Әлеумет

Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік осал топтарға қандай көмек беріледі?

Брифинг

Облыс әкімдігінің @aqtobepress инста-парақшасында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова тікелей эфирге шығып, төтенше жағдай және карантин кезеңінде елімізде және облыста әлеуметтік осал топтарға  көрсетілетін көмек туралы таратып айтып берді.

— Биыл қаңтар айынан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға өзгеріс енгізілгені баршамызға аян. 23743 мүшесі бар 4637 отбасы 514 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алды. Сәуір айының 15-іне дейін наурыздың төлемі беріледі. Бірінші тоқсанда 6397 балаға  ай сайын азық-түлік топтамасы, 6 жасқа дейінгі балаларға тоқсанына бір рет гигиеналық құралдары үлестірілді, — деді Бұлбұл Ораққызы атаулы әлеуметтік көмектің бірінші тоқсанын қорытындылап. Одан әрі ол жаңалықтарға тоқталды.

Мемлекет төтенше жағдай мен карантин кезеңінде қаржылай көмек беруді жөн көріп отыр. Атап айтсақ,  атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы, оның ішінде көпбалалы отбасылардағы алты жастан он сегіз жасқа дейінгі әр балаға сәуір айынан бастап 5647 теңгеден беріледі. Бұл қаражат 15 сәуірге дейін тиесілі жандардың есепшоттарына аударылады. Ал карантин жарияланған жағдайда атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасының ересек мүшелеріне, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға, барлық жастағы бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, мүгедек баланың күтімімен айналысатын ата-аналарға да осындай 5647 теңгеден берілетін болады,

Облыста атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі 7360 бала бар. Олардың әрқайсысына наурыздан бастап республикалық бюджеттен 5647 теңге төленетін болды. Бұл тек төтенше жағдай кезеңінде тағайындалып отырған жәрдемақы. Елдегі төтенше жағдай кезеңінде облыстық әкімдік те қарап қалмай, облыстық бюджеттен халықты әлеуметтік қорғауға қаржылай көмек қарастырып отыр. Әр жан басына шаққанда күнкөріс деңгейі 27666 теңгеден кем болған жағдайда, аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы отбасыларға, жалғызілікті қарияларға, әлеуметтік аурумен ауыратын науқастардың отбасыларына сәуір айынан бастап 20 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалады. Бұл қаражаттарды алу үшін еш жерге барудың қажеті жоқ. Арнайы жасақталған базада осындай топқа жататын азаматтардың деректері сақтаулы. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қажет болған жағдайда базада көрсетілген телефондарына хабарласып, керекті деректерді анықтайды. Барлық қаражат есепшоттарыңызға аударылатын болады, — деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Айтпақшы, осы екінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмекке бірінші рет құжат тапсыратын болсаңыз, электронды қолтаңбаңызбен электронды үкімет порталына (www.e.gov) кіріп, өзіңіз туралы деректерді енгізіп, өтініш қалдыруыңызға болады.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова қала тұрғындарының сауалдарына жауап бере отырып, ақпан айының азық-түлік пакеті әлі де таратылып жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол тұрғындардың  қандайда да бір сұрақтары болса, 445-755, 906-606 call- орталықтарына хабарласуға болатынын ескертті.

Бұлбұл Елеусінова тұрғындарға әлеуметтік желілердегі, әсіресе, уатсап желісіндегі «109 нөміріне хабарласып, жағдайыңды айтсаң, көмектеседі» деген сарындағы хабарламаның жалған екендігін айтып, тек ресми ақпараттарға сенуге шақырды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button