Басты бет » Экономика » Наурыз: нағыз сынақ айы

Наурыз: нағыз сынақ айы

Биылғы наурыз күллі әлем халқы үшін ауыр сынағын ала келді. Шығыс беттен соққан қауіпті дерт лебі көп көңілін қобалжытып, күн өткен сайын ауыр зардабы сезіле бастады. Осы тұста халықтың сауық-сайран құрып, той-думан жасауды тоқтата тұруына тура келді. Бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары осы тақырыпты басты күн тәртібіне қойды.

Облыстық «Ақтөбе» газеті де оқырмандарын коронавирусқа қатысты жедел хабарлармен, анық ақпараттармен жүйелі түрде қамтып отырды. Бұдан басқа, «Ақтөбенің» сайты да осы күндерде ыждаһатты жұмыс істеді.

Осындай қиын жағдайға қарамастан бұл айда облыста көптеген оңды шаруалар тындырылды. 

«Aqtobe Hub»: жаңа мүмкіндіктерге жол

«Aqtobe Hub» өңірлік даму орталығы облысты жаңғырту және оны қазіргі жағдайға бейімдеу жобасын жүзеге асыру мақсатын көздейді. Осы бағыттағы жұмыстарды атқаруға азаматтық қоғам, мемлекеттік сектор, шағын, орта және ірі бизнес, даму институттарының, сонымен қатар Президенттің жастар кадр резервінің өкілдері тартылды.
Аталған жоба аясында «Brainstorming» стратегиялық сессиясы өткізіліп, бизнес өкілдері мен азаматтық белсенділердің жүзден астам көшбасшысы маңызды мәселелерді шешу жолдарын талқылады.  

«AqtobeExecutiveProgram» оқыту бағдарламасы уақыт талабына сай қызмет етпекші.

Бір атап өтерлігі, мұндай жоба әзірге республика көлемінде Ақтөбеде ғана қолға алынып отыр.

«Aqtobe HUB» өңірлік даму орталығы корпоративтік қорының қағидалары аясында экономикалық, инвестициялық әлеуетті анықтау жұмыстары терең зерттеліп, кадрлық резерв құру, әкімдіктің бизнеспен және қоғаммен өзара қарым-қатынасын нығайту, кәсіпкерлік әлеуетті ынталандыру, өңірді цифрландыру шаралары қабылданбақшы.

Электрондық саудамен — әлемдік нарыққа

 Жергілікті кәсіпкерлердің  «Ақтөбе өнімдері-2020» көрмесі электрондық саудамен әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін көрсетті.  

Аталған көрмеде келушілер назарына құрылыс заттары, киім-кешек, сүт, нан өнімдері ұсынылды.

Көрме ашылған күні ұйымдастырылған форум жұмысына көршілес Орынбор облысынан арнайы делегация келді.

Мұндай көрменің Ақтөбенің сырт елдермен сауда-экономикалық қатынасын одан әрі дамытуға, ішкі және сыртқы нарықты нығайтуға, сондай-ақ бәсекеге қабілетті отандық өнім өндіруге өз ықпалын тигізетіндігі айқын.

Цифрландыруға көңіл бөлінуде

Өңірде IT  қауымдастығын құру — бүгінгі күні алға қойылып отырған мақсаттардың бірі.

IT — Қазақстан үшін жаңадан дамып келе жатқан қызмет түрі. Тұрғындар алдағы уақытта  цифрлық технологияны пайдалануды күнделікті дағдыға айналдырмақшы.

Бүгінде еліміздің ІТ мамандары шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнату үстінде. Мұның цифрландыруды жүзеге асыруда көмегі көп.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асыруда негізгі 11 салалық бағыт таңдалып алынды. Олардың ішінде қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және қаланы басқару ісіне басымдық берілуде.

Аталған бағдарлама балабақшаларға кезекті автоматтандыру, мектепке құжаттарды қабылдау, электронды билет және басқа да процестерді оңтайландыруға жол ашты.

Биылғы жылы цифрландыру мақсатына 4,1 миллиард теңге бөлініп отыр.

GPS жүйесі — жедел жәрдемге

Жедел жәрдем қызметіне бүгінгі күні сұраныс та, сонымен бірге талап та күшейе түсті. Бұл медициналық көмек сапасын одан әрі көтеруге міндеттейді.

Осы бағытта аталған орталық жұмысы оңтайландырылу шараларын бастан өткеруде.
Былтыр Ақтөбе қаласындағы №14 емхананың жанынан 4-санатты шұғыл шақыруларға қызмет көрсету үшін шұғыл медициналық көмек бөлімшелері ашылды.

Бүгінде облыс бойынша 103 нөміріне шалынған барлық қоңыраулар «Алғашқы көмек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірыңғай CALL-орталығына келіп түседі.

Облыс орталығында жедел медициналық көмек жұмысы «IDEA» автоматтандырылған басқару жүйесінің көмегімен жүзеге асырылады. Облыстың барлық жедел медициналық көмек бригадалары ІPAD планшеттермен қамтамасыз етілді.

Диспетчерлер «Арвенто» GPS жүйесі бойынша автокөліктердің қозғалысын қадағалайды. Аталған автоматты басқару жүйесі 8 стационарлық орталықтарында орнатылды.

Көпбалалы аналарға қолдау

«Менің кәсібім» деп аталатын республикалық әлеуметтік жоба игілігін ақтөбелік көпбалалы аналар көре бастады. Мұның бір мысалы ретінде Ақтөбе қаласы мен аудандардағы отызға жуық анаға тігін машиналарын сыйға тартылуын айтуға болады.

Бұл жобаның  мақсаты — аналарға рухани қолдау көрсетіп, кәсіп ашуға демеушілік жасау.

Жобаға қатысушыларға құрал-жабдықтар үшін заттай дүниелер беріледі.

Тігін машиналарына ие болғандар үшін «Аzaia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында мекеме шеберлері мен «Бесаспап» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары шеберлік сағаттарын өткізді.

Өткен жылы облыста 238 көпбалалы ана қысқа мерзімді кәсіби даярлау курстарынан өтіп, жаңа кәсіпке араласу мүмкіндігіне ие болды.

Абай мұралары — Ақтөбеде

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің жылжымалы көрмесі Ақтөбеге келді.

Көрмеге келушілер ұлы ақын өміріне қатысты елуден астам қымбат жәдігермен танысты. Жұртшылық Абайдың көзі тірісінде Семейдегі өлкетану музейіне өзі берген бұйымдарды көріп, Құнанбай қажы мен ақынның өміріне қатысты маңызды құжаттарды қарады. Сондай-ақ, Абайдың жары Еркежанның сәнді киімдері де келушілер назарын аударды.

Биыл құрылғанына сексен жыл болған музей жәдігерлері қатарында он бір мыңнан астам экспонаттар жинақталған.

* * *

…Сонымен, наурыз айының соңғы күнінен бастап ел қауіпсіздігін сақтау мақсатында облыс аумағында ерекше жағдайдағы шектеу режимі енгізілді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин өзінің халыққа үндеуінде «Мұны біз дұрыс түсінуіміз керек. Ерекше жағдайдағы шектеу, яғни оқшаулану, ол ең әуелі, өз өмірімізді сақтау үшін қажет.

Біз мұндай нәубеттің талайын бастан өткізген халықпыз. Осындай сын сағатта ел екендігімізді көрсетейік. Бір-бірімізге демеу болайық.

Өмір бір орында тұрмайды. Ең бастысы, үмітімізді үкілеп, ертеңгі күнге сенімімізді арттырайық. Елдігімізді асқақтатып, ұлттық ұйысудың үлгісін көрсетейік.

Тек береке-бірлік болсын. Сонда ғана қандай қиындық болса да бірге жеңіп шығамыз», – деп атап көрсетті. Осылайша облыс басшысы көпке жігер берді, жақсы күннің жақын екеніне сендірді. 

…Қазақ «Сәуір болмай — тәуір болмас» дейді. Ертең есік ашатын сәуір айымыз саушылықтың айы болсын!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.