатып алынатын болады. Үйінде интернет желісі қондырылмаған аз қамтылған отбасылардың үйлеріне интернет қондыру мәселесін де қарап жатырмыз , — дейді аудандық білім бөлімінің басшысы.

Сонымен  қатар аудан оқушылары «Балапан», «Ел арна» телеканалдарынан бейне сабақтарды көре алатыны мәлім.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button