Басты бет » Жаңалықтар » Ипотекалық несиесі барлар қарызын кейін төлеуіне болады

Ипотекалық несиесі барлар қарызын кейін төлеуіне болады

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі төтенше жағдай режимінде қаржылай қиындықтарға ұшыраған салымшыларға қолдау көрсетпек. Аталған банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова ТЖ кезінде банк клиенттеріне арналған жеті қадам ұсынды.
«Коронавирус таралуының алдын-алу мақсатында ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ енгізілуіне байланысты орын алған жағдайды ескере отырып, біз барлық азаматты оқшаулану ережелерін САҚТАУҒА шақырамыз және мынадай жеті қадам ұсынамыз», — деді ол.
Бірінші қадам — Егер сіз уақытша қаржылық қиындыққа ұшырасаңыз, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі сізге 2020 жылғы 16 наурыздан кейін өтелуі тиіс ТӨЛЕМДІ 90 КҮНГЕ ШЕГЕРУГЕ мүмкіндік береді. Шегерілген төлемге негізгі қарыз да, несие сыйақысы да кіреді. Бұл сіз жазған өтініштің негізінде жүзеге асырылады. Өтініште кейінге шегерудің не себепті қажет болғанын көрсету керек, бірақ банк қосымша растау құжаттарын талап етпейді. Төлемді кейінге шегеру мүмкіндігі автоматты түрде беріледі. Алайда өтінішті дәл осы сәтте берудің қажеті жоқ, оны кейінірек жасайсыз. Қазір үйде отырғаныңыз жөн.
Екінші қадам — төлемді шегеру туралы өтініш төтенше жағдай аяқталған соң, яғни 2020 жылғы 15 сәуірден бастап интернет-банкинг арқылы қабылданады. Барлық өтініш мақұлданады. Шегеруді 2020 жылғы 16 наурыздан кейін өтелуі тиіс төлемдерге қатысты қолдануға болады. Онлайн-өтініш беру кезінде 2020 жылдың 16 наурызындағы жағдай бойынша уақытылы өтелмеген несие төлемі болмауы керек екенін ескеріңіз. Үйден шықпауды және уайымдамауды өтінеміз, себебі төлемді кейінге шегеру несие мерзімін 3 айға ұзарту арқылы жүреді. Бұл сізге ай сайынғы төлем көлемін қалыпты деңгейде ұстап қалуға көмектеседі.
Үшінші қадам — алдын-ала және аралық заем алушылар тұрғын үй заемына өту мерзімі шегеру уақытына ұзартылатынына ескеруі тиіс.
Төртінші қадам — 2020 жылғы 16 наурыз бен 16 маусым аралығында уақтылы өтелмеген төлемдер бойынша айыппұл және өсімпұл қосылмайды. Осы үш ай ішінде негізгі қарыз бен сыйақыны өзіңізге ыңғайлы уақытта ыңғайлы күні толық өтесеңіз, төлемдерді кейінге шегеру туралы өтініш бермей-ақ, қолайлы несие өтеу кестесін таңдап, айдың кез келген күнінде қарызды өтей аласыз. Мұны үйден шықпай-ақ онлайн жасауға болады.
Бесінші қадам — 2020 жылғы 30 наурыздан бастап карантин аяқталғанша Қазақстан аумағындағы БАРЛЫҚ ФИЛИАЛДА Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттерге қызмет көрсетудің жаңа нұсқасына өтеді. Бөлімшелерде несие өтініштерін қабылдау, посткредит және постдепозит операциялары уақытша тоқтатылады. Бұл кезде банкке келу арқылы тек екі операцияны қолдана аласыз: депозитті бөлу/тоқтату арқылы ақшаңызды алу, сондай-ақ заемның бір бөлігін жабу немесе оны толықтай өтеу. Бұл операцияларды пайдалану үшін банк сайтындағы онлайн-брондау арқылы алдын-ала жазылу керек. Басқа жағдайларда коронавирусты таратпау мақсатында сізге қызмет көрсетілмейді. Алтыншы қадам — нотариустардың жұмысына тыйым салынбаса, 27 наурыз күні кешкі 18.00-ге дейін берілген және мақұлданған барлық несие өтініші клиентті телефонмен жеке хабарласып шақыру арқылы берілетін болады. Қазір 1000-ға жуық несие өтініші қарастырылып жатыр. Карантин аяқталғанша сатып алу-сату мәмілесін жасаспаған дұрыс, алайда ауырып қалу қатерінен де жоғары тұрған дүниелер болса, несие өтініші қарастырылып, соңына дейін жүргізіледі.
Жетінші қадам — несие өтеу және депозит толықтыру үшін қаладағы карантин режимінде ашық тұрған орындарда орналасқан төлем терминалдарын қолдануыңызға болады. Алайда сауда-ойын орталығы мен базар іздеп, қалада жүрмей, төлемді ЖССБ 24 интернет-банкингі арқылы жүргізуге шақырамыз. Мұнда сіз кез келген банктің төлем картасын қолдана аласыз.
«Сіз үйде қалады деген үмітпен біз банкте жұмыс істеп жатырмыз.
Байланыстың бәрін мүмкіндігінше онлайн режимде жүргіземіз және сізден клиенттерге арналған осы 7 қадамды қолдауды сұраймыз. Дәл қазіргі уақытта, дәл қазіргі жағдайда әлемдегі ең қауіпсіз орын – баспанамыз екенін ұмытпайық. Үйде отырайық», — дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Мейрамгүл Рахатқызы