Пікір

Бейнедәріс беруді демде үйрендік

Әлия ҰЛЫҚПАНОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Әлемді үрейге бөлеген «тәж-тажалдың» қаһары әрбір адамның, әр отбасының өміріне елеулі «өзгерістер» алып келді. Бір байқағаным, кей адам «қатер менің де басыма төнеді» деп ешуақытта ойламайды. Өмірімде мезгілсіз қазаны көріп, есеңгіреп көтерілген өз басым барлық қатерден қорқып отырамын, барымша сақтануға тырысамын. Пандемия қатері көптеген мемлекетті шарпып келе жатса да, кей замандастарымыздың қаперсіз жүрген қалпын көріп шошимын. Әрине, бұл шектен тыс үрейге беріліп, жөн-жосықсыз бар шаруаны ұмытып, үйге тығылып отыр деген сөз емес. Бастысы — «Сақтансаң — сақтармын» деген қағидалы сөзді жоққа шығармаған жөн.

Коронавирустың үрейлі хабарын естіген күннен ойымыз сан-саққа кетсе де, қалыпты оқу процесінде жүрген болатынбыз. Шындап сезінген күніміз —

13 наурыздан басталды. Университет бойынша 14  наурыз — Амал мерекесін өткізуге байланысты қарбалас дайындық үстінде едік. Барлығын кілт тоқтатуға тура келді. Содан бері екі апта уақыт өтіпті. Екі аптаның соншалықты тез өткенін енді сезініп отырмын. Өйткені, менің ғана емес, барлық әріптестерімнің де осы күндердегі әр сағаты санаулы, тынымсыз жұмысқа толы болды деп ойлаймын.

Бейнедәріс дайындау үшін «XRecorder», «DU Recorder» бағдарламаларын бір-бірімізге үйретіп, бір сағаттың ішінде меңгеріп алдық. Рейтинг аптасымен сәйкес келген осы бір қарбалас күндерде «Zoom» каналы арқылы онлайн сабақтар өткізуді де демде үйрендік. Бұған дейін мұндай жаңа ақпараттық бағдарламалармен жұмысты арнаулы курстарға барып үйренетін болсақ, бұл жолы айналдырған азғана күннің ішінде ютуб каналындағы бейнетаныстырылымдар арқылы өз бетімізше меңгердік.

Студенттер де бірлесе жұмыс жасап, күнделікті сабақтарына тыңғылықты дайындалып, онлайн дәрістерге қатысып жатыр. Ал интернет жүйесі жай жүретін шалғай аймақтардағы үйлеріне аттанған студенттер онлайн сабақтарға қосыла алмаса да, өз жұмыстарын талдап жазып, уатсап арқылы жіберіп отыр. Жалпы оқу процесін тоқтатпаудың барлық мүмкіндіктері жасалуда.

«Көшеге шығуға болмайды», «Іш пысты», «Уақытты қалай өткізуге болады?» дегендерге іштей таңданып отырамын. Шынымды айтсам, уақыт бұрынғыға қарағанда тіпті тапшы боп кеткендей. Әйтеуір тыным жоқ. Түнгі ұйқыны да азайттық. Әрбір пәнге бейнедәріс дайындаймыз, сағат кестесіне сай онлайн сабақтар жүргізудеміз. Жауапкершілік күшейе түсті. Талапқа сай қызмет еткіміз келеді.  Бейнедәрістер ютуб каналына жүктеледі, тыңғылықты дайындық қажет. Бұл арада барлық жұмысқа  жауапкершілікпен қарау керек дейтін таразы санамызға тыным таптырар емес.

Отбасына қамқорлықпен қарап, балаларымыздың бар мүмкіндіктерін жасап, амандығын тілеп отырған анамын. Әр уақытта санамда «Менің қателесуіме болмайды» деген ой тұрады. Ерте оянып, кеш жатамын. Қолым қалт еткенде өзім жақсы көріп өсіретін гүлдерімді балаша баптаймын. Гүлдердің көктем келіп құлпыра өсетін кезі. Топырағын жаңарту, тіпті күннің шыққан ыңғайына қарап, терезе алдындағы өскіндердің бірде күн сәулесі тіке түскенде жапырағының күйіп кетпеуін қадағалап, енді бір сәт жарық мол түстеін сәтінің оңтайлы кезін де қарап отырамын. Қысқасы бір тыным жоқ.

Ең бастысы — еліміз пәле-жаладан, қауіп-қатерден, коронавирус тажалынан аман болсын деп тілеймін. Қалған жұмыстың бәрі қолдан келеді. Білмегенді — үйренуден, білгенді – өзгеге үйретуден жалықпаймыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button