Денсаулық

Басқалардың обалына қалмаңыз!

Короновирус жұқтырған адамның барлығында бірдей ауру белгісі бірден біліне бермейді. Ондай адам үйде отырмаған жағдайда басқалардың обалына қалуы мүмкін.

Хабар 24 арнасында өткен онлайн брифингте ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев көпшілікке осыны ескертті.

«Италияда бір күн ішінде 969 адам осы індеттен көз жұмды. Бұл — сақтық шараларына салғырт қараудың кесірі. Осы жағдай бәрімізге сабақ және ескерту болуы керек. Короновирус, әсіресе, қарт адамдар үшін қауіпті. Бәріміз де ата-әжеміз, ата-анамыз бар. Өзіміз үшін қорықпасақ та, сол үлкендерді ойлауымыз керек», — деді Дәурен Абаев.

Министр Абаев бүгінгі күні бүкіл әлемде және елімізде вирустың таралуы үдеп бара жатқанын, тіпті вирустың таралуын бақылай алмау қаупі туындап отырғанын айтып, алаңдаушылық білдірді.  Короновирусты жұқтырған адам өзі бірден ауырмай, сол себепті қауіпті індетті жұқтырғанын да білмеуі мүмкін.«Сондықтанқазіргі күні вирусқа қатысты ең тиімді күрес — карантин режимін сақтау», — деп ескертті ол.

Қазіргі күні елімізде вирус жұқтырғандар саны 208-ге жетті. 1899 адам стационарлық карантинде жатыр. Үй карантинінде жатқандар саны — 3,5 мың. Бір адам осы індеттен көз жұмды.

Бір жақсысы, елімізде короновирус жұқтырғандардың 15-і емделіп шықты.

Ал әлем бойынша короновирус жұқтырғандар саны 600 мыңнан асып кетті. Соңғы екі тәулікте ғана Жер шарында бұл вирусты 125 мыңнан астам адам жаңадан жұқтырды. Бүгінгі күні науқастар саны ең көп ел АҚШ болып отыр. Мұнда короновирусты жұқтырғандар саны 105 мыңға жуықтады.

А. САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button