Жаңалықтар

Еңбек қатынастары саласында әлеуметтік жағдай тұрақты

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Саламат Аманбаев пен облыстық кәсіпкерлер басқармасының басшысы Қайрат Райымқұловтар төтенше жағдайға байланысты 31 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап облыста  енгізілетін шектеу шараларына орай азаматтардың жекелеген санаттары бойынша еңбек қатынастарын реттеу, шағын және орта бизнестің жұмысы турасында инстаграм әлеуметтік желісінің тікелей эфирі арқылы оқырмандар сауалдарына жауап берді.

Саламат Аманбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта  облыс бойынша еңбек қатынастары саласындағы әлеуметтік жағдай тұрақты.

Тікелей эфир арқылы оқырмандар тарапынан түскен сауалдардың бірсыпырасы шектеу шаралары кезінде вахталық әдіспен жұмыс жасайтын жұмысшылардың қатынас мәселесіне байланысты болды. «Менің жолдасым Байғанин ауданында вахталық әдіспен жұмыс жасайды. 20 наурыз күні жұмысына кірісті. Жұмыс уақыты 3 сәуірде аяқталады. Ақтөбе қаласына кіруге шектеу қойылса, ол үйге қалай қайтады?», — деген оқырман сауалына Саламат Аманбаев:

Мұнай-газ саласында еңбек ететіндерге қатысты айтар болсам, егер шектеу шаралары енгізілген уақытта вахталық әдіспен жұмыс жасайтындардың жұмыс мерзімі аяқталса, онда олар қосымша 15 күнге жұмыста қалады. Бірақ бұл жұмыс берушінің шешіміне сәйкес жүргізілетін шара. Ол үшін жұмыс беруші мұндай шешімді кен орны орналасқан аймақтағы аудан әкімдігіне жолдауы керек. Аудандағы жедел штаб бұл мәселені жекелей қарайтын болады. Менің ойымша, мәселе оң шешімін табады, — деді ол.

Басқарма басшысы облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, шектеу шаралары кезінде облыс және Ақтөбе қаласы аумағынан кіруге және шығуға тыйым салынуына қатысты жұмыс берушілердің назарына:

Қазір әрбір әкімдікте, Ақтөбе қаласы әкімдігінде осы мәселемен айналысып отырған арнайы комиссия жұмыс жасайды. Сондықтан жұмыс беруші бірінші кезекте вахталық әдіспен жұмысты аяқтағандардың үйлеріне қайтуы үшін әрбір жұмысшының аты-жөні мен тұрғылықты мекенжайы жазылған тізімді беруі керек. Сол тізім бойынша жұмысшылар аумақтан кіргізіп, шығарылады, — деді С.Аманбаев.

Брифингте облыстық кәсіпкерлер басқармасының басшысы Қайрат Райымқұлов 31 наурыз күні сағат 00.00-ден бастап облыста шектеу шаралары туралы аталған қаулы күшіне енетінін, бүгінде бұл құжат барлық әлеуметтік желі арқылы халыққа таратылғанын айта келе:

Шектеу шаралары жүргізілетін уақыт аралығында облыстағы барлық техникалық қызмет көрсету, көлік жуу, бизнес орталықтары мен ломбардтар, банктер мен ақша айырбастау пункттері сияқты өзге де нысандардың жұмыс уақытына шектеу қойылады. Яғни мұндай субъектілер таңертеңгі сағат 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс жасайды. Сондай-ақ санитарлық-дезинфекциялық талаптар қатаң сақталуы қажет. Ал азық-түлік дүкендері таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс жасайды. Дәріханалардың жұмысы штаттық режимде жүргізіледі, — деді Қ.Райымқұлов.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button