Жаңалықтар

«Парыз» қайта шақырады!

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы — жаңа дәстүр жолы және қоғамдағы серіктестіктің жаңа түрі. «Парыз» — бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі Қазақстанның жеке кәсіпкерлік субъектілерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік принциптерін қалыптастыру мен ілгерлету және оларды осы саладағы ең үздік тәрбиені енгізуге ынталандыру мақсатында жыл сайын өтетін республикалық конкурс.

Конкурс лауреаттары атақтары «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы», «Үздік ұжымдық шарт» деген номинациялар бойынша және шағын кәсіпкерлік субъектісі, орта кәсіпкерлік субъектісі, ірі кәсіпкерлік субъектісі санаттары бойынша беріледі.

Осы номинациялар бойынша Ақтөбе облысынан 2009 жылы конкурсқа  28 кәсіпорын қатысты. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсының ең таңдаулылары былтыр 2 желтоқсан күні салтанатты жиында Астана қаласында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен марапатталды.

Байқау нәтижесінде республика бойынша 28  кәсіпорын-лауреаттардың төртеуі  Ақтөбе облысынан  2 алтын, 2 күміс «Парыз» белгісімен және Құрмет дипломдарымен марапатталды.

«Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша орта кәсіпкерлік субъектілері арасында І орын және Алтын белгі  «ТрансМост Групп» ЖШС-на, ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында ІІ орын және Күміс белгі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на берілді.

«ТрансМост Групп» ЖШС-і Қызылту селосында аз қамтылған отбасылар мен  білім саласы кызметкерлері үшін тұрғын үйлер мен сол ауылдың мектебі үшін  спорт залын, Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжіне оқу-өндірістік шеберханасын, Ақтөбе мұнай және газ колледжіне спорт кешенінің құрылысын салып берді, барлығы бойынша жоба құны — 256,7 млн.теңге.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы инвестиция құны — 13,7 млрд.теңгеге «Жаңажол — КС13» газ  құбыры құрылысын және облыс елді мекендеріндегі  газдандыру бағдарламасын ұйымдастырды.

«Үздік ұжымдық шарт» номинация бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілері арасында «КазахОйлақтөбе» ЖШС ІІ орын алып, Күміс белгіге ие болды. Аталған серіктестіктің жұмысшы мерейтойында (50, 55,60 жас) немесе зейнетке жасы келген адамның еңбек келісім-шартын бұзуы, бірінші рет заңды некеге тұрған жұмысшыларға, бөпелі болған азаматтарға, т.б жағдайларда 100 есептік айлық көрсеткіш көлемінде бір реттік материалдық көмек беру жөніндегі келісім-шарты үздік деп танылды.

«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинация бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында ырғыздық «Наурыз-СИМ» ЖШС І орын алып, Алтын белгіге ие болды. «Наурыз-СИМ» ЖШС «Балдырған» балабақшасына, «Аққайың» мектебіне, аудандық туберкулез ауруханасына қаржылық жәрдем көрсетіп, 3 жұмысшысына  3,5 млн.теңгеге үй сатып алып, 2 жұмысшыға «Нива» және «УАЗ» автомобильдерін сыйлады. Барлығы жоба құны — 6 млн. 800 мың.теңге.

Конкурс лауреаттары эмблемалармен марапатталды, олар атақ берілгеннен кейін екі жыл бойы эмблеманы жарнамалық мақсаттарда пайдалануға құқылы.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсына қатысқан басқа қатысушылар белсенді қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Конкурс Қазақстан бизнесінің, оның ішінде Ақтөбе кәсіпкерлерінің  жұмысшыларға тұрақты жалақы беріп және лайықты жұмыс жағдайын жасауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ұжымдық  келісім механизмдерін жетілдіруге, әлеуметтік объектілердің құрылысына және облысты дамытуға  бағытталған қуатты әлеуеті бар екендігін көрсетті.

Биыл да кәсіпкерлердің «Парыз» конкурсына қатысу мәселелері бойынша белгілі жұмыстар атқарылуда. Облыс бойынша 40 жеке кәсіпкерлік субъектілерінен өтінімдер келіп түсті. Облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарына бірнеше рет «Парыз» конкурсын жариялау, ережесі және конкурстың өткізілу тәртібі туралы хабарлама берілді.

«Парыз» конкурсына қатысу бойынша жүргізілген жұмыстар осы жылдың маусым айында Ақтөбе облысының әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу арасындағы үшжақты комиссияның отырысында талқыланды. «Парыз» конкурсының номинациялары бойынша үміткерлерді ұсыну әлеуметтік әріптестіктің барлық жақтарына тапсырылды.

Ақтөбе қаласының және аудан әкімдеріне, сондай-ақ, кәсіпорын басшыларына кәсіпорындардың конкурсқа қатысуларына ықпал етулерін сұрап хаттар жолданды.

Ақтөбе қаласы мен аудандардағы үміткер кәсіпорындар мен ұйымдардың конкурсқа қатысу мәселелері бойынша кеңейтілген жиналыстар өткізу жоспарланып отыр.

Облыс кәсіпорындарын биылғы республикалық конкурсқа қатысуға шақырамыз. Олардан өздерінің әлеуметтік бағдарламаларын жоғары деңгейде ұсынуларын, сондай-ақ, қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау мен қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған үлестерін қосуларын сұраймыз.

Күлсін АШМУХАМБЕТОВА,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік

бағдарламалар басқармасы бөлім бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button