Денсаулық

Ақтөбеде коронавирус жұқтырған тағы бір адам тіркелді

Ақтөбеде коронавирус жұқтырған тағы бір адам тіркелді. Бұл туралы бүгін облыстық коммуникациялық қызметінде онлайн өткізілген брифинг барысында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мәлімдеді.

Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің айтуынша, науқас бүгін кешке Ақтау-Алматы бағытындағы ұшақпен ұшып келген. Ал Ақтауға Түркиядан келіпті.

  • Қазір науқастың жағдайы тұрақты, оны инфекциялық стационарға жатқызу мәселесі қарастырылып жатыр. Онымен бірге ұшақта болған 17 жолаушы да оқшауланды, барлығы да карантиндік орталыққа жатқызылды, сараптамалар алынды, кейбірінің сараптама нәтижелері тез дайын болды, оларда COVID-19 вирусы анықталған жоқ, кейбірінің сараптамалары зерттелу үстінде, — деді департамент басшысы.

«Короноавирус жұқтырған азамат Түркиядан ұшып келген болса, не себепті оны Ақтаудан өткізіп жіберді?» — деген сұраққа Н.Беркімбаева: «Қазір ол мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деп жауап берді.

Ал облыстағы коронавирус жұқтырған науқастың жағдайы қазір тұрақты, ол 22 наурыз күні инфекциялық стационарға түсті, ем алып жатыр. Н.Беркімбаеваның айтуынша, 14 сәуір күні тағы да сараптама алынады, егер науқас айыққан болса, емдеуші дәрігер оны үйге шығаруға қатысты шешім қабылдайды.

  • Қазіргі уақытқа Ақтөбе қаласында госпитальда барлығы 120 адам оқшауланған, оның ішінде инфекциялық госпитальда — 25, провизорлық госпитальда — 43, карантиндік госпитальда —52 адам бар. Аудандар бойынша: Алға ауданында —  2, Мұғалжар ауданында — 1, Темір ауданында — 2, Хромтау ауданында — 11, Қобда ауданында —  5, Шалқар ауданында —  2 адам карантинде. Жалпы алғанда Ақтөбе облысы бойынша 143 адам жатқызылды. Барлығының да жағдайы тұрақты, — деді облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.

 Мейрамгүл  РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button