Жаңалықтар

Ақтөбеде азық-түлік қоры жеткілікті. Абыржуға негіз жоқ 

«Өңірде 3-4 айға дейін жететін азық-түлік қоры бар, даурығуға негіз жоқ», — деді дүйсенбі күні журналистер мен бұқараның сұрақтарына тікелей эфир арқылы жауап берген облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин. Оның сөзінше, қаулыға сәйкес, азық-түлік дүкендері қызметін тоқтатпайды, тек жұмыс істеу уақыты жағынан өзгерістер болады.

— Бүгін бірнеше министрлікпен бірге арнайы бұйрық қабылданбақ, онда азық-түлікке қатысты бағалардың шектік нормасы көрсетіледі. Содан ауытқыған сауда иегерлері жауапқа тартылып, айыппұл төлейді. Оның көлемі — 260 мың теңге. Егер бұл қайталанса, жаза күшейтіледі, — деген Аманғали Бердалин саудамен айналысатындарға бекітілген бағадан асырмауға кеңес берді.

Сондай-ақ, ол азық-түлік дүкендері cағат 9.00-ден 20.00-ге дейін, ал супермаркеттер сағат 22.00-ге дейін жұмыс істейтінін, азықты қалай аламыз деп байбалам салып, «буынсыз жерге пышақ ұрмауға» шақырды. Облыста азық-түлік қоры да жеткілікті екен.

— Соңғы дерекке сай, Ақтөбеде азық-түлік қоры 3-4 айға дейін жетеді. Ең қажет деген өнімдер сақтаулы. Сұйық май, көкөністер, тұз молынан бар. Алдағы уақытта аталған қорды тағы да көбейту үшін қосымша 500 миллион теңге бөлінеді деп күтілуде, — деді.

Өңірлік коммуникация қызметінде ұйымдастырылған онлайн-брифингте тұрғындардың көпшілігі барлық азық-түлікке қатысты бағаның шарықтауына шағымданды. Аудандардағы жағдай тіптен қиын. Айталық, бір ғаламтор қолданушысы «Шалқар ауданында азық-түлік 45 пайызға қымбаттады, бақылау жоқ» деп арызданды. Облыс әкімінің орынбасары атқарушы биліктің өкілдері соңғы 10 күнде бағаның өскенін байқағанын, осы мәселеге байланысты құзырлы агенттікке жазбаша арыз жолданғанын баян етті. Оның айтуынша, бағаны бағамдайтын агенттік тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, Аманғали Бердалин сырттан тасымалданатын күріш, қант сияқты өнімдердің бағасының артқанын растап, осындай жағдайға доллардың қымбаттауы да әсер етіп отырғанын атап өтті.

P.S. Бағаның шектен тыс қымбаттауына куә болған ақтөбеліктерді облыс әкімінің орынбасары жергілікті биліктің тікелей желісіне хабарласуға шақырды: 8-(7132)-906-606.

Ең бастысы, атқарушы билік Ақтөбеде далаға шығуға шектеу режимі енгізілсе де, күнделікті қажет заттарды, атап айтсақ, азық-түлік, дәрі-дәрмек алу үшін жақын орналасқан дүкенге, дәріханаға баруға рұқсат берілгенін ескертеді.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button