Білім

Қашықтықтан оқыту технологиясы: 402 мектеп пен 151 мың оқушының әзірлігі қалай?

Наурыздың 26-сы күні жарияланған ЮНЕСКО-ның мәліметіне сүйенсек, қазір жер жаһандағы 165 елде мектептер мен арнаулы, жоғары оқу орындары жабылып жатыр. Бұл — әлемдегі  1,5 миллиард оқушы мен студент, яғни білім алушылардың 87 пайызы (!) білім шаңырақтарына бармайды деген сөз.  Мұның бәрі, әрине, жаһанға жайылған індеттің салдарынан болып отыр. Сол себепті әлем елдері қашықтықтан оқыту процесіне көшуде.

Біздің еліміздің де білім беру саласының алдында үлкен міндет, үлкен жауапкершілік, үлкен сын тұр. Үздіксіз білім беруді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның білім саласы қашықтықтан оқыту технологиясына күш салып жатыр.

Сәуірдің 6-сынан бастап облыстағы 151 мыңға жуық оқушы жаңа жүйе бойынша білім алады. Қазір осы бағыттағы істерді жүзеге асыру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Біз өңірдегі мектептердің жаңа форматтағы білім беру жүйесіне дайындығы туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменовамен сөйлескен едік.

Облыста жалпы 402 мектеп бар.

— Қазір қай ауылда, қай елді мекенде интернет желісінің бар-жоқтығы, әлсіздігі туралы нақты деректер жинап жатырмыз. Сондай-ақ оқушылардың қаншасы компьютер, смартфондармен қамтылғаны туралы мәлімет жинақталуда. Сол бойынша сараптама жасалады, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Интернет желісі жоқ ауылдың балаларын қашықтықтан оқыту үшін «Балапан» (қазақ тілінде), «Еларна» (орыс тілінде) телеарналары арқылы бейнесабақтар өткізіледі.

— Қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша сабақ өткізу мен әдеттегі 40  минут көлеміндегі сабақтың өзара айырмашылықтары бар. Жаңа форматта өткізілетін сабақтың әдіс-тәсілдері, қағидалары өзгеше болады.

Қазір телесабақтардың арнайы түсірілімі жүргізілуде. Бұл сабақтар мемлекеттік стандарт талаптарына, оқу бағдарламаларына сай құрылған. Жоспар бойынша 2 мыңнан астам бейнесабақ дайындалады. Қазірдің өзінде 200-ге жуық сабақ әзір.

Бейнесабақ барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы, Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі, жалпы еліміздегі ең үздік педагогтер сабақ береді. Бұл —интернет желісі жоқ ауылдың балалары үшін жасалып жатқан үлкен мүмкіндік, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Айта кету керек, әр сыныптың бес күндік оқу жоспарына сай сабақ кестелері дайын. Әдістемелік нұсқалары министрліктің сараптауынан өткен.

— Облыстағы Әйтеке би, Қобда, Қарғалы, Мәртөк аудандарының кейбір ауылдары Ресеймен шекаралас орналасқан. Бұл елді мекендерде «Балапан» мен «Еларна» телеарналары көрсетілмейді, мұндағы тұрғындар тек Ресейдің телеарналарын ғана көреді. Сол себепті, бұл ауылдың балаларының мәселесін шешу мақсатында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. «Отау» ТВ-ны сол ауылдарға қондыру жоспарланып отыр, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

Оның айтуынша, әдіскерлер мен педагогтер үшін де арнайы онлайн телекурстар, вебинарлар әзірленген. Наурыздың 26-сынан бастап облыстық білім басқармасының жанындағы ғылыми-әдістемелік орталығының мамандары әдіскерлерге қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды түсіндіру мақсатында онлайн семинарлар, вебинарлар, курстар өткізіп жатыр. Кестеге сәйкес мұндай сабақтар педагогтерге, мектеп басшыларына да үйретіледі.

— Облыс орталығы, аудан орталықтарындағы балалар үшін қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша білім беруді ұйымдастыру әлдеқайда жеңілірек. Интернет желісі қарқынды жұмыс жасайтын Ақтөбе қаласындағы және аудан орталықтарындағы мектептердің барлығы «Күнделік», «Bilimland», «Daryn.online», «Platonus», «EduPage» секілді жүйелер бойынша контентке қосылып, жұмыс жасайды, — дейді Гүлназ Сүлейменова.

P.S.

Жаңа форматтағы жұмысты тиімді ұйымдастыруда білім саласының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүгі артылып отыр.  Жаңа жүйені мектептерге енгізгенде білім сапасы қандай болмақ? Оған, әрине, уақыт  төреші.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button