Әлеумет

4 тігін цехы бетперде тігуде

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға және өңірімізде енгізілген ерекше жағдайдағы шектеу режиміне байланысты Шалқар ауданы бойынша жан-жақты жұмыстар атқарылуда.

Шалқар ауданы әкімінің басшылығымен жедел штаб құрылып, ауданда 4 тігін цехы бетперде тігумен айналысып жатыр. Әрқайсысы күніне 400 дана бетперде тігіп шығарады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықты тегін маскамен қамтамасыз ету үшін 50 мың данасын сатып алуға шарт жасалды. Сондай-ақ аудандағы жеке кәсіпкерлердің қолдауымен еріктілер тобы халыққа бетперделер таратуда. «BizBirgemiz» республикалық  акциясы аясында аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты қарияларға, көп балалы аналарға азық-түліктер,  бірінші кезекте қажет тауарлар мен антисептикалық құралдар табысталды. 88 аз қамтылған отбасы мүшелеріне  491 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Дәрі-дәрмектердің дәріханаларға жеткізілуі тұрақты түрде қадағаланып отыр. Бүгінгі күні демеушілер тарапынан 400 мың теңгеге көпбалалы отбасылар мен мүгедектерге және басқа да  әлеуметтік осал топтағы азаматтарға отандық өнімдерден азық-түлік және тұрмыстық жиынтық  берілді.

Індет белгілері байқала қалған жағдайда аудан территориясы 23 карантиндік аймаққа бөлінеді. Олар: Шалқар қаласы бойынша 11 аймақ және 12 ауылдық округ. Бөлінген әр секторға жауапты қала, ауылдық округ әкімдері, учаскелік полиция инспекторлары, медицина қызметкерлері мен мектеп директорлары бекітіліп, оқшаулау орындары дайындалды. Аудандағы адам көп шоғырланатын жерлерде дезинфекциялық тазарту жұмыстары өткізіліп жатыр. Сондай-ақ аудандағы 7 амбулатория, 19 медпункт пен 1 аурухананың дайындығы пысықталды.

Шалқар ауданы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жұмыстар жүргізу үшін  арнайы техникалар қарастырылған. Халықпен тығыз жұмыс жасайтын қызметкерлер қажетті медициналық қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілді.

Күн сайын Шалқар ауданы аумағына келетін пойыздардан түсетін жолаушылар туралы мәліметтер алынып, жұмыстар жүргізілуде. Теміржол бойында саудамен айналысатын және әлеуметтік осал топтағы азаматтардың тізімдері анықталып, барлығы 302 адам есепке алынды. Оларға қаржылай көмек көрсетілетін болып шешілді.

Төтенше жағдайға байланысты тұрғындардың сұрақтарына аудандағы тиісті мекеме басшылары әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде жауап беруде.

Сонымен қатар дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының инфекцияның таралуының алдын алуға арналған Үндеуі дыбыс күшейткіштер арқылы көшелерде, адам көп жиналатын орындарда хабарлануда. Аудандық пошта көмегімен тұрғындарға газет арқылы ақпараттық парақшалар таратылу ұйымдастырылуда. Мұндай ақпараттар әлеуметтік желілер арқылы және баспасөз құралдарында да үзбей жарияланып отыр. Ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері баспасөзде және әлеуметтік желілерде сұхбаттар беріп, медицина мамандарының талабын қатаң сақтауға шақыруда.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button